Бокс

Сергей Ковалев бокспен қоштаспайтын болды

Сергей Ковалев бокспен қоштаспайтын болды
news-banner7
mobile-news-top

Өткен жексенбіде Элейдер Альварестен нокаутпен ұтылып, WBO белбеуінен айрылып қалған Сергей Ковалев былғары қолғабын шегеге ілмейтін болды. Барлығын ой елегінен өткізген ресейлік боксшы қайта колумбиялықпен кездесіп, чемпиондық атағын қайтарып алғысы келеді.

Естеріңізге сала кетейік, Элейдермен өткен жекпе-жекте «Крашер» 7-ші раундқа дейін тізгінді қолынан шығармай, төрешілердің шешімімен жеңіп жатқан. Кенет, колумбиялық төбелеске көшіп, оң қолымен құлаштап соқты да, Ковалевті жамбасқа отырғызды. Көп ұзамай, сериялық шабуылдардан кейін ресейлік боксшы тағы да нокдаун алды. Ал үшінші рет ауыр соққы алған экс-чемпион орнынан тек төрешінің сүйемелдеуімен ғана көтерілді.

Бұл нокаут Ковалевке өте ауыр тиді. Жекпе-жектен кейін боксты қоятынын мәлімдеп, ендігәрі шаршы алаңға қайта шықпастай болды. Оның бұл шешіміне құрметпен қарап, дұрыс дескендер көп еді. Өйткені, «Крашердің», шынымен, соңғы кездері шау тартып қалғаны байқалған-ды. Алайда, араға үш күн салып, ресейлік боксшы «инстаграмдағы» ресми парақшасы арқылы жанкүйерлерге үндеу арнап, бокспен қоштаспайтындығын мәлімдеді. Енді ол Элейдер Альвареспен қайта кездесіп, чемпиондық белбеуін тартып алуға тырыспақ.

Оның бұл шешімін промоутері Кэти Дува да құптап отыр. Оның үстіне, Ковалев пен Альварес арасындағы келісімшартта қарымта айқас туралы пункт те бар екен. Тек жеке бапкерін ауыстыруға кеңес берді.

– Ол қазір баяғы 20 жасындағыдай емес. Жаттығуды да басқаша жасауы қажет. Тамақтануы да бөлек болуы тиіс. Оған жасы келген боксшыларды жаттықтыра алатын бапкер табу керек. Шыдамдылықты да күшейткені абзал болар. Әйтпесе, күші бар кезде тамаша жұдырықтасты да, бір мезетте шаршап қалды. Екі аптадан кейін Сергей де, менеджері Эгис Климас та демалыстан шығады. Сол кезде бәріміз жиналып, алдағы айқастар туралы ақылдасамыз, – деді Кэти Дува.

Айта кеткеніміз жөн болар, Ковалевке алты айға дейін шаршы алаңа шығуға болмайды. Тиым салынған. Яғни, былғары қолғабын 2019 жылдың ақпанында ғана қайта кие алады. Ал Элейдер Альварес келесі жекпе-жегін желтоқсан айында өткізуді жоспарлап отыр.

Түпнұсқасы: diamondring.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер