Басқа

Игорь Чехмарев күміс жүлдегер атанды

news-banner7
mobile-news-top

Қытайдың Шанхай қаласында каратеден Премьер-лиганың кезекті айналымы аяқталып, қазақстандық Игорь Чехмарев күміс жүлдегер атанды деп хабарлайды Olympic.kz.

Чехмарев финалдық бәсекеге дейін барлық қарсыластарын айқын басымдықпен ұтты. 84 келіде сынға түскен жерлесіміз алғашқы кездесуінде француз Абдессалем Фарухты 2:0 есебімен жеңді. Екінші айналымда америкалық Грир Томасты, үшінші кезеңде ирандық Алиакбарды 4:2 есебімен ұтқан Игорьді кейін әлемдік жарыстарда бірнеше дүркін жеңімпаз атанған жапондық спортшы күтіп тұрды. Алайда, азулы Макото Коикенің өзі 0:3 есебімен біздің каратешіге жол берді.

Чехмаревті ширек финалды азулы спортшы, Еуропаның бірнеше дүркін чемпионы және Премьер-лига турнирі кезеңінің жеңімпазы, грекиялық Тзанос Георгиес күтіп тұрған болатын. Әлемдік рейтингте 6-шы орында тұрған грек спортшысымен арадағы кездесу тең есеппен аяқталды. Алайда, төрешілер Чехмаревтің белсенділігін бағалап, жеңісті қазақстандық спортшыға берді.

Жартылай финалда Игорь Чехмарев биылғы Еуропа чемпионы, италиялық Мартин Мишельмен жолығып, 2:0 есебімен жеңді. Мишель осы сында рейтингте бірінші орында тұрған Актас Угурді сүріндірген еді. Өкінішке қарай, финалдық сында ирандық Пуршабты ұту мүмкін болмады. Осылайша, Чехмарев турнирдің күміс жүлдегері атанды.

Ал жасөспірімдер арасында Азияның үш дүркін чемпионы Мөлдір Жаңбырбай мен Азиада жеңімпазы Гузалия Ғафурова қола жүлде үшін кездесуде жеңіліске ұшырап, 5-ші орын иеленді.

Еске сала кетейік, Шанхайдағы Премьер-лига кезеңіне әлемнің 80 мемлекетінен 1100 спортшы қатысты. Әсіресе, Жапониядан келген каратешілер қарасы көп - 136.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер