Басқа

Дмитрий Баландин: Азия ойындарында алғаш рет эстафеталық сынға қатысамыз

Дмитрий Баландин: Азия ойындарында алғаш рет эстафеталық сынға қатысамыз
news-banner7
mobile-news-top

Суда жүзуден Рио Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин Қазақстан командасы сапында Азия ойындарында сынға түсуге дайын.

Olympic.kz сайтына сұхбат берген Баландин Джакартадағы алғашқы жаттығу мен атлетикалық ауыл туралы өз ойымен бөлісті.

- Индонезияға келгенімізге бүгін үшінші күн. Жергілікті климатқа бейімделіп үлгердік. Оның үстіне, біз Малайзияда жаттығу жиынын өткіздік. Ол жақтағы ауа райы жергілікті климатқа жақын. Сол себепті, күннің ыстығы мен ылғалдылыққа да бой үйрете бастадық. Атлетикалық ауыл да жаман емес. Әрине, аздаған кемшіліктер бар. Әсіресе, көлік кептелісі аздап қинайды. Бірақ жарыс басталарға жақын оның бәрі шешіледі деген ойдамын, - дейді Баландин.

Бүгінде қазақстандық суда жүзушілер жарыс өтетін бассейнде жаттығу өткізіп үлгерді.

- Бассейн маған ұнады. Мұнда тез жүзуге мүмкіндік бар. Заманауи үлгіде салынған. Тек бір кемшілігі – төбесінің ашықтығы дер ем. Ең бастысы – менің де, командалас қыз-жігіттердің көңіл-күйі тамаша. Суда жүзушілердің ішінде менен өзгелерінің барлығы да Азия ойындарына алғаш рет қатысып отыр. Сондықтан мейілінше көмектесіп, кеңес беріп, қолдап жүрмін. Жарыс алдындағы қобалжуға бой алдырмасақ болды. Өйткені, командаластарымның жеңіске деген жігері мол.

Дмитрий Баландин Рио Олимпиадасында чемпион атанған қашықтықта сынға түспейді. Оған спортшының аздап жарақат алып қалғаны себеп.

- Бұл жолы өзімнің негізгі көзірім – 200 метрге брасс әдісімен жүзуге қатыспаймын. 50 және 100 метрге жүзуде және командалық эстафетада бақ сынаймын. Біз араға бірнеше жыл салып эстафеталық сынға қатысқалы жатырмыз. Бұл мен үшін қуанышты жағдай! Өйткені, командаластарыммен эстафетаға қатысу менің арманым еді! Сол арманым осы Азия ойындарында орындалғалы тұр. Болашақта біз команда болып та жүлдеге ілігеміз деген үмітім бар.

Түпнұсқасы: olympic.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер