Басқа

Мария Дмитриенко: Ендігі мақсатым – Олимпиада жолдамасын жеңіп алу

Мария Дмитриенко: Ендігі мақсатым – Олимпиада жолдамасын жеңіп алу
news-banner7
mobile-news-top

Индонезияның бас қаласы Жакартада өткен Жазғы Азия ойындарында «Астана» Президенттік клубының спортшылары өте белсенді болды. Солардың бірі – Мария Дмитриенко. Стенд атудың дубль трап бағдарламасында Қазақстан құрамасының қоржынына қола медаль салған аруымыз «Астана» Президенттік клубының баспасөз қызметіне сұқбат берді.

- Мария, жүлдеңіз құтты болсын! Өзіңіз туралы айтып өтіңізші. Спорттың бұл түрін қашаннан бері серік етіп келесіз?

- Негізі, нысана көздеуді ерлерге арналған спорт түрі деп жатады ғой. Меніңше, спорттық қару ұстаған әйел заты өте сұлу көрінеді. Мылтық бізге жарасады деп ойлаймын. Өзім Шымкенттенмін. Ал нысана көздеумен бала кезімнен айналысамын. Шынымды айтсам, отбасымыз түгелімен стенд атумен айналысқандықтан менде басқа амал да болмаған. Әкем стенд атудан КСРО-ның спорт шебері. Атам да, ағам да мылтықтарын тастамаған. Аңшылықпен, саяткерлікпен айналысқан. Сондықтан, спорттық ату менің қанымда бар.

- Бала кезіңізден мылтық ұстап, сабаққа да дұрыс қарамаған шығарсыз.

- Екеуін қатар алып жүруге тырыстық қой. Оқуда озат болмасақ та, үлгерімім нашар болған жоқ. Тек үнемі жарыстар мен жиындарда болғандықтан жоғары сыныптарда сабақтарға бармай қалып жүрдім. Оның үстіне, кейін Қазақстан ұлттық құрамасына іліккеннен кейін мұғалімдер де жағдайымды түсініп, бағаны көтермелеп қойып беретін. «Құдай адамдарға ми таратып жатқанда спортшылар жаттығуда жүрген екен» деген сөз бар ғой. Бірақ мұның маған қатысы жоқ.

- Жакартадағы Азия ойындарында алдымен 4-ші орын алып қалдыңыз да, ертесі күні қазақ еліне қола медаль сыйладыңыз. Өзіңізді қаншалықты қамшылай алдыңыз?

- Мұны мен таңды таңға атырып айта аламын. Шынымды айтсам, 4-шы орын алып қалғанымда қатты күйзелдім. Өйткені, іріктеу кезеңінде Азия рекордын жаңартқаннан кейін финалдық сында кемі жүлдеге ілінемін деп үміттенген едім. Мен бұған дайын едім. Негізгі мақсатым да трап бағдарламасында медаль алу еді. Алайда, 4-ші орын алып қалғаннан кейін еңсемді түсірмедім. Өзімнің қателіктерімді ой елегінен өткізіп, жақсылап сараптадым да, ертесі күні бәрін ұмытып, дубль трап бағдарламасында барымды салдым. Оның үстіне, бұл менің ең сүйікті жаттығуларымның бірі. Бәрі сәтті аяқталатынына сендім.

- Сіз «Астана» Президенттік клубының спортшысыз. Осы клубтың құрамына кіретін өзге командалардың нәтижелерінен қаншалықты хабардарсыз?

- Футбол, баскетбол, хоккей, велоспорт, бокс... бәрін де қалт жібермеймін. Бәріне де үнемі жанкүйер болып жүремін.

- Қола жүлдеңізді қалай атап өттіңіз?

- Жарыстан кейін Жакартада менде екі-ақ күн уақыт болды. Одан кейін елге қайттық. Азиадаға дайындық әбден шаршатып жіберген еді, қалжырап кеттім. Аса қатты тойлаған жоқпыз. Үйде отбасымызбен және әріптес, достарымызбен шағын дастарханда бас қостық. Одан кейін кездесулер болды. Репортерлер келіп, сұхбат алып жатты. Құдай бұйыртса, Оңтүстік Кореядағы бәсекені сәтті аяқтайық, содан кейін жақсылап атап өтерміз.

- Ал Кореяда қандай бәсеке?

- Бізді әлем чемпионаты күтіп тұр. Соған да дайындалуымыз керек. Ол жақта Токио Олимпиадасының лицензиялары сарапқа салынады. Қазіргі басты мақсатым – Жапониядағы төрт жылдық турнирдің жолдамасын жеңіп алу. Жатсам да, тұрсам да ойлайтыным осы жолдама.

Түпнұсқасы: presidential-club.com Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер