русский язык

Қазақстан қысқы универсиададан бес жүлде алды

Қазақстан қысқы универсиададан бес жүлде алды

Италияда аяқталған бүкіләлемдік қысқы универсиада ойындарында Қазақстан құрамасы екі алтын, екі күміс және бір қола жүлдеге ие болды.

 11-21 желтоқсан аралығында Италияның Трентино қаласында студенттер жастар арасында қысқы универсиада ойындары өтті. Оған әлемнің 51 елінен 1700 спортшы қатысты. Қазақстаннан бұл жарысқа елуден астам студент барды.

БЕС ЖҮЛДЕ

Универсиаданың алғашқы күні он километрлік шаңғы жарысында Татьяна Осипова (суретте ортада) алтын медаль жеңіп алды. Күміс жүлдені украиналық Катерина Григоренко, қоланы – фин спортшысы Мариаана Питкаенен иеленді.

Қазақстан құрамасына екінші алтын медальды да шаңғышылар әкелді. Он километрлік эстафетада Александр Малышев, Сергей Малышев, Генадий Матвиенко және Марк Старостин төрттігі Ресей мен Финляндия шаңғышыларынан озып, үздік шықты.

Сонымен бірге, қазақстандық Марк Старостин он бес шаққырымға шаңғы жарысында күміс жүлдеге ие болды. Ол тек ресейлік Рауль Шакирзяновтан қалып қойды. Бұл сында қола медаль тағы бір ресейлік спортшы Павел Сюлатовқа бұйырды.

Құраманың еншісіндегі екінші күміс медальды Қазақстан ерлер хоккей командасы иеленді. Хоккейшілер топтық кезеңде Канада (4:2), Украина (4:2), Жапонияны (3:1) жеңіп, ширек финалға шықты. Бұл кезеңде Латвияны 6:1 ұтты. Ал жартылай финалда Қазақстан хоккейшілері АҚШ құрамасынан 5:1 есебімен басым түсті. Финалда Қазақстан Канадамен қайта кездесті. Алтын үшін өткен ақтық матчта Канада құрамасы Қазақстанды 6:2 есебімен ұтып кетті. Осылайша Қазақстан хоккейшілері күміс медаль алды.

Қазақстан құрамасындағы жалғыз қола медальды да шаңғышылар иеленді. Әйелдер арасындағы бес километрлік эстафетада сынға түскен Татьяна Осипова, Ольга Мандрика және Марина Матросова үштігі үшінші орынды қанағат тұтты. Бұл бәсекеде Украина алтынды жеңіп алды, Швецияға – күміс жүлде бұйырды.

15-ОРЫН

Қазақстан бұл жолы фристайл, шаңғымен трамплиннен секіру, коньки, сноуборд, тау шаңғысы, шорт-трек сияқты спорт түрлерінен жүлде ала алмады.

Қазақстан биылғы қысқы универсиада ойындарының қортындысында бес медальмен жалпы есепте он бесінші орынға тұрақтады. Бірінші орынды Ресей (15 алтын, 16 күміс, 19 қола), екінші орынды – Польша (10 алтын, 10 күміс, 3 қола) иеленіп, үшінші орынға Оңтүстік Корея (8 алтын, 9 күміс, 7 қола) командасы жайғасты.

Студенттер олимпиадасы басталар алдында Қазақстан студенттер спорты федерациясы сегіз-тоғыз медаль иеленіп, алғашқы ондыққа енуді жоспарлаған еді. Алтын медальға үміткерлердің бірі мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Тен болған. Бірақ ол жарыс басталған күні жарақатына байланысты мұз айдынға шығудан бас тартты.

Келесі қысқы универсиада 2015 жылы Испанияның Гранадасында, ал 2017 жылы – Алматы қаласында өтеді

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;