Футбол деген бір ғажап!

Біліксіздігіне беті бүлік етпейтін бапкердің бізге керегі не

Біліксіздігіне беті бүлік етпейтін бапкердің бізге керегі не
news-banner7
mobile-news-top

«Қайрат» футбол клубы биыл Еуропа лигасы аясындағы жорығын іріктеу кезеңінің үшінші айналымында аяқтады. Алматылықтардың жолын кескен Чехияның «Сигма» командасы.

Бауыржан Исламхан бастаған жігіттер екінші айналымда азулы «АЗ Алкмар» командасын артқа тастаған болатын. Алайда, бұл алдамшы нәтиже болып шықты. Жаңа маусым басталғалы ала-құла өнер көрсетіп жүрген алматылық команда жанкүйерлерін жерге қаратып кетті.

Ал бұл жеңіліске іші ашып, өзін кінәлап отырған бапкерді көрген жоқпыз. Бапкер деп «Қайрат» командасы Испаниядан аттай қалап алдырған Карлос Алос Феррер жайлы айтып отырмыз. Бұған дейін бірде-бір кәсіптік клубтың тізгінін ұстап көрмеген Карлос бапкер өзінің біліксіздігін байқатып жүр. Сардары айбатты, сарбазы қайратты алматылық команданың тәлтіректеп екі аяғын тең баса алмай жүргеніне осы испан маманы кінәлі.

Біз білетін «Қайраттың» қаржысы толық, демеушісі дайын, ойыншылары шетінен “сен тұр, мен атайын”- деген мықтылар. Бірақ натиже жоқ. Бұған басты кінәлі адам - бас бапкер Карлос Алос Феррер екені сөзсіз. Бапкер ретінде атақ-дәрежесі ауыл арасынан ұзай қоймаған тәлімгер таяздығын танытып жүр. Тіпті таяу арада «Қайратты» бастап биік белесті бағындырады дегенге сену қиын.

Бұл маман алматылықтардың тізгінін өткен жылы жазда ұстаған болатын. Биыл жаңа маусым бастала сала Еуропада жаппай қарсы алуға бөленген бес қорғаушы жүйесімен ойнап көрмекші болды. Осы "сұрапыл тактикасына" симады деп Сүйімбаевті қосалқы құрамда қалдырды. Ақыры өзі де анық меңгермеген тактикасына ойыншылары үйлесе алмай, ел чемпионатында жүрісі мандымаған соң, қайтадан классикалық төрт қорғаушы жүйесіне көшті. Онда да Кахабер кезінен қалған 4-2-3-1 жүйесімен жылап көрісті.

Маусым бойы негізгі құрамдағы ойыншыларын сапырылыстырып, жасыл алаңға кімді шығарарын білмей жүр. Бірде бас шабуылшысыз ойнап көрді, бірде қос шабуылшымен ойнап көрді, бәрі бір нәтиже жоқ. «Сигмаға» қарсы жауапты ойында сол қапталдағы қорғаушының міндетін Нұралы Әліпке тапсырғанын "сасқан үйрек артымен жүзеді" деп түсінуден басқа амал жоқ. Бұл позицияда ойнап көрмеген жас орталық қорғаушыға шабуыл мен қорғанысқа бірдей үлгер дегені көреген шешім емес екенін өзі де аңғарып, қателігін түзеген болды. Бірақ, тым кеш еді. Бұған қоса маусым басынан бері қосалқы құрам орындығын тоздырып жүрген Лунинді чехиялықтарға қарсы екі ойында да негізгі құрамда шығарып шатасқаны тағы бар.

«Қайраттың» ел чемпионатында елордалықтарға бәсекелес болып келе жатқаны ойыншыларының шеберлігінің арқасы. Болмаса, «Астанамен» ұпай айырмасын баяғыда алшақтатып алар еді. Мысал үшін айта кетейік, өз алаңында «Тобылмен» өткен ойында Исаэль алыстан керемет соққы жасап, алматылықтарға үш ұпай сыйлады. Ал бұндай сәттер маусым бойы әлденеше рет қайталанғанын жанкүйер қауым жақсы біледі. Демек, біліксіз бапкердің кем-кетігін мықты ойыншылар білдірмей келген. Алайда, жауапты матчта дұрыс таңдалмаған тактика «Қайратты» орта жолда қалдырды. Осындайда атақты агент Мино Райоланың: «Баварияны» менің атам баптаса да Германия чемпионы болады, - деген сөзі еске түседі. Бұл жерде Райола «Бавария» шебер футболшылардың арқасында ел біріншілігіндегі қарсыластарын жеңіп жүр дегісі келген. Біздің айтпағымыз да осы.

âиÑаÑÐ»Ñ 2018âçå¾çæç´¢ç»æ

Алматыда өткен матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында журналистердің «келесі кезеңге өте алмауымызға сіздің бапкерлік тәжірибеңіздің аздығы себеп болды ма» деген сұрағына, Карлос бапкер өзінің шынымен де «Сигма» командасының бапкерімен салыстырғанда тәжірибесіз екенін айтты. Соған қарағанда, Феррер мырза Еуропа лигасы сынды ірі турнирде команданы үлкен жетістікке жеткізуге дәрменсіз екенін мойындайтын секілді.

Ендеше, өзіне де, ойыншыларына да сенімсіз тәжірибесіз шетелдік маманға сенім артудың қанша қажеті бар. Еурокубоктарда ел үмітін ақтайды деген «Қайраттың» тізгінін қалайда білікті бапкер ұстағаны жөн.

Сөз соңында, бапкерлері мен ойыншылары миллиондаған жалақы алатын «Қайрат» командасын жолдан шығарған Чех елінің шеберлері жайлы айта кетейік. «Сигма» - тура бір ғасырлық тарихы бар клуб. Бірақ, бұл команда Еуропаның үздіктері қатарынан саналмайды. Германияның атақты transfermarkt сайтының мәліметіне сүйенсек, команда сапындағы ойыншылардың трансфер нарығындағы жалпы құны 9,45 млн еуроны құрайды. Ең қымбат ойыншысы — Якуб Плшек (1,3 млн). Ал алматылық команда ойыншыларының құны 15.8 млн.

Чехиялық команданың бір ерекшелігі команда сапында жалғыз легионер бар. Ал өзгесі өз елінің ұландары. бізді қызықтырғаны да дәл осы жағдай. Команда шетелдік шеберлерге емес, жергілікті ойыншыларға сенім артады. Салыстыру үшін айта кетейік, «Қайрат» сапында 9 легионер доп тебеді. Кеше «Сигмаға» қарсы ойында бұлардың жетеуі жасыл алаңда өнер көрсетті. Басқаша айтқанда, «Қайраттың» қыруар қаржыға шақырған шетелдік ойыншылары, тек чехиялық футболшылардан құралған ортаңқол команданы жеңе алмады. Жеңе алмады дейміз-ау, қос ойынның қорытындысы бойынша 4:1 есебімен масқара болып жеңілді.

Қуаныш Қаппас

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер