Григорий Бабаян: Еуропа Лигасында осал команда жоқ

Григорий Бабаян: Еуропа Лигасында осал команда жоқ
news-banner7
mobile-news-top

«Астана» футбол клубы бас бапкерінің уақытша міндетін атқарушы Григорий Бабаян Еуропа Лигасы топтық кезеңінің соңғы туры аясындағы сырт алаңдағы франциялық «Реннге» қарсы ойын алдындағы баспасөз жиынына қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді:

- Қайырлы кеш! Ертеңгі кездесуде «Ренн» командасы фаворит деуге болады. Мұның екі себебі бар. Біріншісі, қарсылас команда өзінің нағыз бабында. Екіншіден, біз ішкі чемпионаттағы жолымызды бір ай бұрын аяқтағандықтан, команданың ойын тәжірибесі жеткілікті деңгейде емес. Алайда, біз алдағы ойынға толықтай дайынбыз. Ертеңгі кездесуде, еуропалық деңгейдегі ойын үлгісін көрсетіп, барша Қазақстанға Еуропа Лигасының плей-офф кезеңін сыйлауға тырысатын боламыз.

- Команда бірнеше күн бұрын жергілікті «Шамбли» ұжымына қарсы ойын өткізді. Маңызды ойын алдында жолдастық кездесу өткізу қаншалықты қажет болды?

- Біз үшін жолдастық кездесу өткізу өте маңызды болды. Себебі, ойыншылар алаңды сезініп, жеткілікті деңгейдегі ойын тәжірибесін жинауы керек болатын. Бұл ойын бізге барынша көп ақпарат берді. «Реннға» қарсы кездесуге дайындық тұрғысынан көп қиындықтар болды дей алмаймын.

- Қазақстан чемпионаты аяқталғанына бір айға жуық уақыт болды. Командадағы ойыншылардың осы кездесуден кейін, демалысқа кететіндігін ескеретін болсақ, дәл осындай еуропалық деңгейдегі маңызды ойынға дайындау қиын болған жоқ па?

- Жігіттер алдағы ойынның қаншалықты маңызды екендігін жақсы өте түсінеді. Сондықтан, ертеңгі кездесуде ұйымшыл ойын көрсету өте маңызды.

- Көптен бері алаңға шықпаған Юрий Логвиненко мен Дмитрий Шомко ертеңгі ойынға қаншалықты дайын?

- Жарақат алған ойыншыларға келер болсақ, Мужиков пен Малый ойынға қатыса алмайды. Себебі, оларға жақында ғана ота жасалды. Ал Шомко мен Логвиненкоға келер болсақ, олар қазір бізбен бірге жаттығу жұмыстарын жасап жатыр. Ертеңгі кездесуде кімнің негізгі құрамда алаңға шығатындығын, соңғы жаттығу жұмыстарынан кейін шешетін боламыз.

- Өткен жылды еске алатын болсақ, командаға Прагада өткен «Славияға» қарсы кездесуде тек жеңіс қажет болатын. Ал осы жолы команданы тең нәтиже қанағаттандырады. Осы тұрғыдан алғанда ертеңгі ойында қысым аздау болады дей аласыз ба?

- Еуропа Лигасында оңай ойын болмайды және осал команда жоқ. Біз барынша өзімізге тән ойын үлгісін көрсетуге тиіспіз. Қарсылас команданың да деңгейі жоғары, әрі мықты екендігін айта кеткен жөн. Оларға алаңда мүлде бос кеңістік қалдырмауымыз керек. Біз ертең, қорғаныс пен шабуылда да тиянақты ойын үлгісін көрсетуіміз қажет.

Түпнұсқасы: fca.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер