Теннис

Қазақстандық теннисшілердің Дубай турниріндегі қарсыластары белгілі

news-banner7
mobile-news-top

Қазақстандық теннисшілердің Дубай турниріндегі қарсыластары белгілі болды, деп хабарлайды Prosports.kz cайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Катардағы Доха турнирінен кейін іле-шала өтетін бұл жарыстың бәсі одан еш кем емес, тіпті жоғары деуге болады. Екеуі де санатындағы WTA-ның бірінші санаттағы турнирі болып есептеледі.

Өйткені Дохадағы жүлде қоры 916 131 АҚШ доллары болса, Дубайда одан біршама көп. 2 млн 527,250 мың АҚШ долларына бағаланып отыр.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 43-ракеткасы Юлия Путинцева бірінші айналымда Украина елінің өкілі, рейтингте 24-сатыдағы Леся Цуренкомен шеберлік байқасады. Ю.Путинцева Доха турниріне қатыспаса, Л.Цуренко екінші айналымда әлемнің 3-ракеткасы, румыниялық Симона Халепке есе жіберді. Ю.Путинцева екінші айналымға өтсе, онда әлемнің 21-ракеткасы, бельгиялық Элиза Мертенс немесе қытайлық, іріктеу сайысында жолы болған рейтингте 108-сатыдағы Линь Чжудің бірімен кортқа шығады. Дохада сенбі күні мәреге жеткен финалда дүниежүзілік рейтингте соңғы жылдары көш бастап, тек Аустралия ашық чемпионатынан кейін үшінші орынға сырғып кеткен С.Халептің өзін тізе бүктірген Э.Мертенс өз спорттық жолындағы ең ірі жеңісіне қол жеткізді. Енді ол Дубайда да аянып қалмасы анық.

Әлемдік рейтингте 96-орында тұрған тағы бір қазақстандық Зарина Дияс Дубай турниріне іріктеу сайыстары жеңімпаздарының бірі ретінде қосылып отыр. Зарина алғашқы кездесуін рейтингте өзінен он саты жоғары тұрған, словениялық Далила Якуповичпен күш сынасады. Ол іріктеу сайысының финалында америкалық Дженнифер Брэдиден жеңіліп қалғанымен, негізгі турнирге арнайы шақырту алды.

З.Дияс Д.Якуповичті ұтса, онда екінші айналымда әлемнің 6-ракеткасы, германиялық Анжелика Кербермен күш сынасады. А.Кербер Доха турнирінің жартылай финалынан кері қайтты.

24 ақпанда мәреге жететін Дубай турниріне әлемнің 1 және 2-ракеткалары, жапониялық Наоми Осака, чехиялық Петра Квитова бастаған мықты теннисшілер қатысып, бақ сынайды. Олардың арасында 2018 жылғы осы турнирдің жеңімпазы, украиналық, әлемнің 7-ракеткасы, Дохада С.Халептен аса тартысты матчта ұтылып, финалға шыға алмаған Элина Свитолина да бар.

Сонымен қатар ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 53-ракеткасы Михаил Кукушкиннің Марсель (Франция, жүлде қоры - 668 485 еуро) турниріндегі қарсыласы анықталды. Ол бірінші айналымда рейтингте өзінен он саты төмен тұрған америкалық Денис Кудланың шамасын байқап көреді. Оны ұтқан жағдайда әлемнің 25-ракеткасы, канадалық Денис Шаповаловпен жолы тоқайласады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер