Ауыр атлетика

Анна Нұрмұхамбетова: Алты жылдан соң әділдік орнағаны үшін қуаныштымын

news-banner7
mobile-news-top

2012 жылғы Лондон Олимпиадасында ауыр атлетикадан 69 келі салмақта сынға түсіп, 5-ші орын иеленген Анна Нұрмұхамбетова араға алты жыл салып, қола жүлдегер атанды.

ХОК пен CAS Тәртіптік комиссиясының шешімімен қазақстандық спортшыға Oлимпиаданың қола медалі қайтарылатынын кеше хабарлаған едік. Осы орайда, Olympic.kz Аннаның қуанышына ортақтасып, құттықтаған болатын.

- Анна, араға жылдар салып оралған Олимпиада жүлдесімен құттықтаймыз! Бұл хабарды алғаш естігенде қандай сезімде болдыңыз?

- Құттықтауларыңызға көп рахмет! Ерекше қуаныштымын. Шынымды айтсам, өз құлағыма өзім сенбедім. Арада алты жыл өткесін бе, бастапқыда сенер-сенбесімді білмедім. Десе де, бұл медаль бұйырғаны үшін шексіз бақыттымын. Тіпті, қанша жыл өтіп кетсе де Олимпиада жүлдесі мен үшін ыстық. Енді тезірек медалімді қолыма алсам деген арман ғана бар.

- ХОК ережесі бойынша, медальды салтанатты түрде табыстау рәсімі өтетін жерді сіз өзіңіз таңдайсыз. Жүлдеңізді қай жерде алғыңыз келеді? Мәселен, Денис Уланов Рио медалін Ашхабадтағы әлемдік сында мойнына тақты...

- Әрине, егер әлем чемпионатына қатысатын болсам, сол жақта алғаным дұрыс болушы еді. Бірақ менің қатысу-қатыспауым белгісіз. Сол себепті, жүлдені қай жерде табыстайтыны туралы әлі ойлаған емеспін. Бастысы, медаль маған жетсе екен.

- Ольга Рыпакова Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдесіне иелік етті. Дегенмен, ол аталған медальдің айтарлықтай қуаныш сыйламайтынын айтқан. Сіздің де Лондон төрінде, қалың жанкүйердің алдында жүлдегер атанатын мүмкіндігіңіз бар еді...

- Егер Лондон Олимпиадасын әлі ұмытпаған жандар болса, менің бір мүмкіндігімді есептемей тастағанын білетін шығар. 117 келіні таза көтерсем де, есепке алмады. Сол кезде сіз айтқандай тұғырда тұруым да мүмкін еді... Бір қуантатыны, арада қанша жыл өтсе де, әділдік орнады. Медаль адал еңбекті спортшыларға берілді.

- 2012 жылдан кейін сіз жарыстардан көрінбей кеттіңіз. Қазір қайда жүрсіз?

- Иә, өйткені, денсаулығым сыр берді. Отадан кейін тез бабыма келе алмадым. Жаттығуды енді бастадым. Бұрынғыдай емес, енді 76 келіде сынға түсемін. Ақпан айында Қазақстан біріншілігіне қатысамын деп жоспарлап отырмын.

Түпнұсқасы: olympic.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер