Дидар Хамза: Елiме ризамын
Қазақстанның және әлемнің спорт жаңалықтарына жазылыңызДзюдо біздің елдегі жанкүйерлерге сүйкімі мол санаулы спорттың бірі. Бәсекелестік те өте жоғары деңгейде. Жалпы, бұл спортта мықты екеніңді ұзақ уақыт бойы дәлелдеп тұру оңайға соқпайды. Шебер деген дзюдошының өзі кез келген белдесуде жеңіліп қалуы мүмкін. Спорттың ережесі, ұпай еншілеу талаптары, қолданатын әдіс-тәсіл соған мүмкіндік береді. Сондықтан бұл спортты серік еткен спортшы өзін үнемі бабында ұстауға тырысады. Соңғы уақытта елімізде талапты, берік, мығым, тактик дзюдошылар шоғыры өсіп келеді. Соның арасынан Дидар Хамзаны бөле-жара айта аламыз. Биылдыққа бірнеше жетістікке қол жеткізген Түркістан өлкесінің тумасымен жыл түгесер тұста тілдесіп көрген едік.
– Дидар, биыл біраз халықаралық жарыстарға қатыстың. 2018 жыл сен үшін сәтті өткен сияқты. Өзіңнің көңілің тола ма?
– Бұл жыл мен үшін сәтті өтті. Жыл басында жеңілістерге тап болсам да, уақыт өте келе қателіктерімді түзеп, нәтижемді жоғарылата алдым. «Басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деген сол шығар.
– Екі бірдей мәртебелі турнирдің алтын медалін еншіледің. Қайсысы саған қиынырақ тиді? Жалпы бірінші орыннан көріну – күтпеген нәтиже ме, әлде күні бұрын көздеген меже ме еді?
– Азия ойындары мен үшін де, ел үшін де өте маңызды жарыс болды. Олимпиада мен Азия ойындары төрт жылда бір рет келетін дүбірлі дода болғандықтан аса тартысты, маңызды жарыс болып саналады. Бүкіл қазақ халқы спортшыларымыздың жолына қарап, олардың тілеуін тілеп отырды. Ол тілеуді біз де сезініп отырдық. Азия ойындарының алтынын олжалау – күтпеген жағдай. Құрлықтық додоға ең бастысы жүлдеге ілінсем екен деген үмітпен барған болатынмын. Бағым жанып, барлық қарсыласымды жеңіп шықтым. Бұл нәтижеде ұлттық құрама бапкерлерінің үлкен еңбегі жатыр. Ол кісілердің үлесі өте зор. – Азия ойындарында дзюдо мектебі өте мықты дамыған елдердің өкілдерін жеңдің.
Белдесу алдында ішкі толқыныс басым болды ма, әлде өзіңе сендің бе? Оларға қарсы тактика қолдану жағын қалай ойластырдың?
– Алдымен Тайпей елінің өкілімен шығып, жеңіске жеттім. Одан соң Моңғолия мен Жапония балуандарынан басым түстім. Финалда ирандық дзюдошыны ұттым. Азия ойындарына жыл бойы дайындалдық. Азия – кішкентай құрлық. Қарсыластардың да санын білетін болғандықтан, кіммен белдесуіміз мүмкін екенін шамалап көрдік. Соған сай дайындық жасалады. Олардың видеоларын қарап, қай жарыста қандай тәсіл жасағанын, қандай әлсіз тұсы бар екенін аңғарып, көңілге түйіп алуға тырысамыз. Әр оқу-жаттығу жиынында жексенбі сайын видео қарауға арнайы уақыт бөлінеді. Сол кезде бапкерлермен бірге отырып көріп, ақылдасып, тактика мәселелерін пысықтаймыз. Бұрын-соңды дайындалудың мұндай тәсілі бізде болмаған еді. Сондықтан жаңа әдіс өз жемісін беріп жатыр. Қарсыластарды қарап, соған сай тиісті сараптама жасап, белдесудің жоспарын түзіп шығамыз. Бізден гөрі бапкерлеріміз көбірек бас қатырып, барлық әдіс-тәсілді қойып береді. Азия ойындарында дайындықтың осы түрі ерекше көмегін берді деп ойлаймын.
– Биылғы жылғы белдесулеріңе ой жүгіртіп отырып, мықты қарсылас ретінде кімді атай аласың?
– Әр қарсыластың өз қиындығы болады. Бірі – оңқай, бірі – солақай, бірі – лақтыруды жөн көрсе, бірі қашып жүріп, ұпай жинауға тырысады. Мен үшін сәтсіз өткен белдесу – Израиль балуанына қарсы шыққан кездесу болды. Ол балуанмен Әбу-Дабиде өткен Grand Slam турнирінде кездесіп, ширек финалда жеңіліп қалып, үшінші орын алған едім. Биылдыққа екі рет ресейлік Хасан Халмурзаевпен күрестім. Ол – Олимпиада ойындарының чемпионы және жүлдегері. Өте тәжірибелі спортшы. Әлем чемпионатында төрешілер кішкене қателікке бой алдырды. Жалпы екі белдесуде де сол балуанды жеңе алмадым. Күшім жетпеген тағы бір спортшы – неміс балуаны. Олармен белдесуде болған жеңіліс маған үлкен сабақ болды. Кеткен қателіктің орнын толтырып, өзімді жетілдіруге жұмыс істеп жатырмын. Талаптансақ, алынбайтын асу жоқ. Сондықтан өз салмағымдағы мықты деген балуандардан әлі-ақ айламды асырамын деп ойлаймын.
– 2016 жылғы Олимпиада ойындарынан кейін 73 келіден 81 келіге ауыстың. Қазіргі салмағыңа толыққанды үйреністің бе?
– Енді-енді ғана осы салмаққа бойым үйренді деп айтсам болады. Бастапқыда өте қиын тиді. Салмақ жеткен жоқ, салмақ төмен болған соң, күш жетпеді. Ауыр салмақ болғандықтан, белдесу, әдіс жасау қиынға соқты. Басқа жоғары салмаққа ауысқан соң масса жинау, күш жинау қажет. 73-ке қарағанда 81-дің күресі – физикалық күрес болады. Шапшаң қимылдау керек, кәдімгідей бәсеңсіп қаласың. Осы факторларды игеру, салмаққа өз әміріңді жүргізу көп уақытты алады.