Басқа

2018 жыл Отандық триатлон шеберлері үшін несімен есте қалды?

2018  жыл Отандық триатлон шеберлері үшін несімен есте қалды?
news-banner7
mobile-news-top

Бұл күндері қазақстандық триатлоншылар маусымаралық демалысқа аттанды. Осыған орай, өткен маусымның қорытындысын шығаратын да кез жетті деп хабарлайды Olympic.kz.

2018 жылғы маусым отандық триатлон үшін есте қаларлықтай оқиғаларға толы болды. Еліміздің бірнеше аймағы ірі жарыстарды қабылдау мүмкіндігін алды. Мәселен, 19-20 мамыр күндері Астанада триатлоннан «ITU World Cup Astana» әлем кубогінің кезеңі өтіп, бірінші жарыс күнінде әлемнің 36 мемлекетінен 130 кәсіби спортшының басын қосты.

Тамыз айында Алматыда триатлоннан «Almaty Asian Cup» Азия кубогі өтті. Бірінші жарыс күнінде спринтерлік қашықтықта жалпы есебі 16 мемлекеттен спортшылар қатысса, екінші жарыс күні стандартты қашықтықта еліміздің тоғыз аймағынан 159 атлет бақ сынады.

Жанкүйер көңілінен шыққан жарыстар тізімінде Ironman 70.3 Astana бәсекесі де бар. Бұл сайысты ТМД елдерінің арасынан біздің мемлекет бірінші болып қабылдауда. Әлемнің 44 мемлекетінен жиналған 932 атлет Астананың Триатлон саябағында сынға түсті.

Қазақстандағы триатлонның ордасына айналған Астанада тұңғыш рет қысқы триатлоннан қаланың ашық біріншілігі өткізілді. Спортшылар жаңа форматта, яғни, жүгіру-вело-шаңғы жарысынан кім мықтыны анықтады.

Сондай-ақ, триатлоннан алғаш рет Қостанай, Тараз, Павлодар, Қарағанды және Ақтау қалаларында жарыс өтті.

Аймақтарда жаңадан мектептер ашылып, триатлон үйірмелері жұмыс істей бастады. Бұл маусымда балалар триатлонын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Осы мақсат үшін «Temir bala» бағдарламасы іске қосылды.

Маусым қорытындысы бойынша биыл Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Қарағанды және Ақтауда жалпы есебі 13 жарыс өткізілді. Халықаралық техникалық сарапшылар елімізде өткен триатлон бәсекелерінің деңгейі жоғары екенін айтып, триатлонды насихаттау жұмысының дұрыс бағытта екенін ескертті.

Триатлон спортының елімізде кеңінен танылуына ұлттық құрама мүшелерінің халықаралық жарыстарда жүлдеге ілігуі де әсер етті. 2018 жылғы ең үлкен жеңістердің бірі – Аян Бейсенбаевтың Азия ойындарында күміске иелік етуі. Ақмола триатлон мектебінің түлегі Иорданияда өткен Азия құрлықтық кубогінде үшінші сатыдан көрініп, Шолпан-Атада өткен Орталық Азия біріншілігінде алтын алды.

ITU ұйымдастыруымен Шолпан-Атада өткен орталық Азия чемпионаты қазақстандықтар үшін олжалы болды. Қырғызстанға аттанған 10 спортшының алтауы жүлделі орын иеленді. Elite категориясы бойынша ерлер арасында Аян Бейсенбаев, Мейірлан Ысқақов пен Семен Пивоваров үздік үштікке енсе, әйелдер арасында Анастасия Автушка алтын жүлдегер атанды. Жасөспірімдер арасында бәйгені ешкімге бермеген Дарын Қонысбаевты да атап өткен жөн.

Елімізде салауатты өмір салтын қалыптастырып, аймақтардағы триатлон деңгейін өсіру мақсатымен Павлодар және Жамбыл облыстарында триатлон федерациясы ашылды. Жалпы алғанда, бұл маусым отандық триатлон шеберлері үшін сәтті өтті деуге негіз бар.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер