Ауыр атлетика

Илья Ильин: Дәрігер бір ай жаттығуға тыйым салды

Илья Ильин: Дәрігер бір ай жаттығуға тыйым салды
news-banner7
mobile-news-top

Жарақатына байланысты Түркия астанасы Анкарада жүрген қазақстандық атақты ауыр атлет Илья Ильин алғашқы тексерістен өтті, деп жазады Prosports.kz cайты.

Допинг дауына байланысты ұзақ уақыт жарыстардан шеттетілген Илья биыл маусым айынан бастап жаттығуға қайта оралған. Әрі қыркүйек айының басында Талдықорғанда өткен Қазақстан чемпионатында топ жарған.

Өзінің бұрынғы атақтарын қайтарып алуға білек сыбана кіріскен атлет осыдан кейін Ашхабадта өтетін әлем чемпионатына қатысуды көздеген. Алайда әлем біріншілігі жақындаған тұста Ильяның Ашхабадтағы әлемдік додаға бапкердің көмекшісі ретінде баратыны белгілі болды.

Бұған жеңіліп көрмеген ауыр атлеттің омыртқасындағы жарақаты себеп болып отыр. Бұл жарақат 2016 жылы пайда болған. 8 ай бұрын дәрігерлер омыртқа арасындағы жарықтарды байқаған екен.

Қазіргі таңда Илья Ильин Түркияның астанасы Анкара қаласында жүр. Спортшы алдағы уақытта Анкарада ем алмақ. Бұл туралы спортшының өзі мәлім етті.

«Бүгін алғашқы тексерістен өттім. Дәрігер негізгі үш проблеманы атап өтті. Алдағы бір ай бойы физиотерапия, физоем аламын. Омыртқама күш салмас үшін ауыр жаттығу жасамаймын. Алдымен жеңіл жаттығулар жасап, артынша ауыр атлетикаға бой бұрамын деп ойлаймын», - дейді Илья Ильин.

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер