русский язык

Сәлем саған, Сочи!

Сәлем саған, Сочи!

Бүгін Қара теңіз жағалауында орналасқан әсем шаһарда ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарының алауы тұтанады. 


Әлемнің әр түкпірінен жиналған көптеген мемлекеттің ең үздік спортшылары 17 күн бойы сайысқа түсіп, төртжылдықтың басты додасында жеңіс тұғырына көтерілу үшін барын салады. Осы жарыс барысында спорттың 15 түрі бойынша 98 медальдар жиынтығы иесін таппақ. 

Жарыс қарсаңында көптеген БАҚ өкілдері түрлі жорамал айтып, «Осы бәсекеде кімнің бағы жануы мүмкін?» деген сауал төңірегінде сан мәрте әңгіме қозғады. Бұл іске майталман мамандар мен білікті бапкерлерден бастап, қатардағы қарапайым көрермендерге дейін араласты. Соның барлығын ой елегінен өткізіп, ақыл таразысына салғаннан кейін мынадай тоқтамға келдік. Көпшіліктің пайымдауынша, Сочи Олимпиадасының жалпы командалық есебінде бас жүлде үшін таласа алатын бес мемлекет бар. Олар – Норвегия, АҚШ, Ресей, Германия және Канада. 

Расында да бұл мемлекеттердің барлығының да жеңіспен өрілген дәстүрі бар. Олар қысқы спорт түрлеріне ерекше ден қойған. Сол мемлекеттің өрендері әр жылдары командалық сайыстың көш басында жүрді. Алысқа бармай-ақ, ХХІ ғасырдан бергі кезеңді мысалға алайық. 2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде осы командалардың барлығы да үздік бестіктің қатарына енді. АҚШ-та өткен жарыста Норвегия шашасына шаң жұқтырмады. Скандинавия түбегінің түлектері 13 алтын, 5 күміс және 7 қола медальді қоржынға салды. 12 алтын, 16 күміс және 8 қола жиған Германия екінші орынға жайғасса, жарыс қожайындары үшінші тұғырға тұрақтады. 

Америкалықтардың еншісінде – 10 алтын, 13 күміс және 11 қола. Төртінші және бесінші орындарды Канада мен Ресей иеленді. 

2006 жылы Италияның Турнин қаласында тұсауы кесілген додада жоғарыда аталған мемлекеттердің төртеуі үздіктер санатына қосылды. Бұл жолы Германия құрамасы оза шапты. Немістер 11 алтын, 12 күміс және 6 қоланы олжалады. АҚШ командасы олардан екі алтын кем алды. Ресей мен Канада төртінші және бесінші сатыға табан тіреді. Туринде үздік үштіктің қатарына Австрия құрамасы қосылса, Норвегия 13 орынға сырғып түсті. Олар 19 медаль олжалағанымен, небары екі рет қана жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. 

2010 жылы Ванкуверде Канада қарсылас шыдатпады. Жарыс қожайындары 14 алтын, 7 күміс және 5 қола медальмен көш бастаса, екінші орынды иемденген немістер Үйеңкі жапырақтылар елі өкілдерінен төрт алтын кем жиды. АҚШ пен Норвегия мәреге бірдей жетті. Олар 9 бас жүлдеден олжалады. Ресей құрамасы болса, Ванкуверде тым сүреңсіз өнер көрсетіп, орынға тұрақтады. Олар небары 3 алтын, 5 күміс және 7 қола еншіледі. 

Қазір бұл оқиғалардың барлығы да тарих қойнауына кетті. Төрт жылдың ішінде біраз нәрсе өзгерді. Десек те, соңғы жылдардағы аса ірі халықаралық жарыстардың нәтижелеріне көз жүгіртсек, жоғарыда аталған мемлекеттердің барлығының да қарқыны әлі де күшті екенін аңғарамыз. Олардан бөлек, Швеция мен Швейцария, Австрия мен Голландия сынды командалар бар. Азияның алпауыттары да алақандарын ысқылап отыр. 

Соңғы жылдары Оңтүстік Корея құрамасы жақсы келеді. 2006 жылы Туринде олар 6 алтын, 3 күміс және 2 қола медальмен жалпы есепте 7 орынға жайғасса, 2010 жылы Ванкуверде 6 алтын, 6 күміс және 2 қола медальмен 5 сатыға көтерілді. Канададағы дода Қытай құрамасы да «асау мінез» көрсетіп, «айға шапқан» болатын. 

Аспанасты елінің спортшылары аталмыш жарыста 5 алтын, 2 күміс және 4 қоламен командалық сайыста 7 орынды олжалады. Олардың бұл табысына еш таңдануға болмайды. Жазғы спорт түрлері бойынша әлемдегі көшбасшы мемлекеттердің бірі саналатын қытайлар қысқы спортты да мықтап қолға алды. Мәселен, бұрындары Ақ Олимпиададан олардың қоржыны үнемі бос қайтатын. Содан кейін жүлделі орындарға қол жеткізе бастады. 

Жаңа ғасыр табалдырықтан аттағаннан кейін Қытай құрамасы қарқынын күрт күшейтті. 2002 жылы 2 алтын, 2 күміс, 4 қола медальмен 13 орынды иеленді. 2006 жылы 2 алтын, 4 күміс, 5 қоланы қоржынға салып, 14 сатыға жайғасты. 2010 жылы Ванкувердегі ойындардың командалық сайысында 7-орынды олжалады. Бұл жолы Аспанасты елінің өрендері 5 алтын, 2 күміс және 4 қоланы қанжығаға байлады. 
Сол секілді Франция, Чехия, Жапония, Польша, Беларусь, Италия, Украина, Финляндия, Австралия, Хорватия, Балтық жағалауы елдерінің де жекелеген спортшыларының бас жүлде алатындай дәрежесі бар. 

Қазақстан үшін Сочи Олимпиадасы табысты болуға тиіс. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін қысқы спорт түрлерінің жағдайы аса мәз болмағанын жақсы білеміз. Даңқты шаңғышы Владимир Смирнов пен конькиші Людмила Прокашева үлкен спорттан қол үзгеннен кейін бірер жыл сол саңлақтардың жеңісті жолын жалғастыратын ізбасарлар табылмады. Соның салдарынан 2002 және 2006 жылдардағы Ақ Олимпиададан еңсеміз түсіп қайтты. 2010 жылы биатлоншы Елена Хрусталева күміс медальді мойнына іліп, қазақстандық жанкүйерлерге қуаныш пен шаттық сыйлады. 

Қазіргі кезде Қазақстанның қысқы спорт түрлері өкілдерінің тынысы қайта ашылғандай. Бүгінгі таңда төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан жарыста жүлде алуға жарайтын бірнеше өреніміз бар. Шаңғышы Алексей Полторанин былтырғы әлем чемпионатында қос қола медальді иеленді. Әуелде жекелеген сайыста дараланса, іле-шала Николай Чеботькомен бірге үшінші орынды иемденді. Мәнерлеп сырғанаушылар бәсекесінде Денис Тенге сенім артамыз. Өткен жылғы дүниежүзілік додада күміс алған жас дарын Сочиде жасындай жарқырайды деп үміттенеміз. Сондай-ақ 2013 жылы әлем чемпионы атанған Денис Кузин де сол табысының кездейсоқ еместігіне көпшіліктің көзін жеткізеді деп ойлаймыз.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;