Дзюдо

Максим Раков пен Азамат Мұқанов мансабын аяқтады

Максим Раков пен Азамат Мұқанов мансабын аяқтады
news-banner7
mobile-news-top

Дзюдодан 2009 жылғы әлем чемпионы Максим Раков пен 2013 жылғы әлемдік сынның финалисі Азамат Мұқанов үлкен спортпен қоштасты.

Қазақ спортының дамуына үлкен үлес қосқан екі балуанды дзюдодан Қазақстан біріншілігінің ашылу салтанатында жанкүйерлер құрметпен шығарып салды.

Максим Раков тәуелсіз Қазақстан дзюдошыларының арасында алғаш болып әлем чемпионы атанды. Ол 2009 жылы Роттердамда өткен әлемдік сынның финалында татами иесі Хенк Кроллды жеңіп, елімізге алтын медаль сыйлады.

2011 жылы Парижде өткен әлем чемпионатының финалында ғана сүрінген Раковтың еншісінде дүбірлі доданың күміс жүлдесі де бар.

Одан бөлек, Раков Азия чемпионаттары мен Гран-при додаларында сәтті өнер көрсетті. Өкінішке қарай, қазақ дзюдосының көшбасшына айналған балуанға Олимпиада ойындары бағынбай кетті. Ол 2012 жылғы Лондон және 2016 жылғы Рио Олимпиадаларында сәтсіздікке ұшырады.

Десе де, Максим қазақ елінің намысын абыроймен қорғап, талай ірі жарыстарда еліміздің байрағын көкте желбіретті.

Азамат Мұқановтың есімі 2013 жылғы әлем чемпионатының финалынан бері жанкүйерге жақсы таныс. Бразилияда өткен әлем чемпионатында Георгий Зантарая бастаған тісқаққан спортшыларды жеңіп, финалда ғана жеңіліс тапқан Мұқанов ел спортына үлкен үлес қосты.

"Татамиде өткен спорттық ғұмырыма өкпем жоқ. Ірі халықаралық жарыстарда еліміздің абыройы үшін күрестім. Енді, міне, бір жағынан уақыт келді. Екінші жағынан, артымыздан ерген спортшыларға жол беріп, бағыт-бағдар сыйлау керек. Осы аралықта маған тілеулес болған барша жанкүйерге рахмет", - дейді Азамат.

Азамат Мұқанов Азия ойындарының күміс және қола жүлдегері.

Түпнұсқасы: olympic.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер