Бокс

Мырзағали Айтжанов: Азия ойындарынан екі алтын медаль күтіңіздер

Мырзағали Айтжанов: Азия ойындарынан екі алтын медаль күтіңіздер
news-banner7
mobile-news-top

Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Азия ойындарына қатысатын боксшылардың ашық жаттығу жиынында шәкірттерінің Джакартадан қанша медальмен оралуға қауқарлы екенін айтты.

«Азия ойындары – кіші Олимпиада. Мұнда да олимпиада ауылы секілді ауыл бар. Жарыстар барлық спорт түрінен өтеді. Биыл 18-рет өтіп жатыр. Бізге Еуропа елдері қызғанышпен қарап отыр. «Азиаттар спортта алысқа кетті», дейді. Еуропа ойындарын олар бірінші рет Әзербайжанда өткізді. Ал біздікі 18-рет өтпекші. Сол себепті Азия спорты дамып жатқанын көруге болады», - деді бас бапкер.

Сондай-ақ, Джакартаға жеті боксшы апара жатқан Айтжанов қанша медальмен елге оралуы мүмкін екенін айтты.

«Азия ойындарында боксшылардан екі алтын медаль, жалпы 4-5 медаль күтіп отырмыз. Жанкүйерлер бізден үміт күтеді, сол себепті толықтай беріліп, осыны орындауға күш саламыз. Қазақстан боксы 85 жылдан бері жасап келе жатыр. Бізге дейін осындай жол салып берді. Сол себепті Қазақстан әлемде мықтылардың бірі. Неге десеңіз, бірінші кезекте – патриотизм, елге деген махаббат, жер көлемі бойынша тоғызыншы орында тұрған соң ата-бабамыз бұл жерді жәйдан-жай қалдырмаған шығар, олар да күресті. Ал қазіргілердің батырлары туымызды көтеріп, әнұранымызды шырқататын спортшылар болып отыр», - деп жауап берді Айтжанов.

Сонымен қатар, бас бапкер бұл жолы неліктен Беларуссия құрамасының боксшыларымен бірге оқу-жаттығу жиынын өткізіп отырғанын түсіндірді.

«Белоруссиямен жаттығудағы себебіміз, көптеген командалар бізбен жаттыққысы келеді. Сол себепті олар бізбен оқу-жаттығу жиынын өткізгісі келді. Бұл бізге кедергі келтірмейді. Азия ойындарына дайындалып жатқан соң боксшылардың спарринг серігі әртүрлі болуы тиіс. 2014 жылы Инчхон алдында Ресей құрамасымен дайындалдық. Олимпиада алдында Куба, Америка, Германиямен бірге жаттықтық. Әр жыл сайын кемінде 2-3 оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Биыл Англия, Америка құрамасымен өткіздік. Бұл өз кезегінде жемісін береді», - деді ол.

Боксшылардан сұрағанымызда бапкерлердің оларға жылқының еті мен қымызын беретінін айтты. Осы орайда Айтжанов та жылқы етінің спортшыларға көмектесетінін жеткізді.

«Ол – біздің допингіміз. Біз допинг қолданбаймыз. Ал қазы, жылқының еті біздің допингіміз, басқа ештеңе жоқ. 80 жылдан астам уақытта бірде бір боксшы допингпен ұсталмады. Біздің допинг табиғи, химиялық емес. Ал Джакартаға қанша апаратынымыз құпия», - деді ол.

Еске сала кетсек, Азия ойындары Индонезия астанасы Джакартада 18 тамыз күні басталады. Ал боксшылар рингке 24 тамыздан бастап көтеріледі. Ал финалдық жекпе жектер 1 қыркүйек күні өтеді. Қазақстан құрамасынан Азия ойындарына бокстан 49 келіде Теміртас Жүсіпов, 52 келіде Азат Махметов, 56 келіде Қайрат Ерәлиев, 60 келіде Саматәлі Төлтаев, 64 келіде Бекдәулет Ибрагимов, 69 келіде Асланбек Шымбергенов және 74 келіде Әбілхан Аманқұл қатысады.

Түпнұсқасы: baq.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер