Тұрысбек: Молдовамен өтетін ойынға дайындық қызу жүріп жатыр

Тұрысбек: Молдовамен өтетін ойынға дайындық қызу жүріп жатыр
news-banner7
mobile-news-top
Қазақстан Ұлттық құрамасы мен қостанайлық «Тобылдың» шабуылшысы Бауыржан Тұрысбек Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметінің сауалдарына жауап берді:

- Бауыржан, «Тобыл» футбол клубымен екі оқу-жаттығу жиынына қатыстыңыз. Жаңа маусымға дайындық қалай жүріп жатыр?

- Өткен маусымды қола жүлдемен аяқтадық. Сол нәтижені алдағы маусымда сақтап қалу маңызды. Жаңа маусымға биік мақсаттар алға қойылып отыр.

- Қазақстан Ұлттық құрамасының жаңа бас бапкері Михал Билектің жетекшілігімен оқу-жаттығу жиыны басталды. Сол туралы айтып өтсеңіз?

- Ұлттық құраманың жаңа бас бапкері Михал Билек білікті маман. Чехия құрамасымен 2012 жылғы Еуропа Чемпионатының ширек финалына дейін жеткен болатын. Атақты футболшылармен жұмыс істеу тәжірибесі бар. Молдовамен өтетін ойынға дайындық қызу жүріп жатыр.

- Қарсылас туралы пікіріңізді тыңдап өтсек...

- Ресми ойын емес. Сол себепті екі жақ та тәжірибелі құраммен алаңға шығуы мүмкін. Ұлттық құраманың қатарында бірқатар жаңа футболшылар бар. Жиынға шақырылған футболшылар өз мүмкіндіктерін дәлелдеуі тиіс. Әрқашан маусымды жеңіспен бастауды қалаймыз.

- Қазақстан Чемпионатының басталуына да санаулы күндер қалды. Суперкубок үшін «Астана» мен «Қайрат» таласқа түседі. Әрі қарай чемпионаттың екі туры өтеді. Содан соң 2020 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңінің ресми матчтары күтіп тұр. Бұл туралы не айта аласыз?

- Маусымның алғашқы екі ойынын өз алаңымызда өткіземіз. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің арқасында «Тобыл» футбол клубының инфрақұрылым жақсарылды. «Тобыл» осы уақытқа дейін маусымды еліміздің оңтүстік өңірінде бастап келді. Ал, қазіргі уақытта Қостанайда ойындарды қабылдауға мүмкіндік туды. 2020 жылғы Еуропа Чемпионатының ойындары да маңызды. Бапкерлер наурыз айында өтетін ресми ойындарға кімдерді шақыратыны кейін белгілі болады.

- 2020 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңінде Шотландия және Ресей құрамаларын қабылдаймыз. Қарсыластар туралы не ойлайсыз?

- Іріктеу кезеңінің ойындары алғаш рет қысқа мерзім ішінде өтпек. Бір жылдың ішінде бес рет жиналып, екі ойыннан өткіземіз. Алғашқы ойындардағы қарсыластың деңгейі жоғары. Шотландия құрамасының ойыншылары Еуропаның жетекші чемпионаттарында ойнайды. Ресей соңғы Әлем Чемпионатының ширек финалына шыққан команда. Осы ойындарда жанкүйерлердің стадиондарды толтырғанын қалаймыз.

Түпнұсқасы: kff.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер