русский язык
Футбол

Андрей Сидельников: «Бұл жүлдені өмір бойы мақтан тұтам»

Андрей Сидельников: «Бұл жүлдені өмір бойы мақтан тұтам»

«PROСПОРТ» сайтының нұсқасы бойынша ҚПЛ-дың былтырғы маусымдағы үздік ойыншысы, «Ақтөбе» мен Қазақстан құрамасының қақпашысы Андрей Сидельников біздің тілшімізге сұхбат берді.

– Андрей, «үздік» атанғанда қуандыңыз ба?

– Шынымды айтсам, таң қалдым. Саша Гейнрих қақпашының мұндай атаққа ие болуына тіптен аң-таң (күледі).

– Сіз үшін ең сәтті маусым деп былтырғыны айта аласыз ба?

– Мүмкін. 2008-2009-шы жылғы маусым да жақсы өткен.

– Демалысты қалай өткіздіңіз?

– Отбасымен бірге Мәскеуде, Тайландта болдық.

– Статистикаға сүйенсек, сіз ел чемпионатындағы қақпашылардан әлдеқайда озып тұрсыз...

– Меніңше, аз гол жіберген үшін «үздік» атағын беру дұрыс емес. Себебі,  ол команданың мықтылығына байланысты. Матчтағы сэйвтерді санасақ дұрыс болар еді. Өзімді бұл көрсеткіштен мықтымын деп айта алмаймын. Былтырғы маусымның бастапқы бес турында менің қақпама мүлдем соққы жасалмады. Бұл тұрғыда қорғаныстың рөлі де аса маңызды.  

– Сіз барда  «Ақтөбенің» қалған қақпашылары үшін негізгі құрамға іліну қиын шығар...

– Бұл қақпашылардың ескі заңы. Мен де бірнеше жыл бойы қосалқы құрамда отырдым.

– Ал сізге қай қақпашылардың өнері ұнайды?

– Чех, Буффон, Касильяс, Вальдес, Лопес, Лено және Нойердің ойындары ұнайды.

–Ел біріншілігіндегі соңғы матч өте қызық болды...

– Сол кездесу біз үшін сәтті аяқталғанына қатты қуанамын.

–Жеңісті қалай тойладыңыз?

– Керемет тойладық! Жанкүйерге толы болған «Қобыланды Батыр» стадионында чемпиондықты тойлау – қайталанбас сезім!

– Өткен жылы көптеген кездесуге қатыстыңыз: Ұлттық құрама, ел біріншілігі, Еуропа Лигасы – қайсысында қиындау болды?

– Ең қиын ойындар – Ұлттық құрама сапында.

–Жақында Қайрат Нұрдәулетов «чемпиондық матч» ойнатылғанда «Астана» «Ақтөбені» «жыртатын еді» деп айтып қалды, сіз қалай ойлайсыз?

– Қайраттан мұндай сөзді күтуге болады, талай рет естідім аузынан. 2012-ші жылы  «Ақтөбе» – «Астана» кездесуі алдында ол тура солай айтқан болатын. Кейін көрдік қой «өнерін», матчтан кейін Бикмаев пен Гейнрих «Мынау шынымен ұлттық құраманың капитана ма?» деп сұрағаны бар емес пе. Менінше, футболшы өз беделін жасыл алаңда көрсету керек. Ал, «чемпиондық матч» өткенде расымен қызықты ойын болушы еді.  

– «Ақтөбе» еурожарыстарда жақсы нәтиже көрсетті, бірақ киевтік «Динамодан» ұтылып қалды. Неліктен деп ойлайсыз?

– «Динамоны» ұтсақ, сәтті өнер көрсетер едік. Ашық ойын көрсеттік бұл ойында және жылдам гол жіберіп алдық. Екінші кездесуге күшіміз жетпеді. Жалпы шамамыз жететін командаларды ұттық.

– «Ақтөбе» жақсы трансферлар жасады. Ренан Брессан, Маркос Пиззелли, Данило Неко секілді мықты ойыншылар команданы күшейте түспек. Чемпиондар лигасына шығу мақсатында шақырылды ма бұл ойыншылар?

– Команда жыл сайын өз алдына үлкен мақсаттар қояды. Яғни сол мақсаттарға сәйкес, ойыншылар шақырылады. Жаңадан қосылған футболшыларға сәттілік тілеймін.

– «Шахтер» Еуропа лигасына шыққанда қуандыңыз ба, әлде қызғандыңыз ба?

– «Ақтөбе» бірнеше жыл қатарынан ЧЛ мен ЕЛ топтық кезеңіне шығуға жақын болды, дегенмен бұл арманды іске асырған «Шахтер». Әріптестерімді құттықтаймын. Мықты қорғаныс, ойыншылардың жігері мен стандартты орындаулары тамаша.

– Алдағы маусым аса тартысты болайын деп тұр, фавориттер кімдер?

– Менінше, бірінші алтылықта болған командалар.

– Өткен іріктеу кезеңіндегі Қазақстанның ойыны туралы не айта аласыз? Сондай-ақ, Еуро-2016 тақырыбын қозғасақ...

– Әрине, бұдан жақсы ойнасақ көбірек ұпай жинайтын едік. Мүмкіндігіміз бар, барлығы жеребеге байланысты.

– Біздің ұлттық құрамамызға не жетіспейді?

– Ынтымақ, бірлік жетіспейді.

– Голпикерге ауыр жүк артылатыны мәлім. Қақпада тұрғанда артыңдағы жанкүйерлерден сөз естіеген жағдай да болған шығар... «Апатияға» ұшырап көрдіңіз бе?

– Егерде «апатия» пайда бола бастаса, футболды тастау керек. Менде ондай болған жоқ (күледі).

Мәскеулік «Спартактың» түлегісіз, биыл олар чемпион атануға жақын. Қалай ойлайсыз, қолдарынан келеді ме?

– Ресей чемпионатында маусымаралық үзіліс ұзақ. Мүмкіндіктері жақсы. Бірінші айналымдағындай жақсы ойнаса, біріншілікте жеңе алады.

Футболдық мансабынызды аяқтаған соң, немен айналысасыз?

– Уақыт көрсетеді.

– Ұлттық құрама сапында былтыр көңіл-күй қандай болды?

– Нәтижеден басқа бәрі жақсы.

– Беранектің кеткеніне таң қалдыңыз ба?

– Жоқ. Ұпай аз жинап, көп ұтылдық. Сол себепті таң қалмадым.

– Жалпы оның қызметіне көңілініз толды ма?

– Мирослав және оның көмекшілері үлкен жұмыс атқарды, өкініштісі – нәтиже болмады.

Біздің құрамамызға қандай бапкер керек?

– Бізге қолда бар ойыншыдан жақсы команда жасақтап шығатын мықты бапкер керек. Допты «дөйдала» тебе бермей өзімізге тән стиль құрастыруымыз керек.

– Еуропа лигасында «Бейдраблике» қарсы кездесуде сіз төрт бірдей пенальтиді қайтардыңыз, өміріңіздегі ең ұмытылмас матч болар? Кездесуден кейін әріптестеріңіз не деп айтты?

– Пенальти сериясына алдын-ала дайындалғам. Психологияның маңызы зор. Қақпашының мүмкіндігі доп тебетіндікінен азырақ. Дегенменде, Исландияда бәрі мен үшін сәтті аяқталды. Әріптестерім, мен, клуб басшылығы - бәріміз қуанышты болдық. Ал кім не айтқаны есімде жоқ. 

– Алдағы маусым аяқталған соң, ел біріншілігі «күз-көктем» жүйесіне ауысады, сіз қалай ойлайсыз біздің чемпионат дайын ба мұндай өзгеріске?

– Бұл бір бөлек әңгіме. Өйткені өзім ондай жүйемен ойнаған емеспін. Қазіргі таңда, тек қана «Астана-Арена» кездесулерді қыста қабылдауға дайын. Қалған алаңдар ондай емес. Уақыты келеді, сол кезде көрерміз.

– Алдағы уақытқа қойған мақсаттарыңыз туралы айта кетсеңіз?

– Отбасымен жиі көріскім келеді. Бір деңгейде тұрып қалмай қақпашылық шеберлігімді арттыруды көздеймін. Чемпиондық атақты қорғау да жоспарда бар. Суперкубок, Қазақстан кубогы, ЧЛ және ЕЛ-да сәтті өнер көрсетуді армандаймын. Ұлттық құраманың жанкүйерлерін жеңістермен қуантқым келеді. Сонымен қатар ағылшын тілін жақсы меңгеріп алуды жөн санаймын.

– ӘЧ-на іріктеу кезеңнің барлық матчтары Астананың жасанды алаңында өтті. Солай болып қалу керек пе?

– Жасаңды алаң маған кедергі келтірмейді, бірақ көп ойыншыларға онда ойнаған ұнамайды (жарақат алуға байланысты). Қазақстанның барлық аймағында ойнасақ жақсы болар еді, бірақ лицензия алған стадиондар саусақ саңарлық.

– Еуропаның қай чемпионатын тамашалайсыз?

– Қолым тигенде ғана футбол көрем, ал негізінде ұнататын командам жоқ. Отыз күн демалыста бірде-бір ойын көрген жоқпын. Футболдан демалдым (күледі).

Алдағы Әлем чемпионатын кім ұтады деп ойлайсыз?

–Германия мықты. Немістерге жанкүйер болам.

– Чемпионатымыздағы көп командалар ойыншылармен біржылдық келісімшарт жасайды. Қалай ойлайсыз, бұл дұрыс па?

– Бұл сұрақ клубтың президенттері мен директорларына қойылу керек, менінше. Ол ойыншылардың өздеріне де байланысты болуы мүмкін.

– Бір жыл ішінде көп матчқа қатыстыңыз, шаршаған жоқсыз ба?

– Жоқ, футбол – менің өмірім!

– Біздің сауалнамамызда Петр Бадлодан озып кеттіңіз. Жуған жоқсыз ба әлі?

– Сыйлықты алған бетте,  командамен тойлаймын. Үлкен торт сатып алып алдымен Петрге жегіземін (күледі).

– ҚПЛ-дың қорытындысы бойынша кімді тағы атап кетуге болады?

– «Шахтердің» жеңістерін атап өткен дұрыс.

– Біздің сыйымызға ризасыз ба?

– Мен үшін бұл жағымды жаңалық болды, өте ризамын. Рахмет! Бұл жүлдені өмір бойы мақтан тұтам.

 

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;