Басқа

Министр Азиадада алтынның неге аз болғанын түсіндірді

Министр Азиадада алтынның неге аз болғанын түсіндірді
news-banner7
mobile-news-top

Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы биылғы Азия ойындарында Қазақстанның неліктен үздік бестікке кіре алмағанын түсіндіріп берді.

Министр Facebook желісіндегі парақшасында себептерін тәптіштеп жазып берген.

Достарым, Индонезияда аяқталған 2018 жылғы Азия ойындарына қатысқан Қазақстан Ұлттық құрамасын шебер ойын көрсетуімен құттықтай отырып, ризашылығымды білдіргім келеді.

Қазақстан тарихында тұңғыш рет элиталық және классикалык болып саналатын семсерлесу, байдарка және каноэмен жүзу, маутинбайк сынды спорттың еуропалық түрлерінен алтын медальдар жеңіп алдық. Ойындарға енді ғана енгізген джиу-джитсудан 2 алтын иеледік. Бұл - үлкен жетістік, достарым!

Азия ойындарында біздің Ұлттық құрама 76 медаль, оның ішінде 15 алтын, 17 күміс, 44 қола жеңіп алды. Мемлекетіміздің атынан 440 атлет қатысып, 25 олимпиадалық спорт түрінен, соның ішінде 37 саласында өнер көрсетті.
Біздің спортшыларымыз жеңіп алған медаль саны әдеттегі көрсеткішке сай. Мен әрбір спортшыға намысты қолдан бермей, жеңіске деген ұмтылысы үшін шексіз ризамын.

Алайда алтын медаль саны азайып отырған жәйтті атап айтқым келеді.

Өкінішке орай, кейбір объективті, көбінесе субъективті себептер біздің Құраманың медаль есебінде жоғарырақ орын алуына мүмкіндік бермеді. Осы себептерді бірге саралап, нәтижесі бойынша келешекте жағдайды жөндеуге бағытталған шешім іздеп көрелік.

1. Қазақстанның ауыр атлетика құрамасы 2008 және 2012 жылдардағы допинг жанжалынан кейін ойындарға қатыстырылмады, дисквалификация мерзімі биыл 19 қазанда аяқталады. Құрамамыз бізге 4 медаль әкелер еді - әйелдер 2 (Зүлфия Чиншанло, Жазира Жапарқұл), ерлер - 2 (Ниджат Рахимов, Денис Уланов). Илья Ильин қатысса, жағдай басқа болар еді.
2. Бокс. Бокс құрамасы құрамы өзгеріп жатыр. Біраз боксшыларымыз кәсіпқойлыққа ауысты. Геннадий Головкиннің үлгісімен Данияр Елеусінов, Иван Дычко, Әли Ахмедов, Жанқош Тұраров, Мейірім Нұрсұлтанов, т.б. кәсіпқой бокска ауысып, жетістіктерге жетіп жүр. Мен жігіттерді мақтан тұтамын. Азиадада 91 келі, 91+ келі салмақ дәрежесін жарыстан алып тастады, ал біздің боксшыларымыз дәл осы салмақта мықты екені мәлім. Василий Левит, Антон Пинчук сынды боксшылар сайыстан тыс қалды. Халықаралық олимпиада комитеттерінде Қазақстан өкілі жоқ екенін айтпасқа болмас. Өкінішке орай, біз осы кемшілікті жіберіп алғанымызды мойындай отырып, келешекте осы мәселе бойынша жұмыс істейтін боламыз. АІВА Халықаралық бокс федерациясы президенті міндетін уақытша атқарып жүр, сайлау 2018 жылдың қарашасында болмақ.
3. Азия ойындарының бағдарламасынан бокстағы үш салмақ дәрежесінен басқа каратеден 1 салмақ дәрежесін алып тастады, және алдыңғы Азиадада біз алтын иеленген оқ және стенд ату түрінен командалық жарыстар кірмеді.
4. Сонымен қатар жазғы Азия ойындарына өзгеше спорт түрлері енді, мысалы кураш - өзбектің дәстүрлі күресі, Өзбекстан құрамасы бұл спорт түрінен 5 алтын медаль иеленді. Сонымен қатар, пенчак-силат (индонезиялық жауынгерлік сайыс өнері), джетскай (гидроциклмен жарысу), спорттық бридж (ХОК мақұлдаған карта ойыны), сепактактрау (волейбол, футбол, тіпті гимнастика аралас спорт түрі, 90-шы жылдары қосылған).
5. Теннис. 21 тамыз - 9 қыркүйек аралығында АҚШ-та Open US өтеді. Бұл - Үлкен дулыға төрт турнирінің бірі болып табылатын теннистен АҚШ ашық чемпионаты. Өкінішке орай, турнир мен Азиада мерзімдері бір уақытқа түскендіктен, біз «жұлдызды құрам» - Михаил Кукушкинді, Юлия Путинцеваны, Зарина Диасты жіберуге шешім қабылдадық. Бұл сайыс теннисшілеріміз үшін мүддесі жоғары болғандықтан осы шешімге келдік.

Қорыта келе айтайын дегенім, біз болжамды түрде жалпыкомандалық есепте төртінші немесе бесінші орын алатын едік. Жазғы Азия ойындарында көшті Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея бастайтыны белгілі, Қазақстан үшін төртінші орын үздік жетістік болып есептеледі. Азиада өткен Индонезия да алдыңғы қатарға шықты - тек өз ұлттық спорт түрлерінен құрамалары 14 алтын медаль жеңіп алды.

Жалпы медаль саны бойынша біз бесінші орындамыз, тек жоғарыда аталған жағдайлар алтын медаль көрсеткішін төмендетті. Әрине, тарих шартты райды жақтырмайды, бірақ есептеп көрсек, жағдай келесідей болар еді.
Егер жеңіп алған 15 алтын медальдарға ауыр атлетика қосылса, кемінде 4 медаль иеленіп, алтын 19 болар еді. Бокстан да біз 3 медаль жоспарлап едік, егер жағдай басқаша болғанда, бізде 22 алтын болар еді, теннисшілеріміз қатысса, олар да кемінде 3 алтын ұтып, қоржынымызға 25 алтын түсер еді. Мықты дзюдошымыз Елдос Сметов жарақат алмағанда, алтын саны 26 болар еді.

Достарым, біздің спортшылар барын салды, Министрлік пен Ұлттық Олимпиада комитеті өзінің қолынан келгеннің бәрін жасады. Кейбір шешімдерді, мысалы теннисшілерімізге қатысты, саналы түрде қабылдадық, кей жағдайларға - ауыр атлеттердің дисквалификациясына біз әсер ете алмадық, ал спортшылардың жарақатын алдын-ала болжау тіптен мүмкін емес.
Қазақстан Ұлттық құрамасының нәтижелері бойынша осы қысқа сараптама кейбір сәттерді айқындап, түсінікті етеді деген үміттемін.

Біздің спортшылар - нағыз батырлар, олар қолынан келгеннің бәрін жасады, оларға алғысымыз шексіз. Біз спортшыларымызды мақтан тұтамыз және Ұлттық құрама еңбегін жоққа шығаруға жол бермейміз. Спорт майталмандарын алда талай жарыстар, ал елімізді жеңістер күтіп тұр! Жұмысымызды жалғастырып, енді Олимпиада ойындарына дайындаламыз, достарым.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер