Грек-рим күресі

Демеу Жадыраев: Бар күшімізді Астанадағы әлем чемпионатына саламыз

news-banner7
mobile-news-top

Грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасы бұл күндері АІВА академиясының базасында жаттығуда. Жылдың қорытынды жиынына команда үздіктері тегіс жиналған. Ал былтырғы әлемдік сынның күміс жүлдегері Демеу Жадыраев Олимпиада қарсаңындағы балуандар дайындығына баға берді.

- Біздің бәрімізде үлкен арман бар. Ол – грек-рим күресінен әлем және Олимпиада чемпионатында топ жарып, Қазақстан атын асқақтату. Әлемдік сындарда ел намысын қорғау бақыты көпшілігімізге бұйырғанымен, алтынға барар жолда әлі де сүрінудеміз. Дегенмен, бізде жеңіс дәстүрі бар. Бізден де әлем, Олимпиада чемпиондары шыққан. Сол себепті, дәстүр жалғасын табады деп ойлаймын.

2019 жылы Астанада өтетін әлем чемпионаты барлық қазақ балуандары үшін үлкен сын болғалы тұр. Жарыс өз жерімізде өтіп қана қоймай, Токио Олимпиадасына лицензия таратады. Аталған бәсекеде командаластарым аянып қалмайды деген ойдамын.

Өзіме келер болсам, менің салмағым Олимпиада бағдарламасына енбейді. Әзірге, салмақ ауыстыру туралы нақты шешім қабылдаған жоқпын. Егер бапкерлерім нұсқау берсе, әлем чемпионатына қарсы олимпиадалық салмаққа өтіп қалармын. Қай салмақта жүрсем де, еліміздің байрағын көтеріп, әлем чемпионатының биік тұғырына көтерілуді армандаймын.

Иә, қазір балуандарға қарата айтылатын сын көп. Біздің бозкілемдегі жетістігіміздің басты өлшемі – алтын жүлде мен чемпиондық атақтың уыстан сырғып кететін кездері көп. Былтыр Париж кілемінде де алтынға бір қадам жақын қалғанда, мүлт кеттім. Енді келесі мүмкіндігімді құр жібермеймін деген мақсат бар.

2018 жыл қазақ балуандары үшін ойдағыдай өтті. Азия чемпионатында күміс иелендім. Азия ойындарына салмағым енбеген соң, сырт қалдым. Әзірге, осыған да шүкірлік етемін. Барлық күш-жігерім мен ынтам келесі жылы Астанада өтетін әлем чемпионатына дайындалуға бағытталған.

Нұрым Дүйсенов ағамыздың ақыл-кеңесімен әлі алысқа шабамыз деген сенімдемін, - дейді Демеу.

Түпнұсқасы: olympic.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер