Қайрат Нұрдәулетов: «Динамо» - «Астананы» жеңу үшін барын салады

Қайрат Нұрдәулетов: «Динамо» - «Астананы» жеңу үшін барын салады
news-banner7
mobile-news-top

Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкерінің көмекшісі Қайрат Нұрдәулетов Қазақстандағы футбол маусымының ең маңызды ойындарының бірі – УЕФА Еуропа Лигасы топтық кезеңі аясындағы 29 қараша күні «Астана Арена» стадионында өтетін «Астана» - «Динамо» (Киев) арасындағы ойын туралы өз пікірімен бөлісті.

- Қайрат Жұмабекұлы, УЕФА Еуропа Лигасының топтық кезеңі аясындағы 20 қыркүйек күні Украинада өткен киевтік «Динамо» мен елордалық «Астана» арасындағы кездесуді тамашалаған боларсыз. Бұл ойыннан қандай әсер алдыңыз? Қазақстандық команданың ойынына көңіліңіз толды ма?

- Киевтік «Динамо» - талантты футболшыларды құрамына жинақтаған, енді даму жолына түсіп келе жатқан жас команда. «Астана» мен «Динамо» арасындағы алғашқы кездесу тең дәрежеде өрбіді. Алғашқы ойында киевтіктердің кездесудің фавориті саналғандығына қарамастан, «Астана» өте лайықты дәрежедегі ойын үлгісін көрсетті. «Астанаға» қарсы кездесу аяқталғаннан кейін украиналық БАҚ өкілдері «Динамо» командасының бас бапкері Александр Хацкевичті қатты сынға алған болатын. Дегенмен, киевтік команданың соңғы кездесулерде өз бабына келгендігі байқалады. Оған, франциялық «Реннға» қарсы соңғы ойыны дәлел. «Динамо» қазір өзінің нағыз бабында. 29 қараша күні «Астанаға» қиын болары сөзсіз.

- Украиналық команда Еуропа Лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алу үшін, Астанадағы ойында киевтіктерді тең нәтиже қанағаттандырады. 29 қараша күнгі кездесуде біздің қарсыластарымыз тең нәтиже үшін ойнауы мүмкін бе?

- Жоқ, мен олай ойламаймын. «Динамо» - «Астанадан» үш ұпай алу үшін барын салатындығы сөзсіз. Бұл Еуропа Лигасының топтық кезеңі болғандықтан, әлемнің ең беделді футбол мамандары бұл ойындарды арнайы қадағалайды. Оған қоса, киевтік команданың жас ойыншылары өздерін жақсы қырынан көрсету үшін барын салатындығы анық.

- Киевтік командаға УЕФА Еуропа Лигасы топтық кезеңінен бірінші орынмен шығу қаншалықты маңызды болмақ?

- Біріншіден, топтағы алғашқы орынға қол жеткізу үлкен бедел. «Динамо» (Киев) командасының алдында плей-офф кезеңіне жолдама алу ғана мақсаты тұрмағандығы анық. Киевтік команда бұрынғы КСРО-ның ең табысты және даңқты, аңыз клубы. Екіншіден, топтық кезеңнің жеңімпазы турнирдің 1/16 финалында әлсіздеу қарсыласқа жолығады. Осы орайда, бұл фактордың да маңызы зор.

- «Астана» футбол клубы - Қазақстан футболының тарихында тұңғыш рет УЕФА-ның клубтық рейтингінде ТОП-50 команданың қатарына енді. Елорда командасының бұл жетістігін кездейсоқтық деп есептейсіз бе?

- Бұл кездейсоқтық емес және таңғаларлық дүние емес. Мен команданың соңғы 5-6 жылдағы жасап келе жатқан жұмысының куәгерімін. «Астана» өзінің ойынымен, жеңіске деген жігерімен, жасаған жұмысымен бұл орынға толықтай лайықты. Бұл ілгері жылжу клубтың көрсетіп келе жатқан ойынында ғана емес, клуб басшылығының, скаутинг, баспасөз қызметі мен маркетинг жұмысының күрт өскендігінен де байқалады. Клуб сапында қызмет жасайтын еден жуушыдан бастап, клуб президентіне дейінгі барлық адамдар қазақстандық футболдың көшбасшылары ретінде жұмыс жасап келеді. «Астана» футбол клубы бүгінгі таңда Қазақстандағы еңүздік спорттық жобалардың бірі. Бұл біздің халқымыздың нағыз мақтанышы. Ал 29 қараша күні киевтік командаға қарсы өтетін кездесу біздің футболдың флагманы үшін үлкен бір сынақ болары анық. Бұл сөзсіз керемет ойын болады. Осы ойынға билет алған жанкүйерлер ойыннан керемет ләззат алатынына сенемін.

Түпнұсқасы: fca.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер