Басқа

Халықаралық жарыстардың жеңімпаздарына білім беру гранттары бөлінбеген

Халықаралық жарыстардың жеңімпаздарына білім беру гранттары бөлінбеген
news-banner7
mobile-news-top

Алматыда Қазақстан чемпиондары мен халықаралық турнир жеңімпаздары, бала күнінен спортпен кәсіби шұғылданатын жүз шақты талапкер білім грантына іліге алмағанына наразылық білдірді, деп хабарлайды prosports.kz сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Мектеп қабырғасынан ел намысын әлемдік ареналарда қорғаған ұл-қыздың басым бөлігі пәндік емтиханнан сүрінген. Есесіне, спортқа икемі жоқ, бірақ жоғары балл жинағандар тегін оқуға түскен.

ҰБТ болардың алдында ғана белгілі боксшы Ермахан Ибраимов бастаған бір топ спорт қайраткері биыл жүлде алғандарға жеңілдік жоқтығын айтып, осы мәселені көтерген еді. Бірақ бұл саланың нағыз жанашырларының сөзіне құлақ түрген жан табылмады.

Қазақтың спорт және туризм академиясының ауласына жиналған ата-ана елім деген өрендердің мектеп бітірерде ешкімге керегі болмай қалғанына қапалы. Олар балаларының мектеп қабырғасында жүргенде талай шыңдарды бағындырып, ел үмітін ақтағанын айтады.

Гүлнәр Мұратбекова:

- Бізге грант бөлген жоқ! Грант берілмеді деді! Грант аз бөлінді дейді. Менің балам чемпион. Енді 113 баллмен грантқа түсе алмай қалды. Ал академияға грантқа түсу үшін кемінде 115 балл жинауы керек.

Естеріңізге сала кетейік, биылдан бастап грант бөлу кезінде спортшылардың атақ-дәрежесі ескерілмейтін болған. Салдарынан, сабақтан гөрі сайысқа көп қатысып жүргендердің барлығы бірдей пәндік емтиханнан құлаған.

Қанағат Әбдірәсілұлы:

- Қазақстан чемпионы! Бес дүркін! Спорт шеберіне үміткер! Халықаралық турнирді жеңіп алған. Спорт, спорт деп жүгіріп, жиынға кетеді, бір ай жатады, жарыс деп 15-20 күн жатады. Арасында сабақтардан қалады. Өзім көп балалы әкемін, жеті балам бар. Бізге кішкене қиындау боп тұр.

Бірақ баласы бес дүркін чемпион болса да, Қанағат Әбдірәсілұлы оны амал жоқ ақылы бөлімде оқытпақ.

Грантқа іліге алмай қалғандардың арасында Азия чемпиондары, тіпті Қысқы Олимпиадаға қатысқан Аяулым Әміренова да бар.

Десе де, «ел атын әлемге танытса да қабылдай алмаймыз» дейді академиядағылар. Өйткені, Білім министрлігінің талабы солай. Биыл жүлдегерлерге жеңілдік жоқ.

Мұхтар Есқалиев, Қазақтың спорт және туризм академиясының бірінші проректоры:

- Қиындау боп тұр енді қазіргі жағдай. Кері әсер беретінін сөзсіз. Неге десеңіз, бұл болашағымыз жастар. Болашақ нағыз мамандар осы спортшылардың арасынан шығады. Жаңа мектеп бітіріп келген, спорттан қашық балалардан емес. Тағы да хат жолдадық жақын арада. Мен өз басым барып, Білім министрлігінде болып, білім департаменті бар сол жерге барып сол хатты тіркетіп апарып өткізіп кеттім министрлікке. Осы балалардың мәселесі шешіледі ме деген үміттеміз.

Ал чемпиондар болса, кімге үміт артарын білмей отыр. Бұл мәселені Ермахан Ибрагимов бастаған бір топ спорт қайраткері ҰБТ басталмай жатып көтерген еді. Алайда, спорт саласының нағыз жанашырларының сөзін елеген ешкім болған жоқ.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер