Еркін күрес

Еркін күрестен команда бас бапкері әлем чемпионатын қорытындылады

news-banner7
mobile-news-top

Күрес түрлерінен Будапештте аяқталған әлем біріншілігінде қазақстандық еркін күрес шеберлері бір жүлдені қанағат тұтты. 57 келідегі Нұрислам Санаев финалда белдессе, қалған балуандарымыздың шамасы көпке жеткен жоқ.

Спортшылардың төмен нәтиже көрсетуіне не себеп? Күрестегі жаңа ережелер ұлттық құраманың көрсеткішіне қаншалықты әсер етті? Еркін күрестен команда бас бапкері Әсет Серікбаев Olympic.kz сұрақтарына жауап берді.

Талап күшейді

- Әлем чемпионаты басталмас бұрын халықаралық қауымдастықтың конгресі өтті. Сол жиында біз көптеген өзгерістер еніп, балуандарға қойылатын талаптың күшейгенін түсіндік. Мәселен, бір салмақтағы белдесулер екі күнге созылды. Бұл спортшыларға қолайлы. Өйткені, шаршамай, өз күшінде тұрған балуан әдемі күрес көрсетеді. Бірақ екі күн бойы салмақ өлшеу рәсімінен өту оңай емес. Шыны керек, барлық спортшылар салмақ қуады. Былтырғы әлемдік сыннан кейін салмақ ауыстырған спортшылар некен-саяқ. Барлығы өз салмақ дәрежесінде қалған. Демек, ережені қалай өзгертсе де, бұл мәселе сол күйінде тұр.

Маған Будапешттегі мына бір көрініс ұнамады. Таңертең салмақ өлшеуге барған балуандар өздерімен бірге тамағын әкеліп, процесс аяқталған соң кілемнің үстінде ас ішіп отырады. Бұл көзге оғаш көрінеді екен. Одан бөлек, қола медаль алған спортшыларға өз елінің байрағын көтеріп, кілемді айнала жүгіруге тыйым салынды. Бұл қауымдастықтың шешімі, неліктен мұндай қадамға барғандарын мүлде түсіндірмеді. Грек-рим күресінен екі қола алған бауырларымызға да көк туымызды көтеруге рұқсат еткен жоқ.

Санаев ереже бұзды

- 57 келіде әлем чемпионатының алтынына күрескен Нұрислам Санаевтың белдесуінен соң жанкүйер көкейінде көп сұрақ қалғаны анық. Бізден «неліктен апелляция түсірмедіңіздер» деп сұрап жатқандар көп. Ендеше, бұл мәселенің басын ашып берейін. Жоғарыда әлемдік күрес қауымдастығының ережені күшейткені туралы айттым. Жаңа ереже бойынша, қарсыластың жейдесінен ұстауға, тартуға рұқсат жоқ.

Санаев соңғы ұпайын алған соң ресейлік балуанның жейдесінен ұстап алды. Егер белдесу барысында ережені бір-ақ рет бұзса, төреші ауызша ескертумен шектеледі. Ал екінші рет көзге түссе, бірден қарсыласқа ұпай жазылады. Нұрисламның санаулы секундта алтыннан айырылуына себеп осы. Әйтпесе, тарихи жеңіске бір қадам жақын тұр еді. Алтын – бәрімізге арман.

Жігіттерге тәжірибе де, жігер де жетпеді

- Біздің балуандар шамасы келгенше күресті. Көпшілігіне тәжірибе жетпесе, енді біріне сәттілік жолдас болмады.

61 келідегі Қуат Әміртаев бірінші кездесуінде-ақ иығын жарақаттап алды. Негізі, бұл жігіттің болашағы бар. 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлемдік сынның күміс жүлдегері. Жақында Польшада өткен халықаралық турнирде Әміртаев АҚШ балуанын жеңген еді. Сол спортшы Будапешт кілемінен қола алып кетті.

65 келідегі Дәулет Ниязбеков құрамадағы тісқаққан балуан еді. Кілемдегі көргені көп, 2011 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Дегенмен, Дәулет қателігін тез арада түзеуге дайын болмай шықты. Әйтпесе, техникалық, физикалық тұрғыдан толық дайын болатын. Біз Дәулет бір жүлде алады деп сенгенбіз. Үміт ақталмады.

70 келідегі Амандық Бәкиев психологиялық тұрғыдан ақсады. Оған мінез жеткен жоқ.

74 келідегі Болат Сақаев күші жеткенше күресті. Ширек финалда екі дүркін әлем чемпионы, италиялық Франк Чамизодан ұтылды. Бұл балуанымыз өз деңгейінде өнер көрсетті деп сеніммен айтуға болады.

79 және 86 келіде сынға түскен Бақтияр Ізбасар мен Әділет Дауланбаевтар туралы не айтуға болады? Бақтияр бірден Ресей балуанының уысына түсті. Ал ресейліктердің күрестегі қарқынын білесіздер. 92 келідегі Нұрғали Нұрғайыпұлы жарақатына байланысты көптеген турнирлерге қатыса алмай, Польшада ғана күресті. Оған да тәжірибе жетпегені анық. 97 келідегі Мәмед Ибрагимов та жаман балуан емес.

Ал 125 келідегі Іңкәр Ермұхамедтің жеребеден жолы болды. Оған тек кілемге шығып, күресіп, жеңу керек еді. Бірақ одан мүлде ынта көрмедім.

Кіші салмақтарға көңіл бөлеміз

- Біздің ендігі мақсат - Олимпиада бағдарламасына енген алты салмақты күшейту. Әсіресе, 57, 65, 74, 86 келіге дейінгі салмақтағы спортшыларды одан әрі шыңдау керек. 74 келіде Азия ойындарының күмісін иеленген Данияр Қайсанов деген балуанымыз бар. Ол белінен жарақат алып, биылғы әлемдік додадан сырт қалды.

Десе де, оның үлкен кілемдерде топ жаратынына сенімім мол. 125 және 97 келідегі спортшыларымыз әлсіздеу. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Олимпиада жолдамасын иеленіп, қазақ еліне алтын сыйлау біздің ең негізгі міндетіміз болып қала береді.

Түпнұсқасы: olympic.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер