Жеңіл атлетика

Тұяқов: Ольга Шишигина ауладан секіріп, Олимпиада чемпионы атанған

news-banner7
mobile-news-top

Қазақ спортының көзі тірі аңызы, даңқты желаяқ Әмин Тұяқов ҰОК ұйымдастыруымен өткен Ұлттық Спорттық Жүлде - 2018 салтанатты кешінің құрметті қонағы болды. Атағы алысқа кеткен ардагер жас спортшылардың жеңісін көріп, марқайып қалғанын айтады. Olympic.kz Әмин Тұяқовтың пікірін назарларыңызға ұсынады.

- Астанада өткен үздік спортшыларды марапаттау кеші көңілімнен шықты. Артық айқай-шу, дабырасыз әдемі ұйымдастырылған. Биыл осы кешке мені шақырып, елеусіз қалдырмағаны үшін рахметімді айтамын.

Бір байқағаным, спорттың әр түрінен жақсы балалар өсіп келеді екен. Бұл қуантады. Спорт саласындағы басшылар да тегіс жиналыпты. Ел спортына еңбек сіңірген ардагерлерді, замандастарымды да кезіктіріп, көзайым болдым.

Мұндай шаралар спортшылар үшін керек-ақ! Жылдар бойы тынымсыз еңбек етіп, ел байрағын биікке көтеру үшін барын салатын жандарға құрмет көрсету артық болмайды.

Өзім жеңіл атлет болған соң, спорттың осы түріндегі кейбір олқылықтар жаныма батады. Қазақстаннан талай мықты жеңіл атлет шыққан, әлі шыға береді де. Ольга Рыпакованы қараңызшы, бір өзі бүкіл елдің жүгін арқалап жүр. Осымен неше Олимпиадаға қатысып, чемпион да атанды, жүлдегер қатарынан да көрінді. Ольга қызыма рахмет!

Ал біздің ел осындай чемпиондардың талайын тудырар еді. Тек алаңқайлардың жоқтығы қолбайлау болып тұр. Жеңіл атлеттер жаттығатын, ірі жарыс өткізуге болатын орталық стадион ғана бар. Тағы да жағдай жасап, алаңдарды көбейтсе, нұр үстіне нұр болар еді. Ел спортының тізгінін ұстаған бауырларым осы мәселені шешсе деген тілегім бар.

Кезінде Сидней Олимпиадасының чемпионы атанған Ольга Шишигинаның да жаттығатын жері болмай, ауладан секіріп дайындалған. Міне, сол қызымыз да Олимп тұғырынан көрінді. Бізде жеңіл атлетика майталмандары көп, олардың көзін ашу керек. Басшылар осы сөзіме құлақ асса екен, - деді Әмин Тұяқов.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер