Ой қорыту
Әлем футболы

Ресей футболынан үйренеріміз көп

Ресей футболынан үйренеріміз көп
news-banner7
mobile-news-top

Журналистика жолымен Мәскеуге жол тарттық. Ресейдің астанасында өткізген бір апта уақытта тек футболға барып қайтуға мүмкін болды. Жуырда ғана футболдан Әлем чемпионатын өткізген Ресей елінің жағдайы қызық болды бір жағынан. Бәрі рет-ретімен.

Әлем біріншілігін дүркіретіп өткізіп, Ұлттық құрамасының тарихы нәтижесінен соң Ресей футболында ілгерілеу болатыны анық еді. Төрт жылда бір келетін футбол тойы әлі күнге дейін орыс халқының жадында. Мәскеудің кез келген көшесі мен мейрамханасы футбол мерекесінің өткенін есіңе түсіреді. Ал тұрғындары болса ара-кідік сол бір тамаша уақытты естеріне алып тұрады. Қайбір кісімен әңгімелесе кетсең, әлем чемпионатына келдің бе деген заңды сұрақты қояды. Дегенмен біздің мақсат аз ғана уақыт ішінде Ресейдегі футболдың деңгейін бақылап қайту еді. Әрине, 3-4 сағатта толықтай зерттей алмайсың. Дегенмен...

17 қыркүйек күні Ресей елінің чемпиондары «Локомотив» пен тағы бір Мәскеу қаласының өкілі - «Динамо» командалары арасындағы ойын өтті. Билеттің орташа бағасы 7000-8000 мың теңге. Тарихы тереңде жатқан Черкизово ауданында орналасқан «РЖД Арена» аталатын стадионға мен жатқан қонақ үйден (қаланың қақ ортасында орналасқан) метромен шамамен 40-50 минутта жетуге болады. Ойын күні арнайы автобустар жүреді. Сондай-ақ, қаланың сырт жағымен айнала жүретін жер үсті метросымен келетін жанкүйерлер тура стадионның алдынан түсіп қалады. Жалпы, стадионға жету мен қайту жағынан еш уайым жоқ. Ресейде футболға барсаңыз сақшылардың тым көп екенін бірден байқауға болады. Жас сарбаздар ойын барысында тыныштықты күзетуге келген.

Матчқа ерте келген жанкүйерлер уақытты бос өткізбейді. Стадионның алдында түрлі іс-шаралар болып, қызықты шоулар өтеді. Өзіміз ойынға кешігіп келе жатқан біз бұл қызықты тек көздің қиығымен ғана көріп өттік. Асығыстан өз орнымызды таба алмай жүрген бізді еріктілердің біреу байқап, көмек қолын созуға өтінді. Билетте жазылған трибунамызға дейін жеткізіп, уақытты жақсы өткізуімізге тілек білдірген орыс қызының қылығына риза болып қалдық.

Стадионның төрт бұрышында орналасқан бұл экранда ойыннан тікелей трансляция жасайды

Стадионның төрт бұрышында орналасқан бұл экранда ойыннан тікелей трансляция жасайды

19:10-да орнымызға жайғастық. Жанкүйерлер стадионға бірте-бірте жиналып жатыр. Ал ерекше қызуқанды жанкүйерлер, былайша айтқан «ультрас» ойын басталмай жатып ән айтуға кірісті. Бір-біріне қарама-қарсы орналасқан қызуқанды жанкүйерлер кезекпе-кезек әндері мен өлеңдерін айтып жатты. Жүргізушілер болса осындай шулы сәтте дауыстарын барынша шығарып, бағалы заттарды ойнатып үлгерді. Журналист ретінде ресейлік әріптестеріміздің жұмысын да бақылап отырдық. Алаң жиегінде екі бірдей тілші тікелей эфирде матчтан ақпарат таратып, сарапшылар мен жанкүйерлерден сұқбат алды.

Футболшылардың алаңға шығуының өзін шоуға айналдыра білген мамандарға қайран қаласың. Әр қимылдан шоу жасап, жанкүйердің көңілін көтерген бұл ойынға 17 мың көрермен келген екен. Қатардағы қарапайым ойын демесең, құдды бір, финалға келгендей әсер аласың.

«Динамоның» ерекше «қызуқанды» жанкүйерлері

«Динамоның» ерекше «қызуқанды» жанкүйерлері

Алаң қожайындары 10-шы минутта қақпасына гол жіберіп алғанымен, тез арада таразы басын теңестеріп үлгерді. Уақыттың қалған бөлігінде жанкүйерлер гол көрмегенімен, ойын сүреңсіз өтті дей алмайсың. Әр жанкүйер барынша сүйікті командасына қолдау білдіріп, шын жанашыр болды. Трибуна жасыл мен көк түске бөлініп, нағыз футбол аурасын жасай білді.

Ойын аяқталған соң да жанкүйерлер бірден тарай қойған жоқ. Міне, осы кезде бұл елде футболға деген көзқарастың ерекше екенін байқауға болады. Әйтпесе, хоккейі әлемдік деңгейде көш басында келе жатқан елде футболға деген назардың аз болатынына сенімді болғанмын. ТМД елдерінің футболы аса дамымағанын жанкүйерлер жақсы-ақ біледі. Оның үстіне Ресейдегі аладоп ойынының қай деңгейде екенінен сіз де, біз де хабардармыз.

Осы тұста біздегі футбол көршілес елден әлдеқайда артта қалып келе жатқанын байқауға болады. Жоқ, ол жақта ЦСКА, «Спартак» пен «Зенит» демесеңіз, өзге клубтардың деңгейі біздікілерден жоғары дей алмайсыз. Алайда әр команданың жасыл алаңның сыртында жанкүйерлері үшін істеген еңбегін ерекше атап өту қажет. Осы кезекте біздің командалардың үйренетіні көп-ақ.

P.S. Сіздер үшін «Ой қорытқан» Айбар Рысдәулет

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер