Грек-рим күресі

Нұрым Дүйсенов: Қытайда өтетін Азия чемпионаты күтіп тұр

news-banner7
mobile-news-top

Шымкентте күрес түрлерінен Қазақстанның 5-ші Жазғы Спартакиадасы аяқталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер есімі толығымен белгілі болды. Грек-рим күресінен Қазақстан командасының бас бапкері Нұрым Дүйсенов ҰОК баспасөз қызметіне сұхбат беріп, биылғы ел чемпионатын қорытындылаған болатын.

- Қазақстан Спартакиадасына барлық облыстар мен балуандар жақсы дайындықпен келген. Жеңісті қолдан берген ешкім жоқ. Алайда, топтан озып, мыңнан дара шыққандар арасында айтарлықтай жаңа есімдер жоқ. Чемпион атанған балуандардың басым көпшілігі жанкүйерге жақсы таныс спортшылар. Әрине, жастар командасынан ересектер қатарына ауысып келгендер көп. Олардың ішінен ешкімді бөліп-жарғым келмейді.

Облыстарға тоқталар болсам, түркістандықтардың дайындығы көңілден шықты. Түркістан, Қостанай, Алматы, Атырау облысының балуандары жақсы қырынан танылғанын айту керек. Алматы қаласы да өз биігінен түспеуге тырысты.

Жанкүйерлер қауымының 67 келідегі Мейіржан Шермаханбет пен Алмат Кебіспаев кездесуін асыға күткені рас. Дегенмен, бұл жерде сіз бен біздің қолымызда тұрған ештеңе жоқ. Алмат іріктеу кезеңдерінде иығын жарақаттап алды. Финалға жарақатпен шығудың опа бермесі анық. Дәрігерлермен кеңесе отырып, Кебіспаев ақтық сында күреспейді деп шештік. Оның жарақатын одан әрі асқындырғымыз келмеді.

Сол сияқты, әлем чемпионатының жүлдегері Айдос Сұлтанғали да жарақатына байланысты кілемге шыққан жоқ. Ал ұлттық құрамадағы әккі балуандардың бірі, аса ауыр салмақтағы Нұрмахан Тінәлиев жарақатынан толығымен айығу үшін Спартакиадаға қатысудан бас тартты.

Енді ұлттық құрама спортшылары наурыз айында Болгарияда өтетін халықаралық турнирге дайындықты бастайды. Содан соң, сәуірде Қытайда өтетін Азия чемпионаты күтіп тұр. Сол сындарда жанкүйерді жерге қаратпауға тырысамыз, - дейді ұлттық құраманың бас бапкері Нұрым Дүйсенов.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер