Владимир Муханов: «Ақтөбе» менің туған командам

Владимир Муханов: «Ақтөбе» менің туған командам
news-banner7
mobile-news-top

Белгілі ресейлік бапкер, «Ақтөбе» ФК бас бапкері Владимир Муханов денсаулығына байланысты қызметін тоқтатуды ұйғарды. Жақында Владимир Васильевичке ота жасалады. Сонымен қатар, дәрігерлер маманға тыныштықта болуға кеңес берген, деп жазады клубтың баспасөз қызметі.

-Владимир Васильевичтің денсаулығы осыдан жарты жыл бұрын сыр бере бастаған еді, естеріңізде болса, «Жетісумен» сырт алаңда өткен ойынға бапкер бара алмаған еді. Содан бері ол кісінің жағдайы нашарлай берді. Күзде ауруы дендей түсті. Васильевичке ақпан айында ота жасалу керек. Кешіктіре беруге болмайды. Біз Владимир Васильевичке емделіп алуға мүмкіндік жасаймыз, жазылып болған соң клубқа қайта алудың жолын қарастырамыз, – деді «Ақтөбе» ФК бас директоры Самат Смақов.

Біз Владимир Мухановпен байланысқа шығып, жағдайға пікір білдіруді сұрадық.

-Иә, маған ота жасалады. Сондықтан, Самат Смақовпен сөйлесіп, денсаулығыма байланысты қызметімді тоқтатамын деген шешімге келдім. Менің көптен бері буындарым ауыратын, отаны бірнеше жыл бұрын жасатуым керек еді, бірақ түрлі себептерге байланысты кейінге қалдырыла берді. Самат Кабирұлына, бапкерлік штабқа, мамандарға, кеңсе қызметкерлеріне, командаға ерекше алғыс білдіргім келеді. Ешқандай кедергілерге қарамастан, біз жақсы нәтижеге қол жеткізе білдік. Біз өзімізге қойылған тапсырманы – төртінші орын алып, толықтай орындай алдық. Себебі алты ұпайдың алынып тасталуына команда кінәлі емес.

Жанкүйерлерге айрықша алғыс айтамын. Олардың Қазақстандағы ең үздік жанкүйерлер екендігіне дау жоқ. Егер жанкүйерлер болмағанда, жетістікке жету қиынға соғар еді. Кейбір ойындарда дәл осы жанкүйерлердің арқасында жеңіске жетіп жүрдік. Ота ақпан айының басына жоспарланған. Содан кейін екі ай бойы қалыпқа келу керек болады. Құдай қаласа, мамыр айында толықтай жазылып шығамын деген ойдамын. Егер керек болсам, егер шақырса, ойланбастан келем. Себебі «Ақтөбе» менің туған командам. «Ақтөбе» тарихы бай, дәстүрі қалыптасқан команда, оның Премьер-лигадағы өз орнына қайта оралатынына сенемін. Қалай болғанда да команданы бақылап, оған жанкүйерлік етіп жүретін боламын – деді Владимир Васильевич.

Естеріңізге саламыз, Владимир Муханов «Ақтөбені» 2006 мен 2012 жылдары аралығында баптап, үш рет чемпион атанды, екі рет күміс жүлдеге ие болды, бір рет қола медаль иесі атанды. Сонымен қатар, «Ақтөбе» Владимир Мухановтың көмегімен ел Кубогын және екі рет Суперкубок иеленді. 2017 жылдың мамыр айынан бастап «ақ-қызылдарға» қайта оралған Муханов осы уақытқа дейін 55 ойында 19 рет жеңген, 21 рет жеңілген, 15 ойын тең аяқталған.

«Ақтөбе» футбол клубы Владимир Васильевичке Ақтөбе футболының дамуына сүбелі үлес қосқаны үшін алғыс білдіреді. Тезірек жазылып кетуін тілейді!

Түпнұсқасы: fc-aktobe.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер