Грек-рим күресі

Н.Дүйсенов: Грек-рим күресінен команданың 95 пайызы жаңарды

Н.Дүйсенов: Грек-рим күресінен команданың 95 пайызы жаңарды
news-banner7
mobile-news-top

Грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Нұрым Дүйсенов аяқталуына санаулы күн қалған 2018 жылдың нүктесін қойды. Бас бапкер балуандардың Азия ойындарынан не үшін алтынсыз қалғанын түсіндіріп, әлем чемпионатындағы екі қола медальдің бағасы неге қымбат екенін де айтып берді. Olympic.kz бапкердің сұхбатын назарларыңызға ұсынады.

- Нұрым ағай, 2018 жыл Қазақстан спорты үшін жеңісті сәттерге толы болды. Дегенмен, балуандарымыз кезекті рет ірі жарыстарда алтынсыз қалып отыр. Тіпті, боз кілемде алтын бұйырмайтынына жанкүйерлердің де еті үйренген сияқты...

- Биылғы маусым біз үшін өте қиын өтті десем, өтірік емес. Команданы жылдың үш бірдей ірі турнирі күтіп тұрды. Бұл – Азия чемпионаты, Азия ойындары және әлем біріншілігі. Басты мақсатымыз осы додалардан жүлдемен оралу болатын. Кей кездерде асығымыз алшысынан түссе, кейбір сәттерде жеңіс бізге бұйырмады. Тарқатып айтар болсам, Бішкекте өткен Азия біріншілігінен 2 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль иелендік. Бұл сында Алмат Кебіспаев пен Асхат Ділмұхамедов тұғыр биігінен көрінді. Құрлық додасына жақсы баға берерім сөзсіз.

Ал Джакартадағы Азия ойындарына алты балуан апарғанбыз. Соның бесеуі медальмен оралды. Бір қарасаң, бес балуаның медаль алғаны да мәртебе ғой?! Бірақ алтынның орны қашан да бөлек. Финалда күрескен Кебіспаев пен Тінәлиев күмісті қанағат тұтты. Негізі, Нұрмаханның жеңетін жері еді. Үш дүркін Азиада чемпионы атануына да үлкен мүмкіндік туған. Қырсық шалып, омыртқасын жарақаттап алды. Одан бөлек, үш қола жүлдеміз бар.

Шыны керек, Азия ойындарында алтынсыз қалуыма балуандардың жас ерекшелігі де әсер етті. Мәселен, Алмат пен Нұрмаханның жасы отызға келді, Асхат Ділмұхамбетов 31-де. Оларды алып қалып, жастардың жіберейік деген ой да болған. Бірақ төрт жылда бір келетін жарысқа тәжірибелі балуандарды апаруды жөн көрдік.

- Расында, командаға жүлде әперіп жүрген біршама балуанның жасы отыздан асып барады. Құраманы жасарту процесі жүріп жатыр ма?

- Міне, осы мәселені командаға келген бойда көтердім. Спортшыларымыз қанша жерден тәжірибелі болса да, құрамаға жаңа леп, жас буын керек. Қызметіме кіріскен бойда қолға алған ісім командаға жастарды тарту болатын. Бүгінде сол міндетті орындадық деп айта аламын. Өйткені, құраманың 95 пайызы жаңарды.

- Ұлттық құрамадағы бәсекелестік жөнінде не айтасыз?

Қуанышқа қарай, бұл мәселе де реттеліп келеді. Өзіңіз білесіз, бәсекелестік жоғары болмаса, балуанның да, команданың деңгейі өспейді. Олимпиадалық салмақ дәрежелерінде бірнеше балуанның бой көрсеткені қуантады мені. Мәселен, 60-67 келіде бәсекелестік қызып тұр. Кеше ересектер арасындағы әлем чемпионатында қола медаль иеленген Мейіржан Шермахамбет, 23 жасқа дейінгі жастар арасында үздік үштікке енген Айдос Сұлтанғали, былтырғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мейрамбек Айнағұлов бар. 77, 87 келіде де бірнеше талантты балалар өсіп келеді.

- Өзіңіз айтып өткен Мейіржан Шермахамбет Будапешттегі әлем чемпионатында кіл мықтыларды жеңді. Мұндай топтан медаль алудың өзі үлкен жетістік...

- Дұрыс айтасыз. Бұл додаға біз кіл жастарды қосамыз деп шештік. Ойымыз қате болмапты. 67 келдегі Мейіржан Шермахамбет бірінші белдесуінде түріктер алтын алады деп үкілеген балуан Атакан Уксельді, кейін Рио Олимпиадасының чемпионы, кубалық Исмаиль Борреорны, Азиада жеңімпазы, ирандық Резаиді жеңді. Жартылай финалда ресейлік балуаннан екі ұпай айырмашылығымен ғана ұтылды. Бұл жігіттің болашағына сенім зор. 60 келідегі Айдос Сұлтанғали Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, жапондық Синобу Отуды жеңді. Мұның бәрі жігіттерге психологиялық тұрғыдан басымдық беріп, өз күштеріне сенім ұялатқаны анық. Өйткені, бұлар үлкен жарыстардың дуын көрген жоқ. Кіл мықтылар жиналған додаға топ ете түсіп, аса қиын топтан медальмен оралып отыр. Былтырғы әлем чемпионатында Мейрамбек Айнағұлов пен Демеу Жадыраев жүлдегер атанған. Биыл тұғырға мүлде бөлек жігіттер шықты. Тек бір спортшыға иек артпай, бірнеше балуанның әлемдік деңгейде медаль алуға қабілетті болғанын әу бастан жоспарлаған едік.

- Келесі маусым олимпиадалық спорт түрлерінің өкілдеріне оңайға соқпасы анық. Ал сіздерге түсетін жауапкершілік жүгі әлдеқайда ауыр болмақ. Өйткені, лицензиялық әлем чемпионаты тұңғыш рет Астанада өткелі отыр. Бұл сынға дайындық басталып кеткен шығар?

- Әрине, қазір әр балуан мен әр бапкердің ойында Астанадағы әлем чемпионатын абыройымен өткізу мақсаты тұр. Қазақ балуандарының әлемдік сында көптен бері алтын тұғырға шықпағанын білесіздер. Осы олқылықтың орнын өз жерімізде толтырсақ, нұр үстіне нұр емес пе?

Міне, осы арман бәріміздің көкірегімізде тұр. Сол үшін еш демалысқа, мерекеге қарамастан, жаттығуды жалғастырудамыз. Бұл күндері спортшылар үшін жаттығуға өте ыңғайлы АІБА базасында дайындық жүріп жатыр. Ұлттық Олимпиада комитеті іске шындап кіріскелі бері жағдай жақсарып, оқу-жаттығу жиындары ешқандай кедергісіз өтуде. Бар жағдай жасалды, жігіттерге кілемге шығып, жеңу ғана қалды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер