русский язык

Юрий Красножанның жоспары

Юрий Красножанның жоспары

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып ресейлік маман Юрий Анатольевич Красножан тағайындалды. Жұма күні Астанада өткен баспасөз жиынында Қазақстан футбол федерациясы бас бапкерді таныстырды. Ресейлік маманмен «2+2» жүйесі бойынша келісімшарт жасалды. Юрий Красножан журналистерге жоспары, жұмысы туралы айтып берді.

– Құрама тізгінін сеніп тапсыруы – мен үшін үлкен құрмет. Оған қоса, үлкен міндет жүктейді.

– Алдымызда ұзақ жол бар екені айтпаса да түсінікті. Мен бір күнге келгенім жоқ. Мұнда келуімнің бірнеше себебі бар. Біз бұрыннан бері жақсы таныспыз, бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Қазақстандағы футболды дамытуға арналған 2012-2022 жылға арналған жоспарын көріп шықтым. Бағдарлама мені шабыттандырды. Сондай-ақ, Қазақстанның Еуразия аймағындағы көшбасшы ел екендігі де әсер етті. Алда қызықты жұмыс күтіп тұр. Жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттенемін.

– Даму жоспарын бірнеше бағытқа бөлдік. Біріншісі – спорттық бағыт. Яғни, ұлттық құрамаға үміткер футболшыларды іріктеуді ретке келтіру. Тактикалық тұрғыдан әртүрлі нұсқаларға мән беру және құраманың болмысын анықтап алу керек. Бұрын лайықты ойын көрсету маңызды болса, енді лайықты жеңіске қол жеткізуді жоспарлаған жөн.

Медициналық бағыт – ұлттық құрама үшін өзекті. Құраманы әзірлеуге берілетін 3-4 күннің ішінде футболшының функциональді дайындық деңгейін анықтау маңызды. Сол арқылы ойыншының денсаулығына дәрі-дәрмек арқылы көмектесу қажет.

Келесісі – ұйымдастыру. Бірінші орында тәртіп, реттілік, ұйымдастырушылық болуы керек. Футболшыдан нәтиже күту үшін жағдай жасауымыз қажет.

Төртінші бағыт баспасөзбен тығыз қарым-қатынас ұстау. Бұл – ұлттық құрама. Сондықтан, барлық ақпарат жария болуы тиіс.

Өте маңызды бағыттың бірі – федерацияның ғылыми басқармасын ашу. Сол арқылы құрамаға үміткер футболшылар, қарсылас команда туралы ақпарат алып отырамыз.

– Алдағы бір айдағы жоспарым анықталып қойды. Алматыдағы ұлттық құраманың базасымен танысамын. Содан кейін Түркияға сапарға шығамын. Клубтардың көбі сол жақта жаттығуда жүр. Ойынмен танысу арқылы құрамаға футболшыны лайықты іріктейміз. Одан соң Еуро-2016 жеребесін тастау рәсіміне барамыз. Сосын қайтадан Түркиядағы жаттығу жиынына соғамын.

–  Бұған дейін іріктеу кезеңінде өнер көрсеткен 35 футболшы ұлттық құрамаға енуден үміткер. Кейінірек құрама мүшелері бапкерлермен ақылдасып, статистикаға қарап, футболшының өзімен сөйлесу арқылы анықталады. Жасқа, ұлтқа шектеу қойылмайды. Кім өз позициясында бәсекелестікте жеңіске жетсе, сол ұлттық құрамаға шақыртылады.

– «Астана» клубымен ешқандай келісімшартқа қол қойғаным жоқ. Қазіргі таңдағы жұмыс ауқымын ескерсек, бұл мүмкін емес.

– Базалық клуб қалыптастыру менің қалауыма байланысты емес. Әр клубтың жеке жағдайы бар. Кез келген бапкер базалық клубтың болғанына қарсылық танытпайды.

– Бұрынғы жұмыс істеген командалардан футболшы шақырамын деп ойламаймын. Жалпы басқа елдің азаматтығын алып, сол мемлекеттің атынан сынға түсуге қарсы емеспін. Алайда, футболшыны не үшін шақыратыныңды дұрыс түсіну керек. Біреуге азаматтық алып беру арқылы сол орынға жергілікті ойыншыны әзірлеуге уақыт ұтасың. Дайындамасаң – ұтыласың.

– Мен жоғары жалақы алатын бапкер емеспін.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ

aynaline.kz сайтынан

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;