Қысқы

Элизабет Тұрсынбаева маусым соңына дейін ірі үш жарыста бақ сынайды

Элизабет Тұрсынбаева маусым соңына дейін ірі үш жарыста бақ сынайды
news-banner7
mobile-news-top

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева бұл күндері Ресейде жаттығуда. Танымал бапкер Этери Тутберидзеден тәлім алатын Элизабеттің жаңа жылдағы ең алғашқы жарысы – Төрт құрлық турнирі болмақ. Olympic.kz сайтына сұхбат берген спортшының әкесі Байтақ Тұрсынбаев Элизабеттің алдындағы басты міндеттерді атап, ресейлік үздіктермен бір топ жаттығудың артықшылықтарын түсіндірді.

- 2018 жыл аяқталғанымен, мәнерлеп сырғанаушылар үшін маусым әлі мәресіне жеткен жоқ. Біздің спортшылардың жаңа маусымы қыркүйек айында басталып, наурызда тәмәмдалады.

Жаңа жылда Элизабет қатысатын ең бірінші жарыс – АҚШ-та өтетін төрт құрлық турнирі. Содан соң, наурыз айының басында студенттердің қысқы Универсиадасы алауын жағады. Сол сында ел намысын қорғау Элизабетке тапсырылды.

Ал жылды қорытындылайтын дода – Жапонияда өтетін әлем чемпионаты. Міне, маусым соңына дейін осы үш турнирде жақсы өнер көрсету міндеті тұр алда. Қазір Элизабет Этери Тутберидзе тобында жаттығуда. Дайындық ойдағыдай өтіп жатыр, - дейді Байтақ Тұрсынбаев.

Элизабеттің спорттағы жанашыры әрі қамқоршысы саналатын Байтақ мырзаның айтуынша, Этери Тутберидзеден тәлім алу екінің біріне бұйыра бермейді.

- Өздеріңіз білесіздер, бүгінде мәнерлеп сырғанаудан қыздар арасында Этери Георгиевнаның шәкірттері бәрінен озып тұр. Элизабет Тутберидзенің тобында дайындалатын жалғыз шетелдік спортшы. Қалған спортшылардың барлығы да Ресейден. Көпшілік көкейінде кіл мықтыларды дайындайтын Этери ханым Элизабетке айтарлықтай көңіл бөле ме деген сұрақ бар. Бұған айтар жауабым да дайын.

Біз бапкердің жаттығу үдерісіне араласа алмаймыз. Бастысы, ол танымал бапкердің командасында. Жаттығу барлық спортшыға бірдей, ортақ мұз айдынында өтеді. Элизабет бұдан бес жыл бұрын да Тутберизденің тобында болған. Содан соң, Канадаға, Брайан Орсердің командасына қосылдық. Көптеген факторларды салыстыра келе, араға жылдар салып, Этери ханымның тобына қайта оралдық. Ол кісінің Лизаға деген көзқарасы жаман емес, - дейді Байтақ Тұрсынбаев.

Элизабет Тұрсынбаева алдағы уақытта қиын элементтерді енгізіп, бағдарламаның бағасын өсіре түспек. Оның жаттығу кезінде төрт айналымдық секірулерді орындап жүргені де белгілі болды.

- Әрине, Этери Тутберидзенің тобындағы қыздар жаппай төрт айналымдық секірулерді орындайды. Элизабеттен мұндай ерлік қашан күтеміз деушілер де бар. Негізі, Элизабет 2016 жылдан бері жаттығуларда төрттік айналымдарды орындап жүр. Бірақ сол кездегі канадалық бапкер оны бағдарламаға енгізудің ретін таппады да, бұл мәселе кейінгі қала берді. Лиза қазірдің өзінде қиын айналымдардан қашпайды. Тек бағдарламаға қосып, мұндай ауыр элементтерді тұрақты түрде орындауға төселу керек. Бұйырса, біздің спортшыдан мұндай жетістікті де күтеміз, - дейді Тұрсынбаеваның әкесі.

Еске сала кетейік, "Төрт құрлық чемпионаты" 5-10 ақпан аралығында АҚШ-тың Анахайм қаласында өтеді. Әйелдер арасындағы турнирдің былтырғы жеңімпазы - жапониялық Каори Сакомото.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер