Басқа

Әлия Юсупова: Биылғы жыл көркем гимнастика шеберлері үшін табысты болды

Әлия Юсупова: Биылғы жыл көркем гимнастика шеберлері үшін табысты болды
news-banner7
mobile-news-top

2018 жыл Қазақстан көркем гимнастика өкілдері үшін сәтті өтті. Биыл біздің спортшылар құрлықтың ең маңызды екі турнирінде жеңіске жетті. Атап айтар болсақ, Әлия Юсупова шәкірттері Азия ойындарында абсолютті чемпион атанып, Азия біріншілігінде үш алтын жеңіп алды деп жазады Olympic.kz.

Жыл басынан бері қазақстандық көркем гимнастика шеберлері бірнеше ірі халықаралық турнирлер мен әлемдік және құрлықтық деңгейдегі жарыстарға қатысты.

Мәселен, құрама спортшылары Латвия, Эстония, Грекия, Россия, Польша, Қазақстан, Люксембург елдерінде өткен жеті халықаралық турнирге қатысып, жеңімпаз бен жүлдегерлер қатарынан көрінген.

Одан бөлек, көркем гимнастарымыз төрт Гран-при кезеңіне, алты әлем Кубогі додасында бақ сынады.

Ең үлкен жетістік Куала-Лумпурде (Малайзия) өткен Азия біріншілігі мен Джакартадағы (Индонезия) Азия ойындарында тіркелгені сөзсіз.

«2018 жыл Қазақстан көркем гимнастикасы үшін жемісті болды. Алға қойған барлық жоспар орындалып, мақсаттарымыз жүзеге асты. Еліміз бен шетелдерде өткен оқу-жаттығу жиындарының нәтижесі бірден байқалады. Азия ойындары мен Азия біріншілігіне біздің команда жаңартылған құраммен барды. Олар: Алина Әділханова, Адиля Тілекенова, Селина Жұматаева және Айдана Сарыбай. Азия чемпионатындағы командалық есепте біздің құрама командалық есепте 2-ші орын иеленіп, күміс жүлде тағынды.

Жекелей сында Алина Әділхановаға тең келер ешкім болған жоқ. Ол 3 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды. Әділханова көпсайыс қорытындысы бойынша топ жарып, доп және таспамен жаттығуда көп бастаған болатын. Топтық жаттығуда біздің қыздар көпсайыстан қола медаль, көпсайыстың жекелеген түрлерінен күміс жүлде иеленді. Бұл біздің Азия құрлығындағы көрсеткіштеріміздің өсіп келе жатқанын көрсетеді.

Азия ойындарына дайындық барысында біз үлкен жұмыс атқардық. Биылғы маусымның үздіктері Алина Әділханова мен Адиля Тілекеноваға командалық сында жастар арасындағы Азия чемпионы Даяна Әбдірбекова қосылды. Аталған үштік Джакартада ел намысын қорғаған болатын.

Азия ойындарында біздің команда 100 пайыз нәтиже көрсетіп, мүмкін болған екі алтынның екеуін де жеңіп алды. Біздің гимнастар мықты команда саналатын Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Жапония және Қытайды артта қалдырып, жеңіс тұғырынан көрінді. Жекелей көпсайыста Алина Әділхановаға тең келер ешкім болған жоқ», - дейді ұлттық құраманың бас бапкері Әлия Юсупова.

Еске сала кетейік, Астанада өткен Ұлттық Спорттық Жүлде қорытындысы бойынша, Әлия Юсупова жазғы спорт түрлері бойынша үздік бапкер деп танылды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер