Басқа

Мәдіғали Қарсыбеков: Әлемнің үздігі болуға лайық спортшыларды өсірдім

Мәдіғали Қарсыбеков: Әлемнің үздігі болуға лайық спортшыларды өсірдім
news-banner7
mobile-news-top

Мәдіғали Қарсыбековтің есімімен еліміздегі шорт-трек спортының дамуы тікелей байланысты. Тәжірибелі бапкер Қазақстанда кенжелеп қалған спорт түрін аяққа тұрғызып, талантты спортшылардың томағасын сыпырды. Алматыда алғаш рет өткен әлем кубогінің кезеңінен соң Olympic.kz бас бапкерден кең көлемді сұхбат алған болатын.

- Алматыда әлем кубогінің кезеңін өткізу туралы шешім күзде қабылданды. Мұндай ірі жарыстарды кез-келген елге сеніп тапсыра бермейді. Әрине, ұйымдастыру барысында аздаған қателіктер болды. Десе де, турнир сәтті өтті. Спортшылардың тамақтануы мен жатын орны ешқандай қиындық туғызған жоқ.

Көптеген шетелдік қонақтар мен бапкерлер Медеу мұз айдынын көріп, таң-тамаша болды. Конькишілердің ішінде өмір бойы Медеуді көруді армандағандар да бар екен. Шымбұлақтың кереметін де көрді. Осылардан соң біздің қысқы Олимпиаданы өткізуге мүмкіндігіміз бар екені ойға оралды.

Команданың дайындығы жаман болған жоқ. Осы маусымнан бастап ресейліктермен бірлесе жаттығудамыз. Новогорскіде керемет база бар. Мұның алдында Италияда оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Дегенмен, біздің жаттығуымыздың басым бөлігі Ресейде өтеді. 18-24 күннен соң елге ораламыз. Бұл режим спортшылар үшін қолайлы. Голландиялықтарға қарағанда, ресейліктермен өткен бірлескен жаттығудан үлкен нәтиже күтемін. Әрбір спаррингтен өзімізге керегін аламыз.

Бүгінде Ресеймен жаттығу біз үшін ыңғайлы болып тұр. Алда әлем кубогінің әлі бірнеше кезеңі бар. Содан соң ұпай санау басталады. Сол кезде кімнің әлем чемпионатына қатысатыны да белгілі болмақ. Әлемдік сын наурыз айының ортасында Софияда өтеді.

- Жарыс алдында нақты бір қашықтықтар бойынша талап қойыла ма? Әлде спортшы барлық бағдарламада сәтті өнер көрсетуі керек пе?

- Біздің 500 метрге жүгіретін жігіттеріміз мықты. Әжіғалиев пен Никишаны айтып отырмын. Қыздарымыз эстафетада шыңдалып келеді. Биыл 1000 метрдегі көрсеткіштеріміз де жақсарып қалды. Биылғы маусым кешірек басталды. Сол себепті, әлем кубогінің бесінші кезеңіне дейін кейбір жайттармен жұмыс істеуіміз керек. Тап осы бесінші кезеңге қарсы нәтижелеріміз жақсара түседі деп ойлаймын.

- Біздің көптеген спортшыларымыз жарысты топтың соңғы жағынан бастайтыны байқалады. Бұл тактикалық нұсқау ма әлде спортшының шешімі ме?

- Мұны спортшының тактикасы деген дұрыс болар. Негізі, бірінші және екінші позициядан бастаған жөн. Саған артқы жағыңнан шабуыл жасалса да, төрешілер мұны байқап, келесі раундқа өткізуі ықтимал. Өйткені, сол сәтте сен көш бастап тұрдың емес пе?! Топтың артқы жағында бос кеңістік көбірек. Сол себепті, жылдамдықты арттырып, шабуылға шығуға ыңғайлы.

- Алматыдағы әлем кубогінен соң спортшылардың аяқ алысына қандай баға бересіз?

- Біз алдымызға қойған мақсаттың азғантай бөлігін ғана орындадық. Қола медаль иелендік. Екі жүлде алуға да болатын еді. Әлемдік спортшылармен бәсекелесе алатынымыз байқалады. Әрине, кемшілік те жоқ емес. Бірақ алға басушылық бар екенін де мойындау керек. Бүгінде Ресей командасымен бірлесіп жаттығатынымызды айттым. Менің болжамым бойынша, келесі жылы нәтиже бұдан да жоғары болады. Қазір біздің жүйеміз де, командамыз да өзгеріс үстінде. Спортшылар бейімделіп жатыр. Енді бір жылда бәрі реттеледі деп ойлаймын.

Тактикалық тұрғыдан қателіктер кетіп жатыр. Үнемі болмаса да, ішінара байқалады. Мәреге жақын тұста көп күш салу керек. Бұл тұрғыда кореялықтар мен венгрлер мықты. Олар бірнеше метрге қалып келе жатса да, жеңіп кетуі мүмкін.

Биылғы маусымды сәтсіз деуден аулақпын. Жаман емес. Биыл қыздар командасының деңгейі айтарлықтай өсті. Әлем кубогі кезеңдерінің бірінде эстафетадан бесінші орын алды. Олар жүлдеге үміткерлер қатарында. Ерлеріміз де эстафетадан көтеріліп келеді. Енді әлем кубогінің Дрезден мен Туринде өтетін екі кезеңі қалды. Ұпай жинау үшін дайындаламыз. Эстафетадан әлем чемпионатына міндетті түрде жолдама алу қажет. Елдегі шорт-тректің деңгейі тап осы эстафетада білінеді.

- Өз сөзіңізде екі медаль алуға мүмкіндік болғанын айттыңыз. Нақты қай қашықтықта жүлде қолымыздан сусып кетті?

- Екінші жүлдені эстафеталардың бірінде алуға болатын еді. Біз үздіктермен иық тірестіріп жүрміз. Дегенмен, эстафетада сәттілік көбірек керек. Абзал бұдан да жоғары орынға таласа алатын еді. Қолдан келмеді.

Әлемнің үздік командаларына қарап, олардың толық штабпен жүретінін байқаймын. Бапкерден бастап механикке дейін бар. Мамандардың аздығынан біз бұл деңгейге әлі жеткен жоқпыз. Кәсіби мамандар саусақпен санарлық қана. Жас мамандар дайындық жүйесінің барлық қыр-сырын біле бермейді. Ал шетелден шақыратын маманға көп ақша төлеу қажет. Біздің механикті де шетелге шақырған. Бірақ мен оны тоқтатып, еліміздегі шорт-тректі дамытатын адамдар керектігін айттым. Ақшаның соңына түспеу керек.

Оралда спорттың бұл түрін жетілдіру үшін маған 12 мың теңге төлейтін. Киім ауыстыратын бөлмеде ұйықтадым. Бірақ команданы жасақтай алдым. Мен басқа жаққа кетіп қалмау үшін балалар тамақ әкеліп, қолдау көрсететін. Егер мені ақша қызықтырса, баяғыда шетел асатын едім ғой. Шыдадым. Бәріне көндім. Нәтижесінде әлем үздіктерімен тайталаса алатын қыз-жігіттерді өсірдім. Маған деген сенімнің арқасында мұның бәрі... Маған ҰОК-те, спорт министрлігі де сенді.

- Енді алға қойған мақсаттарыңыз қандай?

- Бір апта демалған соң, Новогорскіге аттанамыз. Әлем кубогінің келесі кезеңінде дайындықты бастаймыз. Айтпақшы, бізде әлем чемпионатын өткізетін мүмкіндік бар. Бұл жарысқа бәрі риза болып жатыр. Астанада өткізуге де болады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер