Ой қорыту
ММА

«Сұңқардың» соңғы мүмкіндігі ме?

«Сұңқардың» соңғы мүмкіндігі ме?
news-banner7
mobile-news-top

Өткен аптада АСВ ұйымы Арман Оспанов пен Расул Мирзаев арасындағы жекпе-жектің өтетінін ресми жариялады. 10-шы қараша күні Мәскеу қаласында АСВ 90 турнирінде жанкүйерлер асыға күткен кездесу болады.

Соңғы екі жекпе-жегінде жеңіліс тапқан «Сұңқар» үшін бұл кездесудің маңызы зор. Осыдан бір жыл бұрын Алматы қаласында өткен АСВ 69 турнирінде Арман Оспанов бразилиялық Тиаго Сильвамен кездескен. Арман бұл жекпе-жектің алдында ота жасатып, сегізбұрышқа жарақатымен шыққан. Дегенмен «Алматы Аренаға» жиналған мыңдаған көрермен «Сұңқардың» жеңісіне сенімді еді. Кештің басты жекпе-жегінде бразилиялық өрен ел үмітін арқалаған Арманның әлсіз тұстарын ашып, көрсетіп берді.

Тартысқа толы өткен бірінші раундтан соң «Сұңқардың» демі таусылып, шаршап қалды. Ал партерде қарсыласына дес бермесін түсінген Сильва Арманды сәті түскен сайын құлатуға тырысып діттегеніне жетті. Әбден шаршаған Арманның Тиаго Сильваның әрекетіне қарсылық білдіруге де шамасы жетпеді.

Арада екі ай өткенде Арман Оспанов Алматыдағы жеңілісінің кездейсоқ екенін дәлелдеу үшін Мәскеуге аттанды. Бұл жолғы қарсыласы отандық жанкүйерлерге жақсы таныс Алексей Полпудников болды. Арманның бұл кездесуге тыңғылықты дайындалғаны көрінді. Алайда әлі де болсын әлсіз тұстарымен толыққанды жұмыс жасамағаны жекпе-жек барысында байқалды. Кездесу бойы қарсыласын соққының астына алып, еш мүмкіндік бермеген «Сұңқардың» жеңісіне ешкімнің күмәні қалмаған. Алайда төрешілер басқаша шешіпті. Олар жеңісті ресейлік спортшыға берді.

Қатарынан екі жеңілістен соң Арманның мансабы қыл үстінде тұр. Ұзақ уақыт үнсіздіктен соң «Сұңқардың» жанкүйерлер алдындағы абыройын көтеруге мүмкіндігі пайда болды. Оның қарсыласы Расул Мирзаевтің жағдайы мәз емес. Он жеті жеңіліссіз жекпе-жектен соң грузиндік спортшыға есе жіберген Расулды жанкүйерлері жерден алып, жерге салды. Ендігі ресейлік спортшының Арманға қарсы кездесуге барынша дайындалып, тек жеңіс үшін шығатыны белгілі. «Сұңқарға» да шегінетін жол жоқ. Не бел, не белбеу кетеді деп отыр.

Арман мен Расулды салыстырып өтсек. Біздің спортшының соққысы жойқын екенін бәрі жақсы біледі. Оның үстіне «Сұңқардың» шеберлігіне ешкімнің күмәні жоқ. Алайда әлі де болсын күрестен нашар. Партерде өзін емін-еркін сезіне алмайды. Боз кілемде еңбектенбесе, жеңіске деген мүмкіндігі аз. Оның үстіне үш раундты бір қарқынмен өткізе алмайды.

Расул болса, керісінше бес раунд болсын тоқтамай шапқылауға дайын тұр. Жекпе-жек бойы алға ұмытылып, шабуылдағанды ұнатады. Партерде өте мықты. Оны Ержан Естановқа қарсы өткізген кездесуінен-ақ байқауға болады. Грепплинг күресі бойынша өткен жекпе-жекте Расул Мирзаев Ержанға еш мүмкіндік бермеді.

Дегенмен, алдына ала кімнің жеңетінін болжап айту өте қиын. Меніңше, екеуінің мүмкіндігі 50 де 50 секілді. Арманға жекпе-жектің барынша ерте аяқтау маңызды. Мүмкін болса нокаутқа түсіріп, айқын жеңіске жету қажет. Әйтпегенде, Расул Мирзаев соңғы раундта «Сұңқарға» ештеңе істетпейтіні анық.

Дәл осы ойды Қуат Хамитов та айтып өтті:

Екеуінің де жеңіске деген мүмкіндігі бірдей. Арманның техникасы мықты, жойқын соққысы бар. Ал Расул өте төзімді. Оның үстіне, жақсы күреседі. Арман жекпе-жек барысында болатын бір-екі мүмкіндігін пайдаланып қалу қажет. Уақыт өткен сайын, Арманға қиын бола түседі. Меніңше, жеңімпазды төрешілер анықтайды, - деп атап өткен болатын «Найман».

Не десекте, алдағы жекпе-жекте Арманға тек сәттілік тілейміз. Алаш елінің айбарлы ұлы тек жеңіс шыңынан көрінуге лайық!

Ал сіздер қалай ойлайсыздар, достар? Арман Оспанов жеңіске жете ме? Пікірлеріңізді жазыңыздар.

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер