Велоспорт

«Астана» капитаны «Вуэльта» көпкүндігін үздік үштікте аяқтады

news-banner7
mobile-news-top

Кеше Испания астанасы Мадридте мәртебелі Гранд турлардың ТОП үштігіне кіретін «Вуэльта» көпкүндігі мәресіне жетті. «Астана» Президенттік клубының құрамына кіретін «Астана» велоклубының капитаны Мигель Анхель Лопес жалпы есепте жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.

Бәрін жиырмасыншы кезең шешті. Оның алдында команданың спорт директоры Дмитрий Фофонов бізге берген сұхбатында «бар күшімізді Андоррадағы кезеңдерге саламыз» деп уәде берген болатын. Бірінші ұмтылысында Мигель Анхель Лопес қанша шабуылдағанымен басты бәсекелестері де қалыспай, мәре сызығын бесінші болып қиғанымен жалпы есепте төртінші орыннан бесінші сатыға түсіп қалған болатын.

Дегенмен, 97,3 шақырымға созылған патшалық кезеңде «не бел кетеді, не белбеу кетеді» деп бірінші шақырымнан бастап алға атой салған «астаналықтар» жабылып жүріп, Мигель Анхель Лопесті жеңіс тұғырына бір-ақ шығарды.

Алдымен Омар Фраиле мен Дарио Катальдо шабуылға басты. Одан кейін Никита Стальнов, Андрей Зейтц және Давиде Виллельиге арқа сүйеген Мигель Анхель Лопес тағы да қамшы басты. Қос көмекшісі шаршаңқырап, пелетон қуып жетті-ау деген кезде колумбиялық капитанға Ян Харт пен Пельо Бильбао көмекке келді. Бәсекелестерінен көпкүндік көшбасшысы Саймон Йетс пен испаниялық Энрик Мас қана ілесе алды. Өзгелері қалып қойған еді. Ал тағы қамшы басқан еді, Саймон да болдырып қалды. Алайда, мәреге бірнеше метр қалғанда Мас алға шығып, мәрені бірінші болып қиды.

Ал Мигель Анхель Лопес бұл ерлігінің арқасында осы кезеңде екінші орын алып қана қоймай, жалпы есепте үздік үштіктен көрінді. Соңғы кезең жалпы есептің көшбасшылары үшін «Достық шеруі» іспеттес болып өткендіктен Мадридте ешнәрсе өзгере қойған жоқ.

Айта кетейік, бұл Мигельдің биылдыққа екінші ірі жеңісі. «Вуэльтадан» бөлек колумбиялық шабандоз «Джиро д’Италия» жарысында да үздік үштіктен көрінген. Осылайша капитанымыз келесі маусымда бірінші орындарға да таласа алатындығын дәлелдеді.

Түпнұсқасы: presidential-club.com Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер