Бокс

Берік Әбдірахманов: Спорттық ғұмырыма өкпем жоқ

Берік Әбдірахманов: Спорттық ғұмырыма өкпем жоқ
news-banner7
mobile-news-top

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, 2013 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері әрі Азия чемпионы Берік Әбдірахманов үлкен спортпен қош айтысты. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының жылды қорытындылаған жиынында белгілі болды.

Olympic.kz сайтына сұхбат берген Берік мұндай шешімді неліктен қабылдағанын түсіндіріп берді.

- Шаршы алаңмен қоштасу туралы ой Азия ойындарынан кейін келді. Джакартаға баратын спортшылар қатарына енбеген соң, өз орнымды соңымнан ерген жастарға бергенім дұрыс деп шештім. Бокста мен қатысқан соңғы ірі жарыс – Астанада өткен Президент кубогі бәсекесі. Былғары қолғапты алғаш рет 14 жасымда кигенмін. Міне, жасым 32-ге келді. Спортты осы жерден тоқтатқаным да дұрыс шығар, - деді Әбдірахманов.

Боксшы өзінің спорттық ғұмырына өкпесі жоқ екенін айта келе, Олимпиада биігінің бұйырмағаны үшін аздап өкінетінін жеткізді.

- Спорттың маған бергені көп. 24 жасымнан бастап республикалық, халықаралық турнирлерде жеңе бастадым. Ұлттық құрамаға қабылданып, ел намысын қорғау бақытына ие болдым. Спорттан талай дос таптым. Жол сілтейтін ағаларымыз мен бапкерлеріміз қаншама. Бәріне шүкірлік етемін. Тек, Олимпиададан медаль алу бұйырмаған екен. Спорттық ғұмырымда Олимпиаданың ғана жүлдесі жоқ, - деді Берік.

Берік Әбдірахманов өз салмағындағы үздік боксшыларды да атады.

- Елімізде талантты жастар өте көп. Кеше ғана ел чемпионатында маңғыстаулық Толтаевтар жақсы өнер көрсетті. Өзімнің құрдасым Закир Сафиуллин бар. Таланатты жігіттер жетерлік. Оларға сәттілік тілеймін. Еліміздің көк байрағын төмен түсірмесін, - деді ол.

Берік Әбдірахманов бұдан былай еліміздің Ішкі істер саласында қызмет етпек. Қазақстан бокс федерациясы спортшыға 3 млн теңгенің сертификатын ұсынды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер