русский язык
Футбол

Қайрат Нұрдәулетов: «Тағы бір «чемпиондық матч» ойнатылғанда «Ақтөбені» жыртатын едік»

Қайрат Нұрдәулетов: «Тағы бір «чемпиондық матч» ойнатылғанда «Ақтөбені» жыртатын едік»

Қазақстан құрамасы мен «Астана» футбол клубының капитаны Қайрат Нұрдәулетовтің «PROCПОРТ» Қазақстан тілшісіне берген қызықты сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

Жаңа жылыңызбен, Қайрат. Қалай қарсы алдыңыз?

– Рахмет, отбасымен дастархан басында қарсы алдым.

– 2014-ші жыл да келіп жетті. Алайда Ұлттық құрама мен клубыңызда бас бапкер әлі тағайындалмады...

– Алдымен клубтан бастайық. Бүгінгі жағдайға көңілім толмайды. Әр келген бапкерге міндетті түрде бір-екі жыл берілу керек қой. Еуропада, мысалы, басқаша, онда бапкерлерге тәжірибе жинап командаға үйренісу үшін уақыт беріледі. Андонені алатын болсақ, оның  стилі Фахтікіне ұқсайды. Тәртіп, ойындағы тактикасы бәрі ұқсас. Мықты бапкер. Беранек бұл тұрғыда жұмсақтау болатын. «Сендер кәсіпқой ойыншысыңдар» деп қоя береді. Андоне келе салысымен ережелерін түсіндірді. Талаптарын бұзғандарды ақшалай айыптай бастады. Ойынымызды жөндеді, физикалық тұрғыда да қостық. Сол «Ақтөбемен» кездесуді алатын болсақ, біз 1:0 есебімен жеңдік. Осының бәрі физикалық тұрғыдан мықты болғандықтан. Артық айтқаным емес, бірақ тағы бір «чемпиондық матч» ойнатылғанда «Ақтөбені» жыртатын едік. 

– «Астана» «Ботевтен» ұтылған соң, нәтижелері төмендеп кетті. Сол кезде команданы Андоне жаттықтырса басқаша болар ма еді?

– Жаңа бапкер келген соң нәтиже басқаша болушы еді. Бірақ, нақты айта алмаймын.

– Беранек жұмыстан шығу туралы арызын ұшақта жазғаны рас па?

– Білмеймін. Бізбен бірге президент ұшып барды, жол бойы әңгімелескен. Соны ғана білемін.

– Өзіңіз бапкердің кететінін сездіңіз бе?

– Әрине, бұл туралы барлық газет-басылымдар жазды, нәтижелер де қарықтырмады. Сондықтан Беранектің кеткені мен үшін жаңалық болған жоқ.

– Беранектің «Астанадағы» сәтсіздігі неліктен деп ойлайсыз?

– Менінше, физикалық тұрғыда нашар болдық. Чемпионатта бәрі жақсы басталған еді, бірақ сосын нәтиже нашарлап кетті, бұған қоса «Ботевтан» ірі есеппен жеңілдік. Бапкерлердің кінәсінен деп ойлаймын. Мәселен Кумыковтың командасы еурокубоктағы кездесулер қарсаңында жақсы бабында еді.

– Андоне сіздерді әжептәуір жаттықтырса да орнын босатты. Кейін Абрамов келді...

–  Абрамовтың келгеніне таң қалдық. Оны жамандағаным емес, бірақ менінше ол «Астананың» деңгейіне сай емес бапкер.

–«Астанамен» келісімшартыңыз қанша жылға жоспарланған?

– Екі жылға.

Ұсыныстар болды ма?

– Самат Смақовпен «Қайрат» туралы әңгімелескенбіз. Бірақ сосын бәрі тынышталды. Байқауымша, олар жас футболшыны іздеді, жиырма үш-жиырма алты жас шамасында.

– «Астананың» жаңа бапкері болып кім тағайындалатыны туралы хабарыңыз жоқ па?

– Әлі ештеңе белгісіз.

– Григорий Бабаянды тағайындауы мүмкін бе?

– Мүмкін. Ол біздің екінші бапкеріміз, ойыншылардың бәрін біледі, неге бас бапкер қылмасқа. Жақсы, білікті маман, мүмкіндік беруге болады.

– Ұлттық құрамамызға келетін болсақ. Беранек жайлы пікіріңіз қандай?

– Менің оған айтар алғысым көп. Маған ерекше сенім артатын, капитан қылып тағайындады. Дегенмен, нәтиже нашар болды. Мироның орнында кез келген бапкер болса да осы межеден аса алмаушы едік деп ойлаймын.

– Қазақстан құрамасын Беранек жаттықтырған кездегі ең жақсы және ең сәтсіз матчты атай аласыз ба?

– Швециямен болған ойын ұнады. Ал ең нашар матчты Фарер құрамасына қарсы өткізген шығармыз.

– Кислицын Шведтермен өткен кездесудің үзілісінде Мирослав қорғаушыларды ауызша сабағанын айтты.

– Ол рас, ойын алдында бізге айтқан болатын, ең бастысы: матч басталысымен гол жіберіп алмаңдар деп, ал біз болсақ бірінші минутта-ақ өз қақпамызға гол жіберіп алдық.

– Осыған ұқсас оқиғалар болды ма?

– Австриямен өткен кездесуде және өз алаңымызда Фарерге (2:1) қарсы матчта. Өзіміз кінәліміз. Фарерді оңай ұтамыз деп сенімді едік. Сөйтсек, оларда ойнай біледі екен, Финон алаңға шығып екі гол соқпаса, не боларын білмеймін.  

– Беранек ұлттық құраманың ең ауыр кездесуі сырт алаңда немістерге қарсы өткенін айтты.

– Иә, мені үзілісте алмастырған еді сол матчта. Өзімді доп тебе алмайтын кішкентай бала секілді сезіндім. Олар бізден қарағанда күшті, жылдам. Швайнштайгерді көрген бетте, қобалжу басталды.  Мысы басым. «Біз сеңдерден мықтымыз» деп жанарларында жазулы тұрғандай.  

Бұл кездесулер жас ойыншыларымызға біраз тәжірибе бергені анық...

– Жастарға пайдалы болды, Көкеев, Қонысбаев және мінезі ерекше Жолшиев үшін.

– Оның мінезі туралы көп адам айтты, мысал келтіре аласыз ба?

– Иә, өзімде әріптестерімнен жиі естимін. Дегенмен, ылғи да жерлісім болған соң қолдау көрсетуге тырысатынмын. Бір күні оған: «Баур, неге саған бәрі күледі?» деп сұрағанмын. Ол «маған бәрібір» деп жауап берді. Бөтен әлемде жүргендіктен «біртүрлі адам» атанған екен ғой.

– Шмидтгальдің Ұлттық құрама сапында ойнамай жүргеніне бір жылдан асты. Өзіңіз онымен қашан хабарластыңыз соңғы рет?

– Марат Шахметов жиі сөйлеседі онымен. Өзім Генрихпен соңғы рет Талғарда Фарер аралдарына аттанар алдында телефон арқылы сөйлескенмін. Командаға сәлем айтқан.

Мінезі неміске жақын ба әлде біздің ұлттық құраманың жігіттері секілді ме?

– Неміс менталитетіне жақын. Тәртіптілігі мен ұқыптылығы оның немісше тәрбиесін анық аңғартады. Дегенмен, бізбен қалжыңдасып тұрады.

– Беранекке қайта оралатын болсақ, ол сізден кеңес сұрады ма?

– Кейде сұрайтын. Басында көп ойыншыларды білмегендіктен айыппұл мәселесін менімен шешетін. Мысалы біздің командамен бірге демалатынымызды білетін.  «Не істегілерің келсе соны істеңдер, бірақ қонақ-үйден алыстамасаңдар болды» деп айтатын.

– Миро «Астанадан» кеткен соң, ұлттық құрамаға Шахметов, Нөсербаев, Қонысбаев және Остапенко шақырылмай кетті. Қалай ойлайсыз бұл клубпен болған жағдайға байланысты ма?

– Мүмкін. Бірақ, олардың орнына шақырылып жатқан ойыншылар өз пайдасын тигізуде. Шомко, Щеткин және де Финонченко оралды. Менінше, сіз атап кеткен ойыншылар бапкердің үмітін ақтамаған шығар.

– Олардың Беранекке өкпесі жоқ па?

– Сұрамадым, бірақ ренжіген шығар, өз басым ренжуші едім.

– Миромен болған соңғы әңгімеңіз?

– Фарерге қарсы екінші кездесу қарсаныңда. Бапкерлер мені ойнай алатын шығар деп ойлады, бірақ мен Беранекке алаңға шыға алмайтынымды жеткіздім. Кейін телефон арқылы Ирландиямен ойын аяқталған соң сөйлестік, қал-жағдайын сұрап, келе жатқан жаңа жылмен құттықтадым.

– Ресей басылымдары Қазақстан құрамасын Бердыев немесе Черчесов қабылдайды деп жазуда, өзіңіз қалай ойлайсыз?

– Бердыевпен жұмыс істегім келеді. Өте мықты бапкер, Қазақстанда жұмыс істеген ең мықты бапкер – осы Құрбан Бердыев деп ойлаймын. Ал Черчесов Ресейде жақсы нәтиже көрсетуде, сондықтан Қазақстанға келмейтіні анық.

– Қазақстан азаматығы біздің ойыншылардан екі есе мықты легионерлерге ғана берілуі тиіс деп айтқан болғансыз. Каньясты немесе әріптесіңіз Зелао олардың қатарына жатқызуға бола ма?

– Зелаоға көзқарасым бірқалыпты. Адам ретінде аса жақтырмаймын, бірақ өте мықты футболшы, ол секілді мықты қорғаушылар бізде жоқ әзірше. Каньяс та жақсы ойыншы, бізге пайдасын тигізер еді. Дегенмен қазір мықты легионерді табу қиын емес, жақсы ойнай алатын жергілікті футболшыны табу әлде қайда қиын.   

– Неліктен?

– Өзімде көп ойланам осы жайлы. Мүмкін саясатқа байланысты шығар, мен өзім 1982-ші жылы туылдым, ол кезде жақсы футбол интернаттары болған. Ал 1990-шы жылы туылғандар біраз қиналды, кеңес одағы ыдырады, мемлекетті аяғынан көтеру керек еді, футбол жайында қалды.  

– Бауыржан Исламханның «Астанада» жолы болмады, неліктен деп ойлайсыз?

– Әрине, одан көп нәрсе күттік. Мүмкіндік те берілген. Алайда өз-өзін көрсете алмады. Меніңше, Бауыржанға - Ресейде қалу керек еді.

- Жақында Болат Әбілов біздің тілшілерімзге берген сұхбатында, 90-шы жылдардың аяғы мен 2000-шы жылдардың  басында «матчтар жиі сатылатын» деді. Өзіңіздің қатысыңыз болған жоқ па?

- Естеуім бар, бірақ өз басым ондай кездесулерге қатысқан емеспін.

- Сырт алаңда не себепті «үйдегідей» ойнай алмаймыз?

- Оны Тұрсынбек Қабатов өзінің әзіл кешінде жақсы түсіндіріп берген. Біз дейді, өзіміздің ойыншыларымызды тыныштыққа үйретіп алғанбыз, ойындарына жиырма-отыз адам болып барамыз – дейді - ал сосын ұлттық құраманың ойындарына кезек келгенде тобыр болып жиналып аламыз да, оларды қорқытамыз деген. Дәл айтты.

- «Шахтердің» Еуропа Лигасына шыққанына қызғаныш болған жоқ па?

- Жоқ. Керісінше қуандым. «Шахтер» Еуропада беделімізді көтерді, енді барлық командаларымыз міндетті түрде бірінші іріктеу айналымынан өтуі қажет. Чемпиондар Лигасына да шығуымыз ғажап емес. Меніңше, «Шахтерге» УЕФА кедергі келтірді, төрешілер біраз көмектесті «Селтикке», өйткені оларға қаржы тұрғыдан шотландиялықтардың шыққаны керек болды.

- Ұлттық құрамамыздың капитаны ретінде басқа командалардың капитандарымен араластыңыз. Кім ұнады? Кім ұнаған жоқ?

- Маған Робби Кин ұнады. Нағыз ер жігіт. Өз алаңымыздағы ойыннан соң, маған келіп : "Good game, good team" (Жақсы ойын, жақсы команда) деп айтты. Риза болдым. Қалғандары өзінше, Ибрагимович... Бірақ өз басыма Лам ұнамады. Амандасып тұрғанда бетімеде қарамады, менсінбей «Сен кімсің?» дегендей сыңай танытты.

- Матч соңынан қарсылас ойыншылармен жейде ауыстыратын әдетіңіз жоқ па?

- Жоқ, ешкімнің артынан жүгіргім келмейді. Пайперстің кезінде бір оқиға болған, Португалиямен кездескен соң қорғаушысына жейде ауыстыруды сұрадым. Ол бетіме қарады да кете берді. Сол оқиғадан кейін ешкімге жейде ауыстыру туралы ұсынбаймын. Бірақ өздері ауыстырайық деп келіп жатса, қарсы емеспін. Мысалы Ирландиямен болған ойында, олардың қақпашысы кездесу аяқталған соң, өзі келіп жейдесін берді. Германиямен де солай болды, Гросскройцпен жейде ауыстырдық.

- Баланың әкесі болған қиын ба немесе ерлер ойнайтын команданың капитаны болған ба?

- Қай жерде жүрсең де сәбиіңді ойлайсын біріншіден. Сондықтан әкенің парызы қиындау, Капитан болу оңай деп айта алмаймын, дегенмен фуболда барлығы жеңілірек.  

- Қай легионер «Астанада» бірден өз ойынын таба алды?

- Ненад пен Фокси. Қалғандары жер сипап сара жолын іздеуде.

- Футболдан тыс командамен жиі жиналасыздар ма?

- Матчтан кейін жиналамыз кейде. Жастар мен легионерлер қашқақтайды. Бірақ «жоқ дегенде» жарты сағат командамен болуға тиістісіңдер деп айтамын.

- Сербиялықтардан басқа қай легионер орысша жақсы сөйлей алады?

- Фокси жақсы біледі, әсіресе боқтықтағанда түбін түсіреді.

- Өзіңіз футболдан басқа немен айналысасыз?

- Қолғасағаттарды жинаймын. Қымбат жеті-сегіз сағатым бар. Ұнатып қалсам бірден сатып аламын. 

- Бапкерлік А дәрежелі лицензия алыпсыз, жаттықтырушылар оқуында өзіңіз үшін жаңа нәрсе аштыңыз ба?

- Жасөспірімдермен жұмыс істеу өзгеше. Олардың тілін таба білу керек екен. Соны ұқтым.

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;