Жеңіл атлетика

Қазақстандық атлеттер Малайзияда оқу-жаттығу жиынын өткізеді

news-banner7
mobile-news-top

9 тамыз күні сағат 23.40-та Алматы әуежайынан Қазақстан жеңіл атлеттері Малайзияға аттанады. Григоргий Егоров бастаған ұлттық құрама 22 тамызға дейін сонда оқу-жаттығу жиынын өткізеді.

Жакартадағы Азия ойындарында жеңіл атлетика сайыстары 25 тамызда басталады. Сондықтан 22 тамызға дейін спортшыларымыз Куала-Лумпурде дайындалады.

Құрама сапында Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да бар. Спортшы алғашында екі сайыс бойынша өнер көрсетуді жоспарлаған. Яғни үш қарғып секіруден бөлек, ұзындыққа секіруден де қатыспақ болған. Дегенмен, 6 тамыз күні Рыпакова тек үш қарғып секіруден бақ сынайтынын айтты.

Малайзиядағы оқу-жаттығу жиынына баратындардың қатарында Рыпаковадан бөлек, осыған дейін Инчхондағы Азия ойындарында жеңіске жеткен Маргарита Мұқашева мен Ольга Сафронова да бар.

Ал марафоншы Гүлжанат Жанатбек Кенияда жаттығып жүрсе, спорттық жүрістен өнер көрсететін Айман Ратова мен Диана Айдосова Жакартаға бірден Алматыдан ұшып келеді. Сондай-ақ марафоншы Михаил Красилов пен биіктікке секіруші Антон Боднар да Малайзияда болмайды. Куала-Лумпурдегі оқу-жаттығу жиынына жалпы саны 27 спортшы қатысады.

Спортшылар Азия ойындарына дайындалу үшін Қазақстан құрамасының бапкерлер штабы Куала-Лумпурдағы Perbadanan Stadium Malaysia атты ұлттық стадионды таңдады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер