Қазақ күресі

Алматыда «Әлем Барысы» өтеді

Алматыда «Әлем Барысы» өтеді
news-banner7
mobile-news-top

2 желтоқсан күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында қазақ күресінен «Әлем Барысы» өтеді. Бұл туралы Baq.kz жазды.

Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылып отырған шараға 29 елдің балуаны қатысады. Ал Қазақстан намысын төрт дүркін әлем чемпионы және Қазақстан Барысы жеңімпазы Айбек Нұғымаров, жас та болса, болашағынан зор үміт күттіретін Айбат Сейтен және Ерсұлтан Мұзаппаров, биылғы Қазақстан чемпиондары Руслан Әбдіразақов және Нұрдәулет Жарылғапов секілді бес балуанымыз қорғайтын болады.

2014 жылы xалықаралық турнир ретінде тұсауы кесілген «Әлем Барысы» бүгінде қазақ күресінен абсолютті әлем чемпионаты деңгейіне өсті. Былтыр Астанадағы «Барыс Аренада» Айбек Нұғымаров «Әлем Барысы» атанса, қазақ балуанына ақтық белдесуде лайықты қарсылас бола алған грузин спортшысы Гурам Тушишвили еді. Ал, үшінші орынға Ержан Шынкеев жайғасты.

Биылғы біріншіліктің жалпы жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайды. Оның ішінде 10 миллионы жеңімпазға тиесілі. 6 миллион екінші, 3 миллион теңге үшінші орын иегеріне табысталады. Дәстүр бойынша, алтын, күміс және қола белбеулер де қарастырылған. Сонымен қатар, биыл алғаш рет «жеңіске деген талпынысы үшін» номинациясы бойынша 1 миллион теңге сыйақы да бар. Жанкүйерлер де жүлдесіз қалмайды. Көрермендер арасында Renault Logan автокөлігі ойнатылады.

Әлемнің түкпір-түкпірінен қатысушылар Алматыға келе бастады. Олардың арасында дзюдодан биылғы әлем чемпионы Гурам Тушишвили (Грузия), қазақ күресінен әлем чемпионы Мухсин Хисомиддинов (Өзбекстан), моңғол ұлттық күресінің мемлекеттің «Лашын» атағының иегері Серік Бердімұрат және тағы басқа нәтижелі спортшылар бар. Айта кететін жәйт алдағы чемпионатқа қатысатын елдердің барлығы бұған дейін қазақ күресінің сайыстарына қатысып жүр, тек Норвегия елі алғаш рет ұлттық күресімізде бағын сынамақ.

«Әлем Барысы» қазақ күресінің әлем чемпионатын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары 2 желтоқсан күні сағат 12:45-те тікелей эфирде көрсетеді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер