«Қайрат» сырт алаңда «Сигмадан» жеңілді

«Қайрат» сырт алаңда «Сигмадан» жеңілді
news-banner7
mobile-news-top

Бүгін Еуропа лигасы үшінші іріктеу кезеңі аясында алматылық «Қайрат» сырт алаңда Чехияның «Сигма» командасымен кездесті, деп жазады prosports.kz сайты.

Екінші айналымда азулы «АЗ Алкмар» командасын артқа тастаған алматылықтар Чехия жеріне үлкен үмітпен аттанған болатын. Елде қалған жанкүйерлер де, мамандар да Карлос Алос бастаған жігіттердің жақсы өнер көрсетіп қайтарына сенген.

Алайда, Оломоуц қаласындағы ойын біз күткендей басталмады. Алаң иелерінің тегеурінді шабуылдарына «Қайрат» ойыншылары қарымта шабуылмен ғана жауап қайтарып жатты.

Әр ойын сайын негізгі құрам ойыншыларын сапырылыстыра беретін Карлос Феррер бүгін де өзінше өзгеріс енгізіп көрді. Қорғаныстың оң қапталына қосалқы құрам орындығын тоздырып жүрген Лунинді шығарып үлкен қателік жасады. Не қорғанысқа, не шабуылға үлгірмеген «Қайраттың» 17-ші номері бүкіл бір қапталды салдандырып тастады.

Ойынның 21-ші минутында чехиялықтар Андрей Аршавиннің қорғанысқа қайтып үлгірмеген қателігін пайдаланып, оң қапталдан қарымта шабуылға шықты, айып алаңы маңындағы допқа таласта жеңімпаз болған жартылай қорғаушы Сладки алыстан әдемі соққы бағыттап есеп ашты.

Алматылықтар үшін бұл бірінші таймдағы соңғы соққы емес болатын. 38 минутта қақпашымен бірге-бір шығып бара жатқан қарсылас шабуылшысымен қатарласа жүгірген Сүйімбаевті төреші қызыл қағаз көрсетіп, алаңнан қуып шықты. Он ойыншымен қалған қонақтар алғашқы таймның қалған бөлігін қорғаныспен өткізді.

Негізгі құрамға ойыншы таңдаудан қателескен Карлос бапкер екінші таймда да қателігінің орнын түзеген жоқ. Бір қорғаушының алаңнан қуылғанын ескеріп, қорғаныс шебін күшейткеннің орнына өзіміздің жарты алаңға жоламайтын Аршавинді алмастырған жоқ. Тоғыз футболшының қорғанысын бұйым құрлы көрмеген алаң иелері екінші тайм бастала сала есепті 2:0-ге жеткізді. Осыдан кейін ғана ес жинаған испаниялық маман Аршавиннің орнына қорғаныс пен шабуылға қатар араласа алатын Қуатты шығарды.

Біздің қуанышымызға орай ойынның 68-ші минутында «Сигма» сапынан да бір ойыншы (Вепршек) алаңнан қуылды. Осыдан кейін ғана алматылықтар допты өз бақылауында ұстай бастады. Алайда, гол соғудың еш мүмкіндігі болмады. «Қайраттың» тоқсан минут бойы жасаған жалғыз қауіпті сәті Хуан Филипе орындаған айып добының қақпа маңдайшасына тигені ғана болды.

Сөйтіп, бас бапкер Карлос Алос Феррерден кеткен тактикалық қателіктің кесірінен «Қайрат» сырт алаңда оңбай таяқ жеп қайтты.

Еуропа лигасы. Үшінші іріктеу кезеңі
«Сигма» - «Қайрат» 2:0 (1:0)

Гол соққандар: Сладки 21, Пиларж 50

«Сигма»: Бухта (Қ), Емелка, Плшек, Пиларж, Гоуска, Штерба, Фалта, Вепршек (К), Калвач, Нешпор, Сладки.

«Қайрат»: Плотников (Қ), Бато, Сүйімбаев, Исламхан (К), Исаэл, Лунин, Эсеола, Элек, Политевич, Аршавин, Хуан Фелипе.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер