Жеңіл атлетика

IAAF кубогында Рыпакова күміс жүлдегер атанды

IAAF кубогында Рыпакова күміс жүлдегер атанды
news-banner7
mobile-news-top

Чехияның Острава қаласында Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының (IAAF) құрлықаралық кубогы басталды. Азия құрлығынан қатысқан қазақстандық Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден күміс жүлдеге ие болды.

Жалпы бұл жарысқа төрт құрлықтың құрамалары қатысып жатыр: Еуропа, Америка, Африка және Азия-Мұхит аралдары елдері. Құрлықаралық кубоктың бағдарламасында 37 сайыс түрі енгізілген (18-і ерлер арасында, 18-і әйелдер арасында және 4х400 метрлік аралас эстафета). Әрбір сайыс бойынша спортшыларға ұпай үлестіріледі. Сол бойынша үздік құрлықтық команда анықталады. Бір сайыс түрінен әрбір құрлықтан 2 спортшы ғана бақ сынайды.

Төрт жылда бір өтетін аталмыш дода екі күнге жалғасады. Бүгін, 8 қыркүйек күні қазақстандық Ольга Рыпакова жарыс жолына шықты.

33 жастағы отандасымыз 14.26 метрге секірді. Сөйтіп, екінші орынға ие болды. Осыдан 9 күн бұрын Рыпакова Жакартадағы Азия ойындарында да 14.26 метрді бағындырған.

Үш қарғып секіруден құрлықаралық кубоктың алтыны Американың атынан қатысқан Олимпиада чемпионы колумбиялық Катрин Ибаргуэнге бұйырды.Ол Чеxияда 14,76 метрге секірді. Қола жүлдені Еуропа намысын қорғаған грекиялық Параскеви Папахристу еншіледі - 14,22.

Айта кетейік, IAAF-тың құрлықаралық кубогы ең алғаш рет 2010 жылы Сплитте өткізілген. Хорватияда Қазақстан атынан қатысқан Ольга Рыпакова 15.25 метрге секіріп, Азияның рекордын жаңартқан.Сондай-ақ өзінің спорттық карьерасындағы үздік нәтижені тіркеген болатын.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер