русский язык

Еліміз балалар хоккейін дамытпақ

Еліміз балалар хоккейін дамытпақ

Елімізде хоккейге қызығушы балалар мен жасөспірімдердің саны жыл санап артып келеді. 

Соған сәйкес осы спортқа баулитын мектептердің қатары көбейе түсуде. Таяуда Астанада жоғары кәсіби бағдарлама бойынша оқытатын мектеп ашылды.

Қазақстан хоккейі соңғы жылдары өз деңгейін жоғалтып алды. Әлемдегі үздіктер қатарына жататын Ұлттық құрама олимпиада жолдамасын ала алмай, бірталай сынға ұшыраған. Одан кейін әлемдік додадағы элита қатарынан шығып қалып, тағы да жолы болмады. Осыған орай еліміздегі хоккейді дамытудың жүйесін жетілдіріліп, спорт мектептеріне деген талап күшейді. Келешекте Қазақстан намысын қорғайтын әр ойыншы бала кезінен кәсіби деңгейде дайындалуы керек.

Валерий Накипов, балалар және жасөспірімдер хоккей мектебінің бөлім жетекшісі:

- Біздің мектептің құрылғанына 2 жыл болды. Осы аралықта біз жоғары деңгейлі жас хоккейшілерді дайындап үлгердік. Ең басты ерекшелігіміз – бапкерлердің кәсіпқойлығы. Сонымен қатар балаларға қойылатын талап тым қатаң. Астаналық кәсіпқой мектепте 400-ге жуық бала мен жасөспірім бар. Олардың әрқайсысы арнайы тексерістен өткен. Тіпті кейбір ойыншылар басқа өңірлерден іріктелініп әкелінді. Олар енді отандық мамандар ойлап тапқан ерекше жүйемен дайындалуда. Күнделікті аэробика, фитнес және физикалық жаттығулармен қатар 1 сағаттан астам мұздағы дайындық бар.

Сергей Песечник, бапкер: - Балалар хоккейінде негізі дөрекі ойнауға жол берілмейді. Соған қарамастан, жарақат алып жатқан жағдайлар кездеседі. Біздің мақсатымыз – қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, өте мықты және кәсіпқой ойыншыны қалыптастыру. Құрылғанына аз уақыт өтсе де, астаналық мектеп командалары Ресей чемпионатындағы үздіктер қатарына кіріп үлгерген. Сонымен қатар бірнеше дүркін ел чемпионы атанды. Алдарына койған мақсаты – халықаралық және әлемдік бәсекелерде жүлдегер атану.

Авторлары: Аслан Қаженов, Ержан Қанапияұлы

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;