Велоспорт

«Қазір командалар «Алматы Турына» өздері кезекке тұрады»

«Қазір командалар «Алматы Турына» өздері кезекке тұрады»
news-banner7
mobile-news-top

Қазақстанның осы күздегі басты спорт оқиғаларының бірі 29 қыркүйекте басталады – Оңтүстік астана алтыншы рет қатарынан «Алматы туры» додасын өткізеді. Осы жолы да өткен жылдағыдай доданың екі кезеңі болады және 30 қыркүйекте Медеу мұз айдынындағы мәреде аяқталады. Еліміз үшін ерекше жобаның ерекшеліктері жайлы Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Дархан Кәлетаев айтып берді.

– Дархан Аманұлы, өткен жылы «Алматы туры» ұйымдастырушылары жарысты екі кезеңмен өткізіп, осы арқылы доданың мәртебесін көтерді әрі халықаралық командалардың қызығушылығын туғызды. Алайда екі кезеңмен өткізу күрмеуі қиын мәселе болып көрінген бірқатар қиындығымен байланысты еді – әсіресе екінші кезеңдегі телевизиялық трансляцияларға қатысты. Тікұшақтан сигнал таратуда кедергілер болғаны есімізде. «Алматы туры 2017» додасынан қандай сабақ алдыңыздар және осыған байланысты биылғы жарыста қандай өзгерістер болады?

– Бірінші кезекте бізге көпкүндік жарысты өз күшімізбен өткізуді үйрену маңызды болды. Әрине, шетелдік мамандарды жалдай салуға болар еді, алайда біз көп уақытымызды арнап, көптеген мәселемен бетпе-бет келсек те жарыстарды болашақта өткізу үшін тәжірибе жинауды ұйғардық. Бұл Қазақстан велоспортының дамуына зор үлес қосатын маңызды міндет. «Алматы туры 2017» додасынан алған тәжірибеміздің арқасында бүгінде велододаны жоғары деңгейде өткізе алатын кәсіби мамандардан құрылған командамыз бар. Қазірдің өзінде өткен жылдары айтарлықтай қиындық туғызған процестердің оңайлап, жылдамдай түскенін айта аламыз.

Біз меңгерген тағы бір мәселе – қала өмірінің жағдайына бейімделу. Яғни қалалықтарға барынша кедергі келтірмеуге тырысамыз. Жолдарды жабу процесі динамикалық. Пелотон белгілі бір көшеден өткен бойда жолдар қайта ашылып отырады. Қайткен күнде де сын айтылады, бірақ біз өткен жылы сол ескертулерге мұқият құлақ асып, ақылға қонымды сындарды, оның ішінде әлеуметтік желілердегі пікірлерді ескердік, сондықтан да бұл жолы олқылықтардың алдын алуға барымызды саламыз.

Сіз дұрыс айттыңыз, дайындық кезеңіндегі қиын мәселелердің бірі техникалық процестер мен ТВ-түсірілімдер. Хронометраж, фотомәре және жарыстың тікелей көрсетіліміне арнайы кәсіби жабдықтар қажет, бірақ мұндай техника Қазақстанда жоқ. Бұл мәселелерде шетелдік әріптестеріміздің көмегіне жүгінуімізге тура келеді. Осы бағыттың өзінде де белгілі бір деңгейде алға жылжыдық деп айта аламын.

«Алматы туры 2018» қатысушылары қандай маршрутпен жүреді?

– Велододаның негізгі бөлігі қала көшелерінде өтеді, сондықтан да өзге елдің тұрғындары тікелей эфир арқылы Алматының әсем жерлерін тамашалауға мүмкіндік алады. Өткен жылы бірінші кезең кезінде ауа райы қолайсыздау болды. Естеріңізде болса, сол күндері жаңбыр жауып, ауа температурасы төмен болған еді. Бұл өз кезегінде велошабандоздардың құмарын арттыра түсіп, күтпеген тосынсый элементін қосты – үздік үштікті болжау қиынға соқты. Соған қарамастан, бұл жолы ауа райы қолайлы болып, Алматының бар кереметін бүкіл әлемнің көрермендеріне паш еткенін қалаймыз.

Бірінші кезең ҚБТУ ғимаратының алдындағы «Астана» алаңынан басталады, содан кейін пелотон «Қала айналымы» көшелерімен жүріп өтеді – барлығы 7 айналым, сөйтіп, жарыс «Астана» алаңындағы мәреде аяқталады. Ал екінші кезеңнің сөресі «Халық Аренадан» басталып, мәресі өткен жылғыдай «Медеуде» орналасады.

Биыл додаға қанша команда қатысады?

21 команда қатысады деп жоспарлап отырмыз. Кәсіпқой командалардың ішінде, әрине, өзіміздің «AstanaProTeam» велокомандасы бар. Франциядан «DelkoMarseilleProvenceKTM» құрлықтық командасы келеді, олар «Алматы турының» дәстүрлі қатысушылары. Қазақстан мен Ресейдің ұлттық құрамалары келеді. Қалғандары құрлықтық командалар, олардың қатарында петропавлдық «VinoAstanaMotors» және алматылық «AppleTeam» командалары бар.

«Алматы турына» қызығушылық артып келе жатқанын айтуымыз керек. Бұрын көпшілік командаларды өзіміз шақыратын болсақ, енді жарыс жақындамай-ақ өздері өтінім қалдырып, кезекке тұрып жатыр, сәйкесінше, бізде үздіктерді іріктеп алуға мүмкіндік пайда болып отыр.

– Осы бес жыл бойында қандай сын айтылды?

– Шын мәнінде сын көп айтылады. Айтып өткенімдей, сынның негізі жарыс барысында жолдарды жабуға қатысты. Бұл көбіне қалалықтардың велододаны веложарыспен шатастыруынан болып отыр, себебі айтылған сындарға қарасақ, онда «тағы да осы веложарыстардан көшелерде кептеліс болады» делінеді. Бұл жағдайда «Алматы турының» халықаралық спорт жарысы екенін және оның жылына бір-ақ рет өтетінін, оған кәсіби велосипедшілер қатысатынын, соған қатысты қаланың абыройын көтеріп, өңірдегі спорттың дамуына зор үлес қосатынын әрі туристерді тартатынын түсіну маңызды. Мәселен, Астанамыз әсіресе Еуропада әрдайым көп айтылады. Бұл біздің велокомандамыздың арқасында. Алматының танымалдығын арттыру өте маңызды, оның үстіне шаһарымыз Орта Азияда велоспорты дамыған қалалардың бірі. Осыған қарамастан, дода ұйымдастырушылары «Алматы туры» барысында жолдарды динамикалық жабу жолымен ыңғайсыздықтарды барынша азайтуға тырысып жатыр. Әділін айтар болсақ, өткен жылы «Алматы турына» байланысты кептелістерді қалалықтар сезбей де қалды. Биыл да осы жағдай қолымыздан келеді деп сенемін. Дода дегенде ойымызда қала қозғалысындағы ыңғайсыздықтар тумауы керек – бұл керемет спорт мерекесі. Қазақстанда, әсіресе Алматыда велоспортсүйер жанкүйер көп – олар ендігі әлемдік велоспорт жұлдыздарының қызықты тартысына куә болудың мүмкін болғанына көз жеткізіп үлгерді. Жыл өткен сайын қарапайым спортсүйер қауымды да керемет те қызықты спорт түріне баулимыз деп үміттенемін.

Мұнымен қатар, жарыста Әлемдік тур командаларының көп болуын қалайтын велоспортсүйер қауымның сыни көзқарасын естіп жатамыз. Сөзсіз, бұл өте орынды ескерту, алайда «Тур де Франстың» да бір күнде пайда бола қалмағанын ұмытпайық – оның ғасырдан асқан тарихы бар. «Алматы туры» – өте жас дода – бар болғаны алтыда. Доданың әлемдік велоспорт өкілдерінің алдында абыройын арттырып, мәртебесін көтеру – біздің басты мақсат. Келесі жылы «Алматы туры» өтетін күндерді тамыздың соңына қарай жылжытуымыз мүмкін – бұл доданың әлем чемпионатымен тұспа-тұс келмеуі үшін жасалады. «Алматы туры» небәрі екі күнге созылады, алайда бұл біріншілікті өткізу үшін дайындық жұмыстары жыл бойында үздіксіз жүреді.

Дәл осы тұста жарыстағы бәсеке төмен деңгейде дейтіндердің «Бәрібір де сол Луценколарыңыз жеңіп шығады» дегенге саятын сынының бір ұшы көрінеді. Қымбатты достар, бұл әділдік емес қой. Луценко қазір әлемнің ең мықты велошабандоздарының бірі, Азияда теңдесі жоқ – онысын Индонезияда жеңіп алған екі бірдей алтын медалімен дәлелдеді. Мұндай жігіттің Алматыға статист болып немесе «шақырылған жұлдыз» ретінде емес, жеңіске деген асқан құмарлықпен келетіні – жанкүйерлерді қуантпай қоймасы анық. Бұл оған өз алаңындағы ең маңызды жарыс, ол кез келген Гранд-турға қалай дайындалса, өз отанында өтетін біріншілікке де сол дайындықпен келеді. Осының бәрін есепке алсақ та, Алексей жеңіске жетеді деген кепіл жоқ – өткен жылдың екінші кезеңін еске түсірейікші – Якоб Фульсанг жеңді. Бұл жолы да «Астана» спортшыларымен бәсекелес болатын мықтылар келеді деп ойлаймын. Мұндай дода қызықсыз болмайды, биыл да тартыстың куәсі боламыз деп сенемін.

«Алматы турын» қай телеарналардан тікелей эфирде көруге болады?

– Екі кезеңнің де тікелей көрсетілімі Qazsport телеарнасында жүргізіледі. Шетелдік аудиторияның да Eurosport телеарнасының тікелей эфирінде доданың бөлігін тамашалау мүмкіндігі болады: эфирде екінші кезеңнің соңғы 60 минуты көрсетіледі.

– Шаһар тұрғындары мен қонақтары «Алматы туры 2018» додасына байланысты тағы қандай шараларды тамашалай алады?

– 23 қыркүйекте қала қонақтары мен тұрғындары «Алматы туры 2018» додасына арналған веложарысқа қатыса алады. Командалардың таныстырылымы 29 қыркүйекте, бірінші кезеңнің старты қарсаңында өтеді.

Ал өз кезегімде қала тұрғындары мен қонақтарын 29 және 30 қыркүйек күндері қазақстандық велошабандоздарға қолдау көрсетуге шақырамын. Олармен кездесіп, энергияға толтырып, шабыт алуға мүмкіндіктеріңіз бар. Өкінбейтіндеріңізге сенімдімін!

Түпнұсқасы: cycling.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер