Спорт жаңалықтары
Басқа

Спорт федерацияларын неге кәсіби маман басқармайды

Спорт федерацияларын неге кәсіби маман басқармайды
news-banner7
mobile-news-top

Біздің елде спорт саласындағы жетістік ел дамуының ерекше белгілерінің бірі саналады. Бір спортшы халықаралық жарыста жүлде алса бүкіл Қазақстанның жеңісі деп жарнамалаймыз. Елдің дамуын спортшы алған медалмен өлшеуіміздің басты себебі - біздің елде спортты жоғары лауазымды шенділер басқарады.

Халықаралық бәсекелерден бәйге алатын спортшыны дайындап шығу оңай шаруа емес. Бұл жерде спорттың әр саласын басқарып отырған федерациялардың атқарар рөлі де ерекше. Спортшының талантын танып тәрбиелейтін де, томағасын тартып турнирлерге қатыстыратын да солар.

Жүз жүйріктің арасынан шын тұлпарды танып, ұлттық құраманы кіл мықтылардан жасақтау үшін кәсіби біліктілік керек. Сол үшін спорттың кез-келген түрін сол саланың маманы басқарғаны оң емес пе? Алайда, біздің елде бәрі басқаша. Спорт федерацияларын әкім-қаралар мен министр-миллионерлер басқарып отыр.

Сөзіміз дәлелді болу үшін аттарын атап, түстерін түстейік:

ҚР футбол федерациясының президенті Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы (жақында ғана зейнетке шықты) Әділбек Жақсыбеков.

ҚР жеңіл атлетика федерациясының президенті Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов.

ҚР дзюдо федерациясының президенті Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров.

Жауынгерлік өнер ассоциациясының президенті ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов

Ал Тимур Құлыбаев бір өзі ҚР Олимпиада комитетінің, ҚР бокс федерациясының, ҚР су спорты түрлері Федерациясының президенті.

Бұлардан бөлек, ҚР ауыр атлетика федерациясын басқарып отырған Жанат Түсіпбеков, ҚР күрес федерациясының басшысы Сауат Мыңбаев мырзалардың да спортқа қарағанда билік пен бизнеске жақын екенін жұртшылық жақсы біледі.

Осыған қарап бұрынғы қазақтың «шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген сөзі бүгінгі қазақтар үшін құнын жойғанын байқайсыз. Біз үшін спорт федерацияларын кім басқарғаны маңызды емес. Маңыздысы ел сенген басшының ел спорты үшін істеген жұмысы болмақ. Ендеше, спортқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын осы басшылар өзі басқарып отырған федерацияның дамуы үшін үлес қоса алма ма? Мысал үшін айтайық, өмірі жұмсақ креслода отырып келе жатқан Даниал Ахметовты жеңіл атлетика саласы үшін таптырмас тұлға деу қиын. Сол секілді Әділбек Жақсыбековтың да алған білімі мен еңбек жолы футболға мүлде қатыссыз.

Дәл осы аюға қой бақтыратын қылығымыз қазақ спортының дамуына тұсау болып келеді. Басынан дауы арылмайтын футбол федерациясына осыдан бес жыл бұрын Ерлан Қожағапанов деген басшы келді. Экономист, қаржыгер, заңгер мамандықтарына ие, еңбек жолында ешқашан спортқа қатысты қызмет атқармаған адам. Қазақ футболының қос тізгінін Қожағапанов қолға алған үш жылда ел футболы дау-дамай мен өзара келіспеушілктерден көз ашпады.

Бәріміз білетіндей, 2016 жылы Ерлан Қожағапанов бастаған футбол федерациясы қиыннан қиыстырып қытай құрамасымен жолдастық кездесу ұйымдастырды. Бұлай дейтініміз, халықаралық жолдастық кездесу өткізетін арнайы уақыт болады. Ал FIFA күнтізбесінде белгіленбеген уақытта жолдастық матч өткізудің еш жөні жоқ еді.

Ал бұған қараған Қазақстан футбол федерациясы жоқ. Ешкімнің қарсылығына қарамай дегенін жасады. Бұл шешімді қолдамаған кәсіпқой футбол лигасының басшысы Олжас Абраев қызметінен қуылды. Мезгілсіз белгіленген жолдастық кездесу үшін Премьер лига ойындары оңды-солды жылжытылып, чемпионат күнтізбесінде көптеген өзгерістер орын алғаны спорт жанкүйерлерін қатты қынжылтқан болатын.

Одан да жаманы, 7 маусым күні Қытайда өткен жолдастық кездесуде Қазақстан құрамасының белді ойыншысы Ұлан Қонысбаев ауыр жарақат алды. Талантты футболшы содан екі жыл бойы жасыл алаңға шыға алған жоқ. Ұлан биыл ғана үлкен спортқа қайта оралды. Ұланның жарақаты қазақ футболы үшін ауыр жоғалту болғанын жанкүйер қауым жақсы біледі.

Баста айтқанымыздай спорттағы жетістік спортшының таланты мен талабының арқасында ғана келмейді, оған алаң сыртындағы бапкерлер қосыны, басшылық алқасы, қолдаушылар қолпашы - бәрі де ауадай қажет. Алайда қазақ спортының екі тізгін бір шылбырын қолға алған қазіргі басшылар қосыны көз қуантпайды. Бізше, спорт федерацияларын әр саланың өз маманы басқарса оң болар еді. Кәсіптік маман өз ісін жақсы біледі. Бұған қоса, өзінің сүйікті кәсібіне жанашырлық танытатыны тағы бар.

Қуаныш Қаппас

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер