русский язык

Германиялық қазақ Нәби Филиз «Ордабасымен» жаттығуда

Германиялық қазақ Нәби Филиз «Ордабасымен» жаттығуда

Шымкенттің «Ордабасы» командасы Түркияның Белек қаласында оқу-жаттығу жиындарын бастап кетті. Мұнда ойыншылар физикалық, техникалық тұрғыда жан-жақты дайындалып, өздерінің шеберліктерін пысықтауда. Команданың бас бапкері Виктор Пасулько командаға арнайы шетелдік екі футболшыны шақыртып олардың шеберліктерін байқауда. Украинаның «Кривбасс» командасында ойнаған словениялық жартылай қорғаушы Дариян Матич пен германиялық қазақ футболшы Нәби Филиз команда құрамында сынақтан өтуде.

Бавария мектебінің өкілі, 24 жасар Нәбимен бүгінгі жаттығудан кейін сөйлескен едік.

- «Ордабасының» жаттығуларына қатысқаныңа 2 күн болды. Команда қалай қарсы алды сені?
- Жігіттер жақсы қарсы алды. Барлығы кішіпейіл, жылы сөйлеседі. Құрметпен қарауда.

- Жігіттермен қай тілде сөйлесудесің? Оларға да қызық шығар Германия қазағын көру?
- Аздап қазақша, аздап ағылшынша сөйлесеміз. Иә, Германия футболы туралы сұрайды. Бірақ жаттығулардан көп уақыт болмай жатыр. Кейін уақыт болғанда ашылып сөйлесерміз.

- Сенің позицияңда сен сияқты солақай, команда капитаны Қайрат Әшірбеков ойнайды. Таныстың ба капитанмен?
- Командадағылармен толығырақ танысуға уақыт болмай жатыр. Қазір тек қысқаша таныстық бәрімен.

- Қазіргі формаң, дайындығың қалай?
- Жаман емес. Ешқандай жарақатым жоқ, жалпы дайынмын.

- Қазақстандық басқа командалардан да саған қызығушылық бар екенін білесің бе? «Ордабасыдан» басқа шақыру алдың ба?
- Жоқ, тек «Ордабасы» ғана жаттығуға шақырды. Түркиялық бір командадан шақыру алдым желтоқсан айында. Бірақ менің алғашқы таңдауым қазақ командасы. Атажұртта ойнағым келеді. Әр нәрсенің бір қайыры болады. Алла қаласа ойнап қалармын.

- Егер Қазақстанда ойнайтын болсаң Қазақстан азаматтығын алар ма едің?
- Ешқандай ойланбастан алар едім. Қаным қазақ қой. Еуропада болсын, басқа жерде болсын үнемі қазақ екенімді мақтанышпен айтамын.

- Рахмет сұхбатыңа. Сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан Аршат Оразов

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;