Жеңіл атлетика

Ольга Рыпакова: Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдесі екіұдай сезім сыйлады

news-banner7
mobile-news-top

Биылғы маусым Ольга Рыпакова үшін күтпеген тосынйларға толы болды. Алдымен жарақатына қарамастан Азия ойындарында жеңімпаз атанып, IAAF құрлықтық кубогінде екінші сатыдан көрінсе, кейін араға он жыл салып Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды.

Олимпиада комитетінің сайтына сұхбат берген спортшы аталған медальдің құны қандай екенін айтып, алдағы лицензиялық турнирлерге дайындықтың қалай өтіп жатқанын мәлімдеді.

- Ольга ханым, биылғы маусым да өз мәресіне жетті. Спорттық мансабыңыздағы кезекті күнтізбе жабылды. Жылдың қорытындысын жасап үлгерген шығарсыз?

- Биылғы жарыс маусымына қанағаттанарлық деген баға берер едім. Басты мақсаты – Азия ойындарында сәтті өнер көрсету болды. Сол себепті, бар күшімді Азиадаға сақтадым. Әрине, денсаулығым да сыр берді. Шамадан тыс қиналмау үшін жаттығуды да аздап тежей тұруға, бәрін ретімен орындауға тура келді. Джакартада ел қоржынына алтын салсам деген мақсатым орындалды. Ең бастысы осы.

- Жалпы, осы маусымдағы көрсеткіштеріңіз көңілден шыға ма?

- Шынымды айтсам, маусымдағы нәтижелер мен күткендей болмады. Көптеген жарыста өз межеме жете алмадым. Мұның себептері де жоқ емес, әрине. Дегенмен, жылдың ең басты бәсекесі – Азия ойындарында алтын алған соң, жоспарларым аз да болса орындалды деуге негіз бар. Енді бізді келесі маусым күтіп тұр. Өздеріңіз білесіздер, алдағы жарыс маусымы тартысқа толы болмақ. Алда Олимпиада ойындары келе жатыр.

- Олимпиада ойындарына жолдама алуға мүмкіндік бар ма?

- Мүмкіндік қашан да бар! Келесі жылы лицензиялық турнирлер мен Дохада әлем чемпионаты өтеді. Бұйырса, мен жолдама алғандар тізіміне ілігемін деп ойлаймын. Тек жарақат алып қалмасам болғаны... Егер бәрі өз ретімен, қандай да бір оқым жағдайларсыз өтсе, Дохада бабымда болатыным сөзсіз.

- Биыл сіздің медаль қоржыныңыз Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдесімен толықты. Он жылдан соң бұйырған медаль қандай сезім сыйлады?

- Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдесі екіұдай сезім қалдырды. Біріншіден, мендегі жүлделер саны тағы бірге артты. Бұл қуантады. Ал екінші жағынан, ешқандай эмоция болған жоқ. Менде мұнымен салыстыратын медальдар жетерлік. Салыстырмалы түрде қарасақ, жарыс жолағында, қалың көрерменнің алдында мойныңа таққан медаль қашан да ыстық. Он жыл өтсе де, бұл күміс менің қолыма жеткен жоқ. Тек хаттама бойынша ғана менің есімім тұр. Иә, менің өмірбаяныма Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері деген тағы бір жол қосылатын шығар. Бірақ мен бәрі жарыс кезінде әділетті түрде анықталғанын қалаймын. Сол кезде ғана медальдің бағасы ыстық болады.

- Сөз соңында жылдың қорытынды оқу-жаттығу жиындарына тоқталып өтсеңіз...

-Күз айларында біз Түркияның Белек қаласында екі жаттығу жиынын өткіздік. Біріншісі қалыпқа келтіру жаттығуы болса, екіншісінде кәдімгі дайындық басталды. Көпшілік бұл қаланы неге таңдадыңдар деп жатады. Бұған себеп – аталған қалада ауа райы қолайлы әрі жаттығу арналған алаңқайлар көп. Енді аздаған үзіліс алып, лицензиялық турнирлерге дайындықты бастаймыз.

Түпнұсқасы: Olympic.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер