Cybersport
Бокс

Рейтинг kz. 2018 жылдың регресске кеткен ТОП-7 боксшысы

Рейтинг kz. 2018 жылдың регресске кеткен ТОП-7 боксшысы
news-banner7
mobile-news-top

2018 жылды қорытындылауды жалғастырамыз. Кеше біз прогресске қол жеткізген ТОП-7 қазақстандық боксшылардың рейтингін түзген болатынбыз. Бүгін ит жылында регрессті бастан кешірген жерлестеріміздің рейтингін жасауды жөн көрдік.

Әлбетте, спорт болған соң жеңіс жүрген жерде жеңілістің де қатар жүретіні белгілі. Бокс әлемінен аздап болса да хабары бар жандар мұны жақсы түсінеді. Сондықтан, рейтинг түзу барысында біз тек шаршы алаңдағы көрсеткіштеріне ғана емес, белсенділіктеріне де назар аудардық.

7-орын. Жақсылық ҚЫРҒЫЗӘЛІ (4-2, 3КО) орта салмақ дәрежесі (72,6 келі)

2018 жылғы жекпе-жектері: 0

2016 жылы кәсіпқой карьерасын сәтсіз бастап, қатарынан екі кездесуде де жеңілген Жақсылық Қырғызәлі былтыр 4 айқас өткізіп, төртеуінде де жеңіске жеткен. Оның үшеуінде қарсыласын нокаутқа жіберген. Ресей, Грузия, Латвияға барып қайтқан. Содан болар, биыл да Головкиннің салмағындағы бұл боксшыдан жеңістер күттік. Бірақ, жерлесіміз шаршы алаңға шыққан да жоқ. Жасы 21-де. Демек, бұл боксшы үшін бәрі алда.

6-орын. Бекман СОЙЛЫБАЕВ (12-0, 4КО), екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесі (59 келі)

2018 жылғы жекпе-жектері: 0

Бекманды бұрыннан ескі жарақаты мазалап жүр. Бірақ, соңғы жекпе-жегіне дейін ешкімге сыр білдірмей келді. Алайда, 2017 жылдың 19 қазанында Лас Вегаста өткен жекпе-жек кезінде жарақатын қатты асқындырып алды. Содан промоутері де боксшыға демалыс беруді жөн көріп, бүгінде Сойлыбаев уақытын Алматыда толыққанды ем-домға арнап жүр. Шаршы алаңға келесі жылдың ортасында ғана шығуы мүмкін. Дегенмен, биылғы маусымды WBC International чемпионы өз активіне жаза алмайтыны сөзсіз. Әлбетте, бұл да бір Жаратқанның сынағы шығар. Алдағы уақытта жерлесіміз жекпе-жектерге бұрынғысынан да мықты болып оралады деген сенімдеміз.

5-орын. Руслан МАДИЕВ (12-1, 5КО) Бірінші жартылай орта салмақ дәрежесі (63,5 келі)

2018 жылғы жекпе-жектері: 3-1, 1КО

26 жастағы Руслан Мадиев үшін 2018 жыл өте сәтті басталды. GGG promotions компаниясымен келісімшартқа отырып, Абель Санчестің қарамағында Головкинмен бірге жаттықты. Наурыз және мамыр айларында өткен алғашқы айқастарын сәтті аяқтап, WBC International Silver чемпиондық белбеуіне таласуға мүмкіндік алды. Алайда, қыркүйектің 13-і күні Лас-Вегаста өткен жекпе-жек жерлесіміз үшін өте сәтсіз болды. Мексикалық Пабло Сесар Каномен жұдырықтасқан. Қарсыласының қабағы жарылуына байланысты жекпе-жек 5-ші раундта аяқталды. Ал бұл кезде төрешілердің хаттамасында мексикалық боксшы алда тұрғандықтан Мадиевке техникалық жеңіліс жазылды. Айтпақшы, сол Пабло Сесар Кано қаңтардың 13-інде Хорхе Линареспен төбелеседі.

4-орын. Александр ЖУРАВСКИЙ (13-5, 11КО) Бірінші орта салмақ дәрежесі (69,9 келі)

2018 жылғы жекпе-жектері: 0-2

Журавскийдің бір жақсы қасиеті – ешкімнен қорықпайды. Алдына кім келсе де, сонымен төбелесуге дайын. Дегенмен, биыл жерлесіміз екі жекпе-жегінде де жеңіліп қалды. Алдымен Малайзияда өзбек Жасур Ахмаджоновтан ұтылса, одан кейін Францияда жергілікті Мохамед Рабиден жеңілді. Бәлкім, бұл кәсіпқой карьерасының да соңына жете бастағандығының белгісі шығар. Қанша дегенмен, 34-ке жақындап қалды.

3-орын. Қанат ИСЛАМ (25-0, 20КО) Бірінші орта салмақ дәрежесі (69,9 келі)

2018 жылғы жекпе-жектері: 0

Қанат Исламның деградациясы жайлы былтырлары да кейбір мамандар айта бастаған. Дегенмен, соған қарамастан 2017 жылы Qazaq үш жекпе-жек өткізіп, WBA Inter-Continental және WBO NABO чемпиондық белбеуін жеңіп алды. Содан кейін АҚШ-та тағы айқастар өткізеді деп күтілді. Чемпиондық айқастарға жол ашылды. Мэнни Пакьяо, Келл Бруктарды «кезекке» тұрғызып қойды. Алайда, мұның барлығы жай ғана PR болып шықты. Қанат сол күйі шаршы алаңға шыққан да жоқ.

2-орын. Геннадий ГОЛОВКИН (38-1-1, 34КО) Орта салмақ дәрежесі (72,6 келі)

2018 жылғы жекпе-жектері: 1-1, 1КО

Геннадий Головкинге сіз бен біздің өкпеміз жоқ шығар. Дегенмен, оның да жасы келді. Triple G 37-ге толады. Ал биыл өміріндегі алғашқы жеңілісіне ұшырады. Соңғысы да, әрі жалғыз жеңілісі де осы болады деп үміттенеміз.

1-орын. Жанқош ТҰРАРОВ (22-0, 15КО) Жартылай орта салмақ дәрежесі (66,7 келі)

2018 жылғы жекпе-жектері: 0

«Қазақ балақайы» атпен танымал Жанқош Тұраров кәсіпқой бокста 22 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Жеті-ақ қарсыласы Жанқоштың ауыр соққысынан құтылып, нокаутқа түспеген. Дегенмен, бұған дейінгі маусымдарда жылына кемінде бір кездесуден өткізіп тұратын жерлесіміз биыл шаршы алаңға шыққан жоқ. Негізі, Жанқоштың регресі туралы 2017 жылдың соңында Виктор Демьяненко да айта бастаған. Ал биыл мамырда боксшы келеңсіз жағдайға түсіп, кейін бұзақылық бабы бойынша ісі сотта қаралды. Бұл енді бөлек әңгіме.

Түпнұсқасы: diamondring.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер