русский язык
Футбол

Таққа талас. Абрамовтың орнына кім келеді?

Таққа талас. Абрамовтың орнына кім келеді?

Қазақстан футболының жаңа маусымы үлкен даумен басталды. Күні кеше ғана «Астана» ФК жаңа бапкері болып тағайындалған Вадим Абрамов бірнеше күн жаттығу өткізген соң отанына тайып тұрды.

Өзбек бапкеріне ойыншылармен де толық таныса алмады. Фокси, Сисеру мен Зелао сынды демалыстан әлі оралмаған легионерлер бапкердің түрін де көрген жоқ.

Жетекші қазақ ойыншыларының командадан кетуі клуб президенті Есмухамбет Спановтың намысына тиген болса керек. Бес легионерден басқа кім шығарады алаңға? Пикалкин мен Горячий ма? Ойыншылардың намысына тигеніміз емес, бірақ аталған футболшылармен көздеген мақсатқа жету қиын. Команданы алға жетелейтін мықты қазақ ойыншылары керек. Қазіргі таңда тек қана Қайрат Нұрдаулетов пен Ненад Эричті ғана сондай ойыншылардың қатарына жатқызуға болады. Бірақ ол жеткіліксіз. Командадан бірқатар жетекші ойыншылар кетті (Қонысбаев, Остапенко, Нөсербаев, Дмитренко, Пасичник) бұл команда басшылығы үшін шешілмейтін мәселе болған секілді. Қалай болғаны бұл? Ертең Фокси, Зелао мен Твумасиің де команданы тастап кете береді...

Командада өзгеріс боларын бәрі білген. Десек те Вадим Абрамовқа жаның ашиды. Бапкер командамен келісімшартқа отырмай жұмысқа кірісіпті. Тек қана «Астананың» бұрынғы президентімен ауызша келісім болған көрінеді. Осылайша, «Астана» клубы жаттықтырушымен ресми келісімге келмей оны жұмысқа қабылдағанын мәлімдеді. Күлкілі жағдай. 

БАҚ өкілдері команданы Станислав Черчесов қолға алуы мүмкін дейді. Бұл сөз шындыққа жанасса Абрамовтың кеткеніне өкінбейміз. Станислав Саламович - тәжірибелі, беделі жоғары тұлға. Ресей чемпионатында командасы жетінші орында келе жатыр. Бұған да сеніңкіреу қиын. Тәп-тәур ойнап жүрген «Амкарды» тастап Қазақстанға аттанады ма ол бапкер? Дегенмен, «Астана» футбол клубы президенттік екенін ұмытпауымыз керек.  Черчесов болмаса, Иоана Андоне қайтадан келеді деген сыбыстар бар. Ол қазіргі кезде ешқайда жұмыс істемейтіні белгілі. Мұның алдында «Астана» ПКСК президенті Бақтияр Артаев румын маманына жаңа келісімшарт ұсынғанын айтқан болатын. Бірақ орнына Абрамов келді. Қос бапкермен әр түрлі адамдар келіссөз жүргізген көрінеді. Түсініксіз... Жағдайдың қалай болғаны бір құдайға мәлім.

Мұндай олқылықтар клубтың беделін төмендетіп келбетіне дақ түсіретіні анық. Келесі бапкердің есімі де аталар жақын күндері. Алайда елордалық команда алдағы жылы халықаралық аренада ел намысын қорғайтынын ұмытпаған абзал. 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;