русский язык
Баскетбол

Рүстем Ярғалиев: «Трифунович – кез келгенмен тіл таба алатын білікті маман»

Рүстем Ярғалиев: «Трифунович – кез келгенмен тіл таба алатын білікті маман»

«Астана» баскетбол клубының капитаны Рүстем Ярғалиев қазіргі таңда жарақатынан емделуде. «PROСПОРТ Қазақстан» тілшісіне берген сұхбатында ол командасының ВТБ лигасындағы нашар нәтижесі жайлы және елімізде баскетболды қалай дәріптеуге болатынын айтты.

«PROСПОРТ» құжаттамасы:

Рүстем Ярғалиев – «Астана» баскетбол клубының капитаны

Тұған жері: 20 желтоқсан 1986 ж., Қостанай

Амплуа: қорғаушы

Жетістіктері: Баскетболдан ҚР спорт шебері, Қазақстан чемпионаты мен ел кубогының бірнеше дүркін жеңімпазы, Қазақстан Республикасының үздік қорғаушысы (2012).

– Көңіл-күйіңіз қалай? Жарақатыңыз жазылды ма?

– Көңіл-күйім жақсы. Ота жасалғанына бір ай болды. Басында қолымды қозғалта алмадым, кейін ақырындап жаттығуларға кірістім. Енді аяққа мән беремін, тезірек қалыпқа келу керек. Бірақ, қолымды абайлап жүрмін, жиырма күннен кейін рентгенге түсерем, сосын бәрі белгілі болады. Дәрігердің шешімін күтіп жүрмін.

– Командаңыздың нәтижелері қуантар емес...

– Он команданың ішінде тоғызыншы орында келеміз. Біздің құраммен әлде қайда жақсы нәтижеге қол жеткізуге болар еді. Жақсы команда жасақтадық, мықты легионерлер келді, бірақ жарақат алып қалғандар көп. Жақында Янис Блюмс тобығын шығарып алды, Дэвид Саймон мен  Антон Пономарев та емделуде. Сәтсіздіктер осығанда байланысты болса керек.

– Демек, команданың нашар ойыны, жараққатарға тікелей байланысты дейсіз ғой..

– Иә, бәлкім жарақат алмасақ нәтиже басқаша болар ма еді...

– Матчтарды жанкүйер ретінде тамашалап жүрсіз, «Триумфпен» өткен соңғы ойын жайлы не айта аласыз?

– Өкінішті, бір ұпай жетпеді. Дегенмен, команда жақсы ойын көрсетті. Мықты ойыншылардың жетіспеушілігі анық байқалды.

– Команданың жаңа бапкері туралы не айтасыз?

– Меніңше, тактикалық тұрғыда ол мықты. Маттео Боничиоллимен салыстырғанда ол бізді тәртіпке салды.

– Нақтырақ?

– Команданы тәртіпке салды. Барлығымызға бір талап, бір ереже қойылды.

– Толығырақ айтсаңыз?

– Мысалы, жаттығу барысында қалжыңдап тентек қылық жасағандар болған. Қазір олай емес. Жаңа бапкермен алғашқы ойында ВЭФті ұттық. Маттеоны нашар бапкер деп айтқаным емес, ол бізден күш жұмсауды талап ететін. Бұл да дұрыс. Алайда жігіттер қобалжып не істерін білмегенде қиындықтар туындайтын.

– Александр Трифуновичтің баптауымен сіз әлі өнер көрсеткен жоқсыз. Дегенмен, ол туралы пікіріңіз қалыптасқан шығар?

– Маған оның тәртіп орнатуы мен ойынға қоятын тактикасы ұнайды.

– Ойыншылармен қарым қатынасы қалай?

– Жақсы, барлығымен әңгімелеседі. Трифунович – білікті маман, барлығымен тіл табысып алды. Команда оны жақсы қабылдады.

– Бірыңғай ВТБ лигасында он кездесу өткізіп, үш ойында жеңіске жеттіңіз...

– Бәрі жақсы басталды, сосын неге екенін түсініксіз нәтижелер төмендеп кетті. Ойыншылар жарақат алып жеңіле бастадық. Қатарынан бес рет ұтылғанда, бірдеңе істеу керек болды. Команда басшылығы мұны ұқты.

– Статистикаға сүйенсек ВТБ лигасы аясында «Астананың» матчына ең аз жанкүйерлер жиналады. Бұл туралы не ойлайсыз?

– Астанада достарым көп, ылғи да оларды ойындарға шақырамын. Былтырғы маусыммен салыстырғанда жанкүйерлер саны өзгерген жоқ. Бірдей. Әрине жанкүйерлердің көп болғанын қалаймыз. Бірақ, адамдар аса қызықпайды баскетболға.

Ел чемпионаты туралы пікіріңіз қандай?

– Ел чемпионаты әлсіз. Бұрында «Тигры Астана» болғанымызда мықты командалар көп болатын. Қазіргі таңда «Астана» барлығынан мықты. Өкінішті бәсекелестік жоқ. «Атырау Барсы» деген команда бар, қалғандары өте әлсіз. Әрине, бәрі қаражатқа тіреледі. Бізді «Самрұқ-Қазына» қаржыландырады, оларда демеуші жоқ. 

– Ол мүмкін баскетболға деген қызығушылықтың аз болғандығынан шығар?

– Баскетбол беделді спорт. Бірақ қарқынды дамып жатқан жоқ. Бізден кейінгілердің арасынан ешкімді көріп тұрған жоқпын. Тәлім беретін, жас балалар жоқ. Біздегі ойыншылар 24 пен 28 жас аралығында. Жақсы мамандар да тапшылық, балалармен айналасатын бапкерлер жоқ.

– Өткен жылы еліміздегі журналдардың бірі сізді отбасын құрмаған сұлу жігіттердің қатарына енгізді. Сол уақыттан бері бірдеңе өзгерді ме?

– Қызым жоқ, үйленуге асығып тұрған жоқпын. Ол туралы көп ойланбаймын, бірақ әріптестерімнің бәрінде қыздары мен әйелдері бар. Мен әзірше сұрбойдақпын, ұялатын ештеңесі жоқ. Аңсаған ақ құсымды тапсам, бірден үйленуге дайынмын.

– Қандай да бір талаптарыңыз бар ма?

– Сырт келбеті аса маңызды емес.

– Сенбеймін.

– Рас айтамын. Ол туралы аса көп ойланбаймын, мінезіміз келіссе болды. Ең бастысы анамды құрметтеуі керек. Жаман әдеттері болмауы керек. Бірақ, ондай қыздар аз.

– Тамақ әзірлеудің шебері екенсіз, қандай түрлерін дайындай аласыз?

– Тауықты пеште пысырғанды ұнатамын. Сорпаның түр-түрін жасай аламын. Балық әзірлеймін, тағысын тағылар. Ең бастысы аштан өлмеймін.

Көңіл-күйіңіз болмағанда не істейсіз?

– Көңіл-күйімді көтеруге тырысамын. Теледидар көрем, ғаламторда отырамын. Спорт сайттарына жиі кірем. НБА-да болып жатқан жаңалықтарды мұқият бақылаймын. Ауыр атлетика, бокс, гимнастика және волейбол...әйелдер волейболын (күледі) ұнатамын.

– Жаңа жылдағы алға қойған мақсаттарыңыз қандай?

– Ең бастысы – жарақатымды емдеп алу. Бұдан басқа, командамен – плей-офф кезеңіне жолдама алып, жақсы нәтиже көрсету. Осының бәріне құдайға шүкір жетеміз деген үміттемін.

Сұхбатты алған: Лариса ГРЕЧИХИНА

Аударған: Қайсар ОҚАС

 

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;