русский язык
Футбол

«Алтын Доп» кімге бұйырады?

«Алтын Доп» кімге бұйырады?

13-ші қаңтар күні Швейцарияның Цюрих қаласында «Алтын Доп –2013» жүлдесі әлемнің ең үздік ойыншысына беріледі. Барлығымыз білетіндей, үміткерлер: Рибери, Роналду және Месси. Осы ретте «PROСПОРТ Қазақстан» тілшісі бәсі биік сыйлыққа кім лайық екенін анықтап көрмек.

3. Лионель Месси, 27 жаста. («Барселона», Аргентина құрамасы)

Алтын доп жинаудың хас жебері, шабуылдың кемеңгері аргентиналық ойыншы биылда жүлде алуға дәмелі. Лионель Месси - Аргентина құрамасы мен каталондық «Барселонаның» жұлдызы һәм футбол тарихындағы үздік ойыншылардың бірі. Леоның мақтаушылары қанша көп болса, даттаушылары да жетіп артылады. Жалғыз өзі ойын тағдырын шеше алатын, қорғаушылардың зәресін алып үрей тудыратын феномен. Алайда 2013-те Мессинің мандытқаны шамалы. Чемпиондар Лигасының жартылай финалында «Баварияға» қарсы кездесуде жарақатпен шығып командасына көмектесе алмады. «Барсаның» ірі есеппен жеңілгені нақ соған дәлел. Десекте, Месси былтырғы маусымда «Барселонамен» Испания чемпионатын ұтып, сұрмергендер тізімінде Роналдуны артқа тастады. «Примераның» үздік бомбардиры атанды. Бұдан басқа, Аргентина құрамасымен әлем чемпионатының іріктеу кезеңінен сәтті өтті. Бұл да жетістік. Бірақ, Месси былтырғы маусымда жарақаттан көз ашпады. Соған байланысты, былтырғы маусымның аяғы мен биылғы маусымның басында көп кездесуге қатыса алмады. Әрине, Месси «Алтын допқа» лайық өнер көрсетті, бірақ қатарынан бесінші рет ұтуы екі талай... Біздің тізімде ол - үшінші.

Былтырғы маусымдағы жетістіктері.

Командалық жетістіктері:

2012/2013ж. Испания чемпионатының жеңімпазы

2012/2013ж. Испания Суперкубогының жеңімпазы

Жеке жетістіктері:

2012/2013ж. «Ла Лиганың» үздік бомбардирі

2012/2013ж «Алтын бутсы» иегері

 

2. Криштиану Роналду, 29 жаста. («Реал Мадрид», Португалия құрамасы)

«Реал» Мадрид пен Португалия құрамасының шабуылшысы жыл сайын әдемі ойын көрсетуде. 2008 жылғы «Алтын доп» иегері, кейінде бірнеше рет сол атаққа лайық болды. Дегенмен Месси оның алдын орай берді. Қазіргі таңда Роналдусыз мадридтік клубты елестету қиын. Жалпы, Роналду үшін былтырғы маусым жеке рекордтар тұрғысында ерекшеленді: Жыл бойында ол 68 гол соқты. Сұмдық нәтиже... Былтырғы маусымда Роналду «Бланкос» сапында ешқандай трофейге қол жеткізе алмаған. Сенбес оқиға. Жекелей бәсекеде, былтырғы маусымның УЕФА Чемпиондар Лигасының үздік сұрмергені атанды. Бұған қоса жаңа маусымда топтық кезеңнің қорытындысы бойынша он бір гол соғып, жаңа рекорд орнатты. Шыны кере, Роналду «Алтын Допты» ұтуға лайық ойыншы. Португалия құрамасын «Мундиальға» алып шықты. Соңғы екі кездесуде соққан төрт голы болмаса португалдықтар әлем чемпионатын теледидардан тамашалаушы еді. «Реал» былтырғы Чемпиондар лигасында «Боррусияға» есе жіберсе, артынша «Барселонаға» Испания чемпионатында ұтылып қалған болатын. Кейін, «Атлетикодан» Испания кубогында да жеңіліп қалды. Сол матчта Роналду қызыл қағаз алып, алаңнан қуылған болатын. Әлем футболының жарық жұлдызы соңғы екі жылда «Алтын Допқа» бек лайық еді. Сонда да жасымай көркем өнерімен жанкүйерін қуантудан талмайды. Тіпті соңғы кездері гол соққаннан кейін сұқ саусақпен өз-өзін нұсқап, «мен мықтымын» дегендей қылық көрсетеді. Соған қарағанда, биылғы «Алтын Допты» аңсайды. Дегенмен, біздің тізімде - ол екінші .

Былтырғы маусымдағы жетістіктері.

Командалық жетістіктері:

2012/2013 жылдың Испания чемпионатының күміс жүлдегері

2012/2013 жылдың Испания кубогының финалисі

Жеке жетістіктері:

2012/2013ж. УЕФА чемпиондар лигасының үздік бомбардирі

2012/2013ж. «Ла Лига» чемпионатының үздік ойыншысы

2012/2013ж. Португалияның үздік футболшысы

 

1.  Франк Рибери, 30 жаста. («Бавария» Мюнхен, Франция құрамасы)

Кезек «Алтын допқа» басты үміткер Франк Рибериге де келіп жетті. Француздық жартылай қорғаушы былтырғы маусым қорытындысы бойынша Еуропаның үздік ойыншысы атанды. Бұл жолы да жекелей сый Риберидің қолына ұстатылуы әбден мүмкін. Роналду мен Месси секілді голдарды жаңбырша жаудырмаса да, өзіне тән мінезі бар. Жігері арқасында «Алтын допты»  ұтуға лайықты екенін көрсетті. Былтырғы маусымда Юпп Хайнкес жаттықтырған «Баварияның» треблы осы Риберидің арқасында. Біздің ойымызша 2013 жыдлың ең үздік ойыншысы атағына осы Рибери лайық. 30 жастағы футболшы «Бавариямен» бірге «Бундеслига» және Германия кубогын жеңіп алды. Артынша, финалда «Боруссияны» тізерлетіп УЕФА Чемпиондар Лигасын ұтуға үлес қосты. Кейін, УЕФА Суперкубогы кездесуінде Рибери жеңісті голдың авторы атанды. Сондай-ақ, желтоқсан айында клубтар арасындағы Әлем чемпионатының кубогын көкке көтерді. Бір жыл ішінде бес трофейге қол жеткізді. Нәтиже деп осыны айт! Әрине, Юпп Хайнкес секілді мықты бапкерсіз, әріптестері Томас Мюллер, Бастиан Швайнштайгер, Филип Лам , Арьен Роббен сияқты ойыншыларсыз бұл нәтижеге жетпесі анық. Қазірдің өзінде, Рибери нәтижелі пас беріп голдарымен көзге түсуде. Франция құрамасы үлкен жетістіктерге жетпесе де, Рибери «бақалардың» жетекші ойыншысы. 2014 жылғы Әлем чемпионатының Украинаға қарсы өткен плей-офф матчында оның нәтижелі пастары жеңіс әклді. ФИФА президенті Мишель Платини оның жерлесі екенін ескере отырып жекелей сыйы бұл жолы Франк Риберидің қолына ұстатылуы тиіс деген қорытындыға келдік.

Былтырғы маусымдағы жетістіктері.

Командалық жетістіктері:

2012/2013 жылғы  УЕФА чемпиондар лигасының жеңімпазы

2012/2013 жылғы Германия чемпионатының жеңімазы

2012/2013 жылғы Германия кубогының жеңімпазы

2012/2013 жылғы УЕФА Суперкубогының жеңімпазы

2012/2013 жылғы Клубтар арасында Әлем чемпионатының жеңімпазы

Жеке жетістіктері:

2013ж. Францияның үздік ойыншысы

2013ж. Еуропаның ең үздік ойыншысы

2013ж. «Бундеслиганың» жыл ойыншысы

2013ж. Клубтар арасында Әлем чемпионатының үздік ойыншысы

Пікірлер – сан-алуан. Бұл біздің ойымыз. Не болсада үш үміткердің әрқайсысы бұл жүлдеге лайық. Естеріңізге сала кетсек, «Алтын Доп-2013» ресми марапаттау рәсімі  13-ші қаңтар күні Швейцарияның Цюрих қаласында өтеді.

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;