Бокс

Мырзағали Айтжанов: Біздің «Астана арландарымен» мүддеміз ортақ

Мырзағали Айтжанов: Біздің «Астана арландарымен» мүддеміз ортақ
news-banner7
mobile-news-top

Бүгінде бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Астана арландарын» бөліп қарастыра алмайсың. Екеуі егіз ұғым секілді. Мәселен, бұрын командамыздың намысын негізінен легионерлер қорғаған болса, кейінгі кездері отандық боксшыларға баса назар аударылып отыр. Қажет кезде бас командамыздың боксшылары «Астана арландары» сапында жекпе-жектер өткізіп, Президенттік клубтың намысын абыроймен қорғап жүр. Ал енді бір аптадан кейін сол жігіттер Джакартада өтетін Жазғы Азия ойындарында ел қоржынына жүлде салуға тырысады. Осы орайда Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановпен әңгімелесіп, жігіттердің дайындығы жайлы сұраған едік.

- Азиада қарсаңында екі жаттығу жиынын өткіздіңіздер. Біреуі Алматыда, екіншісі Астанада. Бұлардың бір-бірінен не айырмашылығы бар?

- Алматыда дене жаттығу жағынан ауқымды жиын өткіздік. Ал Астанада техника мен тактикаға тоқталып, Азиядағы қарсыластарымызды зерттеумен айналыстық. Елордаға еліміздің әр түкпірінен ұлттық құраманың барлық мүшесі жиналды. Елуден астам боксшы жаттықты. Әрқайсының өз жеке бапкерлері бар. Олар да Астанаға келіп, шәкірттерімен жеке дайындалуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, Астанаға Беларусь ұлттық құрамасының да боксшылары тәжірибе алмасу мақсатында келген. Бұл да бізге жақсы болды. «Өз қазанымызда қайнай бермей», өзге боксшылармен де спарринг өткіздік. Енді Джакартаға тамыздың 16-сы күні түстен кейін ұшамыз. Ол жақта да бізді қысқа мерзімді жаттығу жиыны күтіп тұр.

- Жазғы Азия ойындарында бокстың бағдарламасынан біз медаль алады-ау деген үш салмақты алып тастады. Бұл жағдай біздің құрамаға қаншалықты әсер етті?

- Әлбетте, өкінішті. Дегенмен, үш салмақтан айрылдық екен деп қол қусырып қарап отырмаймыз. Қалған жеті салмақта жүлде алуымыз қажет. Жігіттердің көңіл күйі жақсы. Бәрі де жеңіске құлшынып отыр. 81, 91 және 91+ келі салмақ дәрежелерінің Азиада бағдарламасынан алынып тасталатыны жылдың басында-ақ айтылған. Дегенмен, алда әлі Әлем чемпионаты бар, Азия чемпионаты бар. Жігіттер сол додаларға дайындалулары қажет. Сондықтан, Василий Левит те, Қоңқабаев та, ауыр салмақтағы басқа жігіттер де ұлттық құрамамен бірге. Күзде АІВА Конгресі өтуі тиіс. Сонда жаңа Президент сайланады. Олар Халықаралық Олимпиада комитетімен дұрыс байланыс орнатып, бұл салмақтарды Токио Олимпиадасының бағдарламасында сақтап қалады деп ойлаймыз.

- Ұлттық құраманы жасақтау барысында неліктен дәл осы боксшыларды таңдадыңыз?

- Бұл менің ғана шешімім емес, ұлттық құраманың бапкерлер алқасы ақылдасып отырып жасалатын нәрсе. Дәл қазіргі уақытта кім дайын, кім бабында, кімнің психологиялық дайындығы жоғары, кім Азиядағы бәсекелестеріне қарсы жақсы жұдырықтаса алады. Соның барлығына қараймыз. Мәселен, 49 келіде Теміртас Жүсіпов – өте тәжірибелі, еңбекқор жігіт. Біржан Жақыповтан кейін тізгінді өз қолына алған боксшы. Жасы 30-ға келсе де кроссты өзгелердің алдында жүгіреді. 52 келіде мен деген 4-5 боксшы бар. Бәрінің деңгейі бірдей болса да, Азат Махметовты басты қарсыластарын жеңе алады-ау деп таңдап отырмыз. Былтыр Ислам елдері ойындарында өзін жақсы көрсеткен. Сыртқа шыққанда психологиясы бекем. Әлбетте, біз Қазақстан чемпиондарын да, жүлдегерлерін де халықаралық турнирлерде сынап көрдік. Бірақ, Азатты дұрыс деп есептедік. 56 келіде Қайрат Ералиев бар. Біз ешкімнің бұрынғы ерліктерін қараған жоқпыз. Алайда, Қайрат қазір де өз бабында. Әлі де жас. Оған қазір Қазақстанда бәсекелес аз. 60 келіде бізде тәжірибесі мол боксшылар көп. Бірақ, кейбірі бабында емес, енді бірі жарақатын емдеп жүр. Біз бұл салмақта жас боксшыға сенім артуды жөн көрдік. Саматәлі Төлтаев – жастар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері. 64 келіде Азия чемпионатының жүлдегері Бекдәулет Ибрагимов. Биыл халықаралық турнирлерде бізді қуантқан боксшы. Сенімді кезекті рет ақтайды деп үміттенеміз. 69 келіде Асланбек Шымбергеновті апарған турнирлердің барлығында топ жарып жүргендіктен құрамаға қостық. 75 келіде Әбілхан Аманқұлдың бәсекелестері көп. Ерік Әлжанов, Абай Төлеш, Тұрсынбай Құлахмет – бәрі де тәжірибелі жігіттер. Бірақ, сәл болса да қарсыластарынан шеберлігі, рингтегі жүріс-тұрысы жақсы болғандықтан сенім артып отырмыз. Ол тек боксшыларды ғана емес, бүкіл Қазақстан спортшыларын Азиадаға бастап бара жатырмыз.

- Бұрын ұлттық құрамамызда проблемалық салмақ деген болушы еді. Бір кездері ауыр салмақтарда жөні түзу боксшы таппай жүрдік. 52 келіде де қиындықтар болды. Қазір ондай мәселе бар ма?

- Оның барлығын халықаралық додалар көрсетеді ғой. Өз еліңде мықты боксшылар көп болғанымен әлем чемпионаттарында атой салар ешкімің болмаса, сол проблема. Иә, бұрын Мұхтархан Ділдәбековтен кейін аса ауыр салмақта ешкім болмады. Алайда, Иван Дычко қатарынан екі Олимпиада жүлде алды. Қазір Қамшыбек Қоңқабаев оның орнын басты. Былтыр әлем чемпионатында күміс алған еді, келесі Олимпиадада топ жаруы тиіс. 91 келіде ұзақ уақыт Олимпиада жолдама ала алмай келдік. Василий Левит бірден финалға дейін жетті. Ол әлі де ұлттық құрамада. 49 келіде Біржан Жақыповқа дейін ешкім болмаған еді. Қазір оның артынан ерген ізбасарлары жетерлік. 52 келіде Азия чемпионы атанғанымызбен, өкінішке қарай, әлем чемпионатында атой сала алмай келеміз. Дегенмен, ақырындап проблемалық салмақтардың мәселесін шешіп жатырмыз.

- Енді осы жігіттерден не күтеміз? Азиадада алдарыңызға қойған мақсаттарыңыз қандай?

- Көздегеніміз 4-5 жүлде. Соның екеуі алтын болады деп отырмыз. Кімдер екенін айту қиын. Бәріне де сенім артамыз. Кез келгені топ жаруға қабілетті.

- Ұлттық құраманың бірқатар боксшылары биыл «Астана арландары» сапында Дүниежүзілік бокс сериясына қатысты. Бұл жоба жігіттерге қаншалықты пайдасын берді?

- Біріншіден, «Астана арландары» шетелдің командасы емес қой. Ел намысын қорғап жүрген өзіміздің клуб. Сондықтан, ұлттық құрама боксшылары кез келген сәтте «Астана арландарына» көмекке келуге дайын. 2015 жылы да, 2016 жылы да біраз боксшыларымызды бергенбіз. Биыл да барымызша көмектесеміз. Финалға қалаған боксшыларымызды береміз. Біздің «Астана арландарымен» мүддеміз ортақ.

Түпнұсқасы: presidential-club.com Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер