Дзюдо

А.Смағұлов: Әлемдік дзюдода рейтингілік ұпай үшін талас жүріп жатыр

А.Смағұлов: Әлемдік дзюдода рейтингілік ұпай үшін талас жүріп жатыр
news-banner7
mobile-news-top

Дзюдодан Қазақстан құрамасының балуандары желтоқсанның 15-16 күндері Қытайда өтетін жылдың қорытынды турниріне қатысады. Содан соң, татами шеберлері үшін тартысқа толы болған кезекті маусым мәресіне жетпек. Биылғы жыл дзюдошылар үшін несімен есте қалды? Әлемдік аренада отандық балуандардың мәртебесі қаншалықты жоғары? Бас бапкер Айдын Смағұлов Olympic.kz сұрақтарына жауап берді.

- Айдын мырза, ұлттық құраманы қолға алғаныңызға бір жыл толды. Бас бапкерлік қызметтегі алғашқы маусым көңіліңізден шықты ма?

- Биылғы көрсеткіштер салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, жаман емес. Азия ойындарында бір алтын, бір күміс пен бір қола иелендік. Әлем чемпионатында ерлер мен қыздарды қосып айтатын болса, бір күміс пен бір қола еншіледік. Спортшыларымыз рейтингте үздіктер қатарына еніп отыр. Рио Олимпиадасы қарсаңында рейтингтегі алғашқы 22 дзюдошыға жолдама беретін. Енді лицензия саны 18-ге дейін қысқарды. Яғни, ұпай үшін нағыз талас жүріп жатыр.

Дегенмен, біздің жігіттердің көрсеткішін жақсы бағалауға болады. Әлемдік рейтингте Ғұсман Қырғызбаев (60 келі) 5-ші, Ерлан Серікжанов (66 келі) 8-ші, Елдос Сметов (60 келі) 12-ші, Елдос Жұмақанов (66 келі) 9-шы, Жансай Смағұлов (73 келі) 10-шы, Дидар Хамза (81 келі) 14-ші, Ислам Бозбаев (90 келі) 13-ші орында тұр. Былтыр жылдың ең соңғы турнирі саналатын, үздік 16 спортшы ғана қатысатын Masters додасына үш балуанымыз барса, биыл жеті бірдей спортшымыз күреседі. Мұның өзі айтарлықтай көрсеткіш. 100 келі салмақта жақсы жігіттер бой көрсетіп келеді.

Кеше ғана ел чемпионы атанып, Ташкенттегі Гран-при додасында қола медаль алған Ерасыл Қажыбаев қазір 40-шы орында тұр. Олимпиадаға дейін оның да ТОП-16 қатарына кіретін мүмкіндігі бар. Әлем чемпионаты мен Азия ойындарынан бөлек, жыл басынан бері Гран-при, Grand Slam турнирлерінің бірнеше кезеңіне қатысып, жүлдегер мен жеңімпаздар қатарынан көріндік.

- Жалпы, дзюдо спортынан бейхабар жандар балуандардың көрсеткішін тұрақсыз деп бағалауы мүмкін. Мәселен, бүгін топ жарған спортшы келесі жарыста бірінші айналымда-ақ ұтылып қалады...

- Бұл балуандардың тұрақсыздығынан емес. Дзюдода бір жыл ішінде өтетін әлемдік жарыстар тізбегі өте көп. Егер барлық турнирге қатыспасаң, рейтингтегі орынды сақтап қалу өте қиын. Сол себепті, боксшылар мен грек-рим күресі немесе спорттың басқа түріне қарағанда біздің балалар көбірек шаршайды. Жыл бойы әлемдік деңгейдегі бірнеше жарысқа қатысып, бәрінде топ жару, бәрінде жүлдегер болу мүмкін емес.

Сол себепті, әлем чемпиондарының өзі кезекті жарыста жеңіліп қалуы мүмкін. Кеше ғана Жапонияда өткен Grand Slam турнирінде әлем чемпионы Наохиса Такато бірінші белдесуінде ұтылды. Бұл оның осалдығы емес. Адам болған соң, үнемі жүз пайыздық формада жүрудің орайы келе бермейді. Сол себепті, дзюдошыларды бұлай кінәлауға болмайды.

- Дзюдо туралы әңгіме қозғап, ұлттық құрама үздігі Елдос Сметовті айтпай кетуге болмас. Елдостың биылғы көрсеткішіне қандай баға бересіз?

- Елдосты биыл жарақаты көп мазалады. Соған қарамастан, біздің бала Екатеринбургте өткен Grand Slam турнирі мен Хохоттағы Гран-при додасында чемпион атанды. Рио Олимпиадасынан соң аяғына, одан соң Оңтүстік Корея мемлекетінде беліне ауыр ота жасақтан Елдостың осынша уақытта татамиге оралуы, тіпті, чемпион атануы үлкен жетістік. Біз оның қайсарлығына ризамыз. Бүгінде ол рейтингте 12-шы орында тұр.

Азия ойындарында қабырғасының ауыр жарақаттануына байланысты жеңіліс тапты. Екі қабырғасы бір-біріне отырып, көк ет сөгіліп кеткен. Мұндай жарақатпен күреспек түгілі, жүрудің өзі мүмкін емес. Дегенмен, Елдос тағы да бірнеше жарысқа қатысып, үздік бестіктен көрінді. Рейтингтен сырт қалмау үшін барынша шыдап бағуда. Спортта он жерден жеңіс керек болғанымен, балаларды қинай берген де қателік. Татамидегі ғұмыр аяқталған соң, кәдуілгі өмір басталады. Сол кезде денсаулық аса қажет-ақ. Бұйырса, Қытайда өтетін қорытынды турнирге Сметов қатысады. Бұл сынға әр салмақтағы үздік 16 спортшы ғана жолдама алып отыр. Біздің құрама ғана емес, бүкіл әлем балуандары жыл бойы шаршағанына, жарақат алғанына қарамастан, Қытай татамиінде белдеседі.

- Ерлан Серікжановты жылдың басты жаңалығы деп айтуға толық негіз бар шығар...

Ерлан ғана емес, барлық жігіттер мақтауға лайық. Мәселен, 60 келідегі Ғұсман Қырғызбаев жыл басынан бері түрлі жарысқа қатысып, рейтингте үздік бестікте тұр. Жеңімпаз да болды, жүлдегер қатарына да ілікті. 81 келідегі Дидар Хамзаның жетістігі кімнен кем? Оның ересектер құрамына өткеніне жарты-ақ жыл толды. Осы уақыт аралығында ол салмақ ауыстырып, Азия ойындарында чемпион атанып, Гран-при додаларында үздіктер қатарынан көрінді. Тіпті, Азия ойындарының тарихында Орталық Азия елдерінен алтын алған төрт-ақ спортшы бар. Ол өзіміздің Елдос Сметов пен өзбекстандық Ришот Сабиров және Диорбек Оразбаев. Осылар қатарына сынға қаққан Дидардың болашағынан үлкен үміт күтеміз.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер